807
Қысқа жіп күрмеуге келмей...
Қысқа жіп күрмеуге келмей...
Былтыр жыл соңында Дүниежүзілік банк Қазақстанда кедейлер саны 1,5 млн адамға көбеюі мүмкін деген болжам жасады. Сарапшылар 2020 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы тұрғындары дағдарыстан көп зардап шеккенін атап өтті. Өйткені бұл қалаларда қызмет көрсету, қонақүй, мейрамхана, сауда және транспорттың үлкен шоғыры орналасқан. COVID-19 салдарынан мегаполистегі әр отбасы сәуір айындағы айлық табысының ширек бөлігін жоғалтқан.
Алайда банк есебіне сай 2021 жылы экономикада аздаған даму байқалады және бұл құбылыс 2022 жылы көтеріледі делінген. Биыл экспортқа сұраныстың артуы, ішкі экономикалық белсенділіктің қалпына келуі мен қолда бар табыстың көбеюі нәтижесінде ел экономикасы 2,5 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Сондай-ақ вакцина егу жұмыстарының сәтті жүргізілуі 2022 жылы экономикалық өсімнің даму қарқынын күшейтеді деп болжанып отыр.
Коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шаралары әлем елдерінде жұмыссыздар санын арттырды. Халықаралық еңбек ұйымы коронадағдарыс салдарынан әлемде жұмыссыздар саны 800 млн-ға жетуі мүмкін деп мәлімдеген болатын. Ұйым 2020 жылдың басында алғашқы 6 айға жасаған болжамында 305 млн азамат жұмыссыз қалатынын есептеген болатын. Бірақ шындығында әлемде 400 млн адам тұрақты табыс көзінен айырылды. Әлем елдері жұмыссыздықпен әртүрлі жолмен күресіп келеді.
Қазақстан Үкіметі карантин енгізілгелі бері жұмыссыз азаматтар жұмысқа тұрып кеткенге дейін Атаулы әлеуметтік көмек тағайындады. 2021 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 32,1 млрд теңге, оның ішінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге – 25,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына 6,7 млрд теңге төленді. Биылғы I тоқсандағы жағдай бойынша 106 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Осы орайда «Атаулы әлеуметтік көмек алатындар кедейлік санатына жата ма?» деген сұрақ туындайды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Мемлекеттен жәрдемақы алып отырғандар кедейлік санатына жатады» деп есептейді. Өйткені бізде кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі.
Елімізде халықты жұмыспен қамту шаралары қолға алынып, бағдарламалар іске асырылғанымен, кедейлер саны азаймай тұр. Экономистердің пікірінше, халықты АӘК арқылы қолдау жеткіліксіз, бұл жағдай қазақстандықтарға кедейліктен құтылуға көмектеспейді. Өйткені қазіргі кедейлік жұмыссыздықтан ғана емес, табыстың төмендігінен туып отыр.
Былтырғы наурыз айына дейін Үкімет ай сайын 572 мың адамға Атаулы әлеуметтік көмек беріп келген. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жыл ішінде өзгермеген. Жәрдемақы төлеу талаптарын өзгертуді тапсырғанда Елбасы Н.Назарбаев атаулы көмекпен 830 мың адам қамтылатынын айтқан болатын. Алайда төрт айдың ішінде Үкімет көмегіне мұқтаждар саны болжамнан екі есе көп болып шықты. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны бес айда үш есе өсті.
Әрбір үшінші қазақстандық – кедей
Деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 80 пайызы жалақыдан жалақыға жығылып жетеді, яғни олардың келер күнге ақша жинау мүмкіндігі жоқ. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров: «Қазақстандағы кедейшілік жұмыссыздықтан емес, табыстың төмендігінен туып отыр. Себебі бізде жұмыс істеп жүрген адамдардың өзі кедейшілікте өмір сүреді. Бұған дейін өмір сүру деңгейі орташа саналған адамдар кедейлер қатарына қосылуда. Көпшілік өмір сапасын несиелендіру институттары арқылы сақтап қалуға тырысуда. Алайда бұл қадам адамдарды қарызға батырып жатыр» деп мәлімдеген болатын.
Депутаттың сөзінің жаны бар. Былтыр ranking.kz Статистика агенттігіне сілтеме жасай отырып, жұмысқа орналасқан қазақстандықтардың жартысының (3,3 млн) жалақысы 112 мыңнан төмен және ең көп таралған айлық көлемі бар-жоғы 58 мың теңге екені туралы дерек келтірген болатын.
Мысалы, бір отбасының тоңазытқышы күйіп кетті делік. Жаңасын сатып алу үшін бірнеше ай ақша жинау керек немесе несие рәсімдейді. Яғни, бұл отбасы кедей санатына енеді. Сандарды сөйлетсек, бұл экономикалық белсенді халықтың 70 пайызын құрайды. Ал Еуропалық комиссияның есебі бойынша, қазақстандықтардың 50 пайызынан астамы табысының 54 пайызынан артық бөлігін азық-түлікке жұмсайды екен. Тұтынушылық несиенің артуы да осыны дәлелдейді.
Елімізде тұрақты жұмыс көзі жоқ жұмыссыздармен қатар «жұмыс істейтін кедейлер» саны көп. «Жұмыс істейтін кедейлер» дегеніміз – тұрақты жұмысы бар, алайда жалақысы 112 мыңнан төмен, шамамен 75 мың теңге көлемінде айлық алатындар.
«Жұмыс істейтін кедейлерге» өз мамандығы бойынша біліктілігі жоғары педагог, дәрігер, мәдениет және ғылым қызметкерлері сынды «айлығы шайлығынан артылмайтындар» жатады.
Экономика сарапшысы Сергей Домнин елімізде ресми жұмыс істейтіндер саны – 2,8 млн адам болса, оның 46 пайызы айына 105 мың теңгеге жетпейтін жалақы алатынын айтады. Салаларға бөліп айтатын болсақ: 65 пайызы – ауыл шаруашылығында, 27 пайызы өңдеу өнеркәсібінде істейді. Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 28 пайызы, Солтүстік Қазақстан халқының 57 пайызы айына 105 мың теңгеге жетпейтін жалақы алады. Яғни, жұмыс істейтін әрбір үшінші қазақстандық – кедей.
Кедейлікпен күрес
Адамзат үшінші мыңжылдыққа аяқ басса да кедейлік, індет пен соғыс мәселесі мүлдем жойылып кеткен жоқ. Кедейлік ХХ ғасырда Қытай халқының, орта ғасырларда Үндістан тұрғындары мен Ежелгі Мысыр жұртының алдында тұрды. Әр заманның адамдары әлеуметтік жүйелердің сан түрін ойлап тапқанымен, бәрібір кедейлік, індет пен соғыстан құтыла алмады. Алайда кедейлікпен күресте түбегейлі өзгерістерге қол жеткізген елдер бар. Осы ретте Қытайды айрықша атап өтуге болады.
Тарихшы-медиевист, Иерусалимдегі Еуропа университеті тарих факультетінің профессоры Ювал Ноаһ Харари «Болашақтың қысқаша тарихы» атты кітабында: «Сары император мен қызыл коммунистерге дейінгі аралықтағы әр билеушінің тұсында Қытай халқы аштықтан зардап шегіп келді. Бірнеше ондаған жыл бұрын ғана Қытай азық-түлік жұтаңдығының нағыз орталығындай көрінген. Үлкен секіріс кезеңінің өзінде 10 миллионға жуық қытай қайтыс болып, сарапшылар жағдай қиындай түседі деген болжам жасаған. 1974 жылы өткен алғашқы Азық-түлік конференциясында зәрені алатын ақырзаман сценарийлері айтылды. Баяндамашылар «Қытай миллиард адамды асырай алмайды, ендеше әлемдегі ең халқы көп ел құрдым алдында тұр» деген болжам жасады. Шынтуайтында, Қытай экономикалық кереметтер алдында тұрған еді. 1974 жылдан бері жүздеген миллион қытай кедейліктен құтылды. Рас, мұқтаждық көріп, тамаққа жарымай отырған әлі жүздеген миллион қытай бар десек те, бұл ел – аштықты жеңе білген алғашқы мемлекет» деп жазады.
Биыл қаңтар айында ҚХР басшысы Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті толық еңсергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 98,9 млн ауыл тұрғыны мен 128 мың ауыл кедейліктен құтылған. 2012 жылдың соңынан бері 9,6 млн адам жағдайы нашар аудандардан басқа жаққа көшірілген. Былтыр 1 миллионға жуық тұрғынға таза ауызсу жеткізілген. Алыс елді мекендерге апаратын жаңа жолдардың ұзындығы 4,2 миллион шақырымды құрады.
Коронавирус Қытайдан тарағанына қарамастан, ел билігі бірнеше жылға созылып келген кедейлікті еңсеріп отыр. Осы ретте «Қазақстан кедейлікпен қалай күресуі керек» деген маңызды сауалдың бір жауабын жоғарыда атап өттік.
Ол – тұрғындардың жалақысын көтеру.
Дүниежүзілік банк сарапшылары кедейлікпен күресудің бір жолы – тұрғын үй бағасын төмендету деп есептейді. Банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтц адамдар баспана үшін табысының 30 пайыздан аспайтын бөлігін жұмсауы тиіс дейді. Алайда қазақстандықтардың 60-70 пайызы айлық табысының жартысына жуығын тұрғын үйге жұмсайды.
Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй бағасы Сан-Франциско, Сидней және Ванкувер сынды әлемдегі ең қымбат мегаполистерге қарағанда әлдеқайда қымбат екені бұрыннан айтылып жүр. Биылдан бастап ел Үкіметі азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын мерзімінен бұрын алуға рұқсат берген соң тұрғын үй бағасы тіптен шарықтап кетті. Бұл жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жылжымайтын мүлік нарығында бағаны ұстап тұру үшін қажет шаралар қабылдау керек. Мемлекеттік органдар халық пен құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар операцияларды тоқтатуы керек», – деді Үкімет отырысында. Алайда тұрғын үй бағасы күн сайын қымбаттап, зейнетақы қорындағы қаржы құнсызданып барады.
Жақында Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров әрбір қазақстандыққа 20 сотық жер бөлу арқылы Қазақстанда кедейлікпен күресуге және ауқатты қоғам құруға болады деп мәлімдеді.
«Байлықтың маңызды бір өлшемі – лайықты тұрғын үй, өз жерінде өз үйін салу мүмкіндігінің болуы. Бұл — отбасылық және әлеуметтік-материалдық әл-ауқаттың негізі. Мәжілісте Қазақстанда тұрғын үй бағдарламалары көп қабылданғаны және оған қомақты қаражат бөлініп жатқаны сөз болғанымен, орта отбасын баспанамен қамтамасыз ету бойынша мақсат қойылмайды, – деді депутат.
Мақсат СЕРӘЛІ, экономист:
Жұмыссыздықпен статистика жүзінде емес,
нақты күресу керек
– Пандемияға байланысты карантин шаралары қатаңдатылғалы бері бір жылдай уақыт өтті. Осы аралықта еліміздің шағын және орта бизнес саласы айтарлықтай зардап шекті. Өңірлердегі негізгі табыс көзі саналатын мейрамхана, кафе, тойханалардың жабылуы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға ауыр соққы болып тиді. Бұдан бөлек, қызмет көрсету саласы, сән салоны, оқыту орталығында жұмыс істейтін қызметкерлер табысынан айырылды. Жұмыссыз қалған халықтың басым бөлігі ауылға барды. Ауылда да күн көру үшін бір нәрсемен айналысу керек қой. Бірақ ауылда не жұмыс болсын? Осылайша, ауылда да жұмыссыздар саны көбейді. Өйткені біздің елде ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз ететін механизм жоқ. Біздің Үкімет пандемия кезінде жастар практикасы сынды жобаларды енгізіп, ауыл шаруашылығына қатысты қысқамерзімді онлайн курстар өткізіп, ауылға қайтып келген жастарды жұмыспен қамту жолдарын қарастыруы керек болатын. Жастарды жұмыссыз ретінде тіркеп, 555 мың теңгеден қайтарымсыз, тегін гранттарды алуына жағдай жасап, жобаларын іске қосса, жұмыссыздықпен нақты күресетін еді. Алайда мұның бірі жасалған жоқ. Енді наурыз айынан бастап карантин шаралары жеңілдесе, ауылдағы жұмыссыз жастар қайтадан қалаға ағылады. Осыған дейінгі сценарий тағы да қайталанады. Біздің мемлекетке экономикалық тұрғыдан ары қарай даму үшін серпіліс керек. Табыс көзінен айырылғандарға пандемияға дейін алып жүрген жалақыға жету үшін әлі кемінде жарты жыл уақыт қажет. Пандемияның қай кезде аяқталатынын білмегендіктен, әлі де жұмыссыз қалу қаупі өте жоғары. Бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар қазір тоқтап қалған бизнесіне салық есептерін 0-мен тапсырады, яғни табыс жоқ. Оларды да жұмыссыздар қатарына енгізген дұрыс. Дүниежүзілік банк кедейлік деңгейін нақты фактімен есептейді. Тұрақты табыс көзінен айырылғандармен қатар, бизнесі тоқтап тұрған кәсіпкерлерді де есепке алады. Мысалы, фрилансер бір ай жұмыс істесе, екі ай бос отыруы мүмкін. Олар да жұмыссыздар қатарына кіреді. Ал біздің өңірлер облысқа, облыс республикаға есеп берер кезде жұмыссыздық деңгейін барынша азайтып көрсетеді. Яғни, статистиканы қолдан бұрмалайды. Көрсеткішті жақсарту үшін ауданымызда жұмыссыздық деңгейі 1 пайыз, ары кетсе 5 пайыз деп есеп береді. Шынтуайтына келгенде, ауыл халқының кем дегенде 30-50 пайызы жұмыссыз. Оны көзіміз көріп отыр. Қалалықтардың да мұрты майланып жүргені шамалы. Айлық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке, 20 пайызы қоммуналдық қызметке, қалған 30 пайызы киімі мен жүріс-тұрысына кетеді. Яғни, халықтың қор жинауға мүмкіншілігі жоқ. Қарапайым мысал, көптеген қазақстандықтарға тұрғын үйдің бастапқы 10-20 пайыз жарнасын жинау қиын болып тұр. Үкімет жоғарыда аталған фактілермен күресуге күш салуы керек. Кедейлікпен күресте мемлекет тарапынан тиімді механизм болуы тиіс. Мәселен, ауылдан келген бала жұмыспен қамту орталығына тіркелмейді. Өйткені жұмыспен қамту орталығының механизмі дұрыс жасалмаған. Жұмыссыз ретінде тіркелгендерге жалақысы 60-70 мың теңге көлеміндегі өте ауыр жұмысты ұсынады. Жастар ондай жұмысқа бармайды. Оларға жұмыс ұсынар кезде жұмыс күші емес, экономикалық ресурс ретінде қарау керек.