51129
Абай атындағы университет үздіктер қатарына енді
Абай атындағы университет үздіктер қатарына енді
Абай университеті екі бағдарлама бойынша QS World University Ranking by Subject-2021 рейтингінде топ-250 үздіктер қатарына енді.
Абай атындағы ҚазҰПУ алғаш рет «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингіне енгізіліп, республикадағы ғана емес, ТМД-дағы педагогикалық университеттер арасында өз позициясын нығайтты.
Абай атындағы ҚазҰПУ (Abai University) өзінің 2020-2025 жылдарға арналған басты стратегиялық даму мақсаттарын және ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану міндетін жүзеге асыра отырып, «QS World University Ranking by Subject 2021» әлемдік пәндік рейтингтегі қадамын сәтті бастады. Абай университеті 201-250 пәндік рейтинг тобына «Ағылшын тілі мен әдебиеті» және «Білім беру» мамандықтары (Subject) бойынша енді.
«QS World University Ranking by Subject 2021» әлемдік рейтингісінде әлемнің 157 мемлекетінің 1453 университеті бес бағыт, 51 пән (мамандық) бойынша талданды. Абай атындағы ҚазҰПУ - Қазақстан Республикасындағы жоғарғы оқу орындары арасында «Білім беру» мамандығы бойынша пәндік рейтингке енген жалғыз жоғарғы оқу орны.
Рейтингтің әдіснамасы төрт басты көрсеткішке негізделген: университеттің пәндік (салалық) Хирша индексі; пән (сала) бойынша жарияланымдар дәйексөздерінің таралымы; жұмыс берушілер алдындағы бедел; академиялық қауымдастық алдындағы бедел. QS «WUR by Subject 2021» пәндік рейтингісінде университеттің пәндік (салалық) Хирша индексі; пән (сала) бойынша жарияланымдар дәйексөздерінің таралымы «Scopus» ғылыми метрикалық деректер базасынан алынған 13,9 миллионнан астам мақаланы (81 миллион рет дәйектелген) талдау негізінде жасалды. Сонымен қатар рейтинг 100 мыңнан астам оқытушы мен 50 мыңнан астам жұмыс берушінің пікірін есепке ала отырып жасалғанын да атап кеткен жөн.
«Ағылшын тілі мен әдебиеті» мамандығы әлем бойынша 201-250 орынға, қазақстандық жоғарғы оқу орындары арасында екінші орынға шықты, ал «Білім беру» мамандығы әлем бойынша 201-250 орынды иеленіп, қазақстандық жоғарғы оқу орындары арасында бірінші орыннан көрінді.