983
Рухани жаңғыру − рух тазалығына ұмтылу
Рухани жаңғыру − рух тазалығына ұмтылу

Әр дәуір өз жаңалығымен келеді десек те, ұлт ретінде қалыптасқан халықтың өзгермейтін бір талабы болады, ол − рухани тұрғыдағы біртектіліктен ажырамау. Елді ел ететін болмыстың осындай сергектігі болғанмен алақұйын замандардың екпініне шыдас бере алмай, құндылықтары ауысып кетіп жататын кезеңде түпкі негізді еске салып, жадыны жаңғыртып отыру өте маңызды. Сондықтан Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бізде сондай зәрулікті тез аңғарып, жедел іске асырылған бірнеше жоба жасалды. Соның арасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мәні зор болғаны анық.
«Рухани жаңғыру» − 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра», 2013 жылы қабылданған «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасындай көрінгенімен, ауқымы жағынан кең және жан-жақты болды. Елбасы айтқандай, «Мәдени мұра» арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық». Ал «Рухани жаңғыру» арқылы ұлт Көшбасшысы «мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы бұрынғылардың бәрінен ауқымды және іргелі жұмыстарды бастау керек» екенін көрсетті.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы үлкен екі бөлімнен құралған. Алғашқы бөлімінде «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» жан-жақты мәселе көтеріліп, барлық істі бастауға «Прагматизм» керектігі ескертіліп, «Ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесінде ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтыны және алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керектігі» айтылды. Одан әрі «табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі» үшін «Білімнің салтанат құруы» қажеттігі сөз болса, «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» − «тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білуге» жеткізетіні саралана келе, осы айтылғандардың бәріне жеткізетін «Сананың ашықтығы» екені дәлелденді.
Ал екінші бөлімде «Таяу жылдардағы міндеттер» сараланып, онда «қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керектігі; «қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу» қажеттігі, сондай-ақ «білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейтін» «Туған жер» бағдарламасын қолға алу, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау, «бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аудару» үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Осынша ауқымды әрі өте маңызды шараларды жоспарлы түрде өз дәрежесінде орындап шығу үшін еліміздің барлық саласындағы интеллектуалдық күштер жұмылдырылып, жақсы жетістікке жете білдік. «Рухани жаңғыру» тақырыбымен, әсіресе гуманитарлық салаларда үлкен жұмыс атқарылды.
Шынын айту керек, әлемді алақандай гаджетке сыйғызған мынау жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтап қалу жолында осындай терең ойластырылған бағдарламаның жасалып, жүзеге асуы – Қазақстан секілді дамушы жас мемлекет үшін айта қаларлық табыс.
«Рухани жаңғыру» аясында жасалған нәрселердің бәрі де уақытша емес, елдің өркендеуіне ғасырлап пайдасын тигізетін игіліктер болды. Сондықтан бүгінде еліміздің кез келген азаматы «Рухани жаңғыру» мәселесін жеткілікті дәрежеде түсінетін жағдайға жетті. Себебі ол бүкілхалықтық сипат алған бағдарлама болды.
Осы орайда Елбасының «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек.
Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттің алдында тұр.
Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.
Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр» деуі бағдарламаның мән-маңызына ой жіберіп, парасатты пайымдаулар жасауға мүмкіндік береді.
Әрине, әрбір жоспардың, мемлекет келешегі үшін жасалатын түрлі бағдарламалардың әрекет ету шегі, мөлшерленген мезгілі болады. Бірақ «Рухани жаңғыруды» ондай ресурсы шектеулі шаралардың қатарына қоса алмаймыз. Сондықтан болар 2019 жылғы 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде мемлекет дамуының аса маңызды он бағыты туралы айта келіп: «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.
Қазақстанды болашаққа бастайтын − жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет» деген еді.
Мемлекет басшысының бұл сөзі «Рухани жаңғыру» үдерісінің әлі талай-талай белестерден асып, мемлекетіміздің кемелдене беруіне кепілдік боларын ұқтырса керек.
Дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетте өсемін деген ұлт әрдайым өз негізін ұмытпай, халық ретінде әлемдік қоғамдастыққа өз үнін естірте білсе, ол өзіндік бірегейлігін танытқаны. Оған жеткізетін рух тазалығына ұмтылу қасиеті. Бізде оған «Рухани жаңғыру» идеясы әрдайым ұстын бола алады.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:
Тарихымыз ерекше маңызға ие
Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы, халықаралық
«Алаш» сыйлығының лауреаты,
«Денсаулық» журналының бас редакторы:
Мақсаты айқын да өміршең жоба

– Тарихшылар арасында «Кешегі күн − бүгінгі тарих, бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген сөз бар. Еліміздің тәуелсіздігін жариялағалы бір ғасырдың үштен біріндей уақыт өтсе де, сол тарихи оқиғалардың куәгері болған біздер үшін, сол бір қуанышты сәттер күні кеше ғана болған сияқты болып көрінеді. Қазақ елі үшін тәуелсіздіктің әр күнінің тарихи маңызы бар десек қателеспейміз. Ал биыл еліміздің ең басты мерекесінің 30 жылдығын атап өткелі отырған кезеңде тарихшының көзімен өткен күндер мен жылдарға назар салсақ, ғасырларға тең келердей тарихи дәуірді өтіппіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы 30 жылдықты шартты түрде үш онжылдыққа бөліп, әрқайсысына қысқаша сипаттама береді де, үшінші кезеңде «мерейлі мемлекетке айналдық» деп жазады. Осы жылдары, яғни 2010-2020 жылдары нақты ұзақ мерзімге арналған жоспар қабылдап, мақсатымызды айқындадық, оны орындау үшін бірнеше арнайы бағдарламаларды жүзеге асыра бастадық. Солардың бірі – «Рухани жаңғыру» деп аталып, ел арасында кең қолдауға ие болған және Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламасы болатын. Осы жылы бұл бағдарламаға төрт жыл болады. Жыл сайын 12 сәуір қарсаңында осы бағдарламаның қалай орындалып жатқаны туралы ақпаратты баспасөз беттерінен оқып жатамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қабылдануы тәуелсіз Қазақ елінің 30 жылдық тарихындағы аса маңызды және елеулі оқиғалардың қатарына жатады. 30 жылдық кезеңнің екінші және үшінші кезеңдерінде рухани өмірімізді дамыту мен байытуға арналған бірнеше арнайы бағдарламалар жүзеге асырылды. Екінші онжылдығымызда (2004-2011 жылдары) мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылса, 2012-2014 жылдары – «Халық тарих толқынында» бағдарламасы, 2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел» идеясына негізделген бағдарлама орындалды. Аталған бағдарламаларға сабақтас ретінде 2017 жылдан бері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламада нақты бес тапсырманы жүзеге асыру міндеті қойылғаны белгілі. Олардың алғашқысы − қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары болатын. Алғашқы кезде қоғамда бұл қалай болады екен деген үміт басым болса, қазір қашан көшеді екенбіз деген күту басым секілді. Екінші міндет − «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша бүкіл әлем оқитын 100 оқулық іріктеліп, оларды қазақ тіліне аудару болса, олардың 70-80 пайызы орындалды деуге болады. Қазір қазақ жастары, тіпті үлкендер де гуманитарлық салада әлем мойындаған оқулықтармен сусындап, таным көкжиегін кеңейтіп жатыр деуге болады. Үшінші міндет − «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша да орталықтар мен өңірлерде тарихшыларымыз жергілікті биліктің қолдауымен белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бұл міндетті жүзеге асыру барысында ауылдық жерлердегі мектеп оқушылары өлке тарихымен терең танысуда. Қазір әлеуметтік желілер арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары сыныптардың белсенді оқушылары өз ауылдарындағы жергілікті тарихи тұлғалар, тарихи оқиғалар, тарихи мекендер туралы хабарлар түсіріп, оны таратып жүр. Бұл біз айтып отырған үшінші міндеттің, яғни «Рухани жаңғырудың» жүзеге асырыла бастағанының дәлелі болса керек. Келесі маңызды міндет – Қазақстанның киелі тарихи ескерткіштерінің белдеуін жасау болатын. Бұл міндет толығымен жүзеге асты деуге болады. Аталған міндетті орындау үшін арнайы мамандардан ғылыми мекеме құрылып, олар бірнеше жылда тарихи киелі ескерткіштердің жинағын шығарды. Бір өкініштісі, оның тиражы барлық ауылдарға жетті деуге болмайды. Қорыта келе айтарымыз, ел тәуелсіздігінің үшінші онжылдығындағы ауыз толтырып айтатын, тарихымызда ерекше маңызға ие болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының рухани өмірімізде алар орны ерекше. Бұл бағдарлама жоспарланғанындай толық жүзеге асқан кезде қазақ қоғамының рухани саласы сапа жағынан анағұрлым жоғары тұратынына сеніміміз мол.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аз сөзбен түйіндей қоятын «атқа жеңіл» шаруа емес. Бұл – жаңа тұрғыдағы жас мемлекеттің кешенді ұстанымы. Анығырақ айтқанда, бүгінгі ғана емес, Отанымыздың болашақтағы тыныс-тіршілігі, бағыты, бар болмысы. Біз жай құндылықтарымызды түгендеп қана қоймай, жаңа тұрпаттағы мемлекетті өркендетуге көмегі тиер барлық құндылықтарды іске қосуымыз қажет. Бұл жөнінен бағдарлама мақсаты айқын да өміршең. Шүкір, бағдарлама негізінде іске асырылған шаруалар көңіл қуантарлық. Шекарамыздан тыс қалған көптеген тарихи жәдігерліктер Отанымызға оралды (көшірмелері болса да). Ұлтымыздың алтын діңгегі –ауыз әдебиетінің 100 томдығы шықты. Дүниежүзінде мойындалған 100 оқулық аударылып, жоғары оқу орындарына жеткізілді. Тарихи атаулар бірте-бірте қалпына келіп жатыр. Ең бастысы, ұлы державалық өктемдіктен өрескел бұрмаланып келген тарихымыз өзінің табиғи тұрғысынан қайта түгенделіп, бағалана бастады. Бұрын қол жетпей келген сирек құжаттарды оқи алатын болдық. Мұның барлығы өз жұрты мен өз елін қадірлей білетін ұрпақ тәрбиелеу үшін керек. Ұлтын тани білмеген – ұл бола алар ма? Ұлт ретінде бар болмыс-бітімімізді түгендеу үшін қызмет еткен бұл жоба әлі де мән-мағынасын жойған жоқ. Қайта оны мақсаты мен мәні тұрғысынан әрі қарай кеңейтіп, жүйелі де тұрақты кешенге айналдыру ләзім. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демекші, бұл ретте қолда бағыт-бағдар бар. Осы бағдардың қадір-қасиетін кетіріп, жалаң ұранға айналдырып жібермей, жерге еккен дәндей баптап өсіріп, пайдалана білсек, кәне! Әдетте айы, күні, мерзімі белгіленген шаруалардың шалғайына шалағайлықтың да жабысып жүретіні бар. Ондайдан сақ болу керек. «Мәселен, осы жоба аясында жасалған оқулықтар жайында ойлағанда, тездетіп аударылған оқулықтарда асығыстық жоқ па, оларда айтылған нәрселер біздің менталитетімізге үйлесе ме? Бұрын қалыптасып қалған іргелі білімді ілгері дамыта аламыз ба?» деген сұрақтар туындайды. Аударма қай тілден аударылса да, көлденең көк аттыны емес, арнаулы кәсіби маманды талап етеді. Бұл кәсіптің жылдар бойы қалыптасқан мектебі болушы еді. Сондай нәрселер өз кезінде ескеріліп жатса, нәтиже ойдағыдай болары анық. Айналып келгенде, руханият дегеніңіз «айда-шап» ұрпақтың шаруасына жатпайды. Оның кесіп-пішіп тастайтын кесімді мерзімі де жоқ. Тұнып жылжи беретін мәңгілік ағыстар секілді адам санасына шым-шымдап баяу сіңе беретін құдірет. Сондықтан мұндай шаруаның басында жүрген азаматтарға саналы сабыр қажет, әрине жауапкершілік те. Қалай десек те, «Рухани жаңғыру» − жаңа ғасырда кемелденуге бет алған мемлекеттің ақыл-ойы тудырған парасатты дүние. Әдетте жақсы жоба, жетілген бағдарламалар өмірге келіп жатқанымен, оның бағдарымен жасалатын шаруалар аса көп бола бермейтіні бар. Ал мына бағдарлама әрі жақсы жасалған, әрі ол бойынша істелмек істер тұрақты түрде жүзеге асып, елдің рухани талап-тілегін ескерген күйде жасалды. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылы үшін елеулі жетістік екені даусыз.