261
Экология министрлігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатаң талаптар қойды
Экология министрлігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатаң талаптар қойды
Экология министрлігі "АрселорМиттал Теміртауға" Теміртауда 500 мың ағаш отырғызуды міндеттеді. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған брифинг барысында хабарланды.
Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпықар Жолдасов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да жақында болған апатты жағдайға қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Politic.
Комитет басшысының айтуынша, 19 ақпанда компанияның конверторлық цехтарының бірінде тазалау жабдығының жұмысында іркілістер болған. Салдарынан бір сағат ішінде газдың барлық көлемі қоршаған ортаға тазартусыз шығарылған. Аталған факті бойынша аумақтық экология департаменті жедел түрде жоспардан тыс тексеру жүргізді.
"Қазір біздің мамандар кәсіпорында тексеру жүргізілуде. Ең бастысы, біз келесі мәселелер бойынша шаралар қабылдаймыз: апат жайлы уақтылы хабарламау, нормативтерден асып кету, тазарту құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу, сараптамадан ауытқу", - деп атап өтті комитет төрағасы.
Ол сондай-ақ осы оқиғаға байланысты Экология министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының вице-президенті Вижай Гоял мырзамен кездескенін хабарлады. Кездесу барысында министр кәсіпорын өндірісін экологияландыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жаңа экологиялық кодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларға көшуді жүзеге асыру, эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу және Теміртауда 500 мың ағаш отырғызу.
Сонымен қатар, Зұлпықар Жолдасов "АрселорМиттал Теміртау" жұмысындағы жүйелі проблемалардың бірі ЖЭО-ның ескірген жабдықтары екенін атап өтті.
"Теміртау ауасы қатты ластанған қала. Қазгидрометтің мәліметтері бойынша 2 жыл ішінде ластану деңгейінің 10 еседен астамға артуының 67 жағдайы тіркелді. Шығарындылардың негізгі үлесі "АрселорМиттал Теміртауға"тиесілі. Жүргізілген тексерулер кезінде кәсіпорында шаң бойынша рұқсат етілген нормалардан 125 есе асып кету тіркелді", - деді спикер.
Зұлпықар Жолдасов компанияның табиғатты қорғау іс-шаралары қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтінін атап өтті.
"Біз компанияның табиғатты қорғау іс-шараларының тиімділігін талдадық. Соңғы 5 жылда кәсіпорын табиғатты қорғау шараларына 28 млрд теңге жұмсады, нәтижесінде шығарындылар тек 190 тоннаға ғана төмендетілді, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 0,08%-ын құрайды", - деді комитет басшысы.