Мемлекет басшысы пара алу үстінде ұсталған судьяға қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы пара алу үстінде ұсталған судьяға қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы пара алу үстінде ұсталған судьяға қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзі
11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемдегі ақша алу кезінде Жоғарғы Сот судьясы ұсталды. Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты пікір білдірді. «Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Cоңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік қызметі белгілі бір уақыт ішінде бірлескен іс-шаралар жүргізіп, нәтижесінде, 11 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемдегі ақшаны алу кезінде Жоғарғы Сот судьясы ұсталған болатын. Қаражат оның Жоғары Сот Кеңесінде жұмыс істеген кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын басқа сотқа ауыстыруға жәрдем көрсеткені үшін берілген. Осы уақытта Түркістан қаласында ақшаны беріп жіберген аудандық соттың судьясы да ұсталды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.