Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ: Әрекет түбі – әреке, әрекетсіздік – береке

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ: Әрекет түбі – әреке, әрекетсіздік – береке

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ: Әрекет түбі – әреке, әрекетсіздік – береке
ашық дереккөзі
Алашорданың батыс бөлімі туралы аса маңызды зерттеулер жүргізген, «Шәңгерей», «Ғұмар Қараш», «Кәбиса жыл» секілді танымы терең, мәні бөлек кітаптар жазған әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұрат жұрт көзіне көп түсе бермейтін қаламгер. Соңғы кезде шығармашылық майданына бел шеше кірісіп, өндіріп жазып жатқан ағамызға барып бітірген, жазып жатқан шығармаларымен жұртты хабардар қылу және бүгінгі қазақ қоғамы жайлы ойларын білу үшін еркін әңгімеге шақырған едік. – Ассалаумағалейкум, аға! – Әликсалам, бала. Молда бол, ұстағанда қолда бол... Осы сендер жақта өзінен екі сағат кейін туғандарды «бала» дейді екен ғой, сол рас па? – Рас! – Онда «Ағам баласы бар адамды бала дегені несі» деп шамданбайды екенсің. Ал неғып жүрсің мына Қаскелеңде адасып? – Қоғамнан қашып, түкпірдің түбегіне кеп жатып алған екенсіз өзіңіз де. Әрең таптым ғой! – Баяғыда Шәмші Қалдаяқов пәтер алатын болып, бастығы «Қай жерден берейін» деген кезде жарықтық ағамыз: «Ақсайдан берсеңдерші, Шәуілдірге жақындау ғой» депті дейтін әңгіме бар. Сол айтқандай, бұл жер Атырауға бір табан жақын. – Сосын екен ғой, соңғы кезде «Біздің елдің сұлтаны мен ұлтаны» дейтін топтамадағы мақалаларыңыздың қаламыңыздан көк түйнектей домалап жатқаны? – Қателесесіз, Ахмет жолдас! Мен бір кезде «Үзілген үзеңгі» деген атпен Аманкелді Иманов жайлы да жазғам. Батырдың қазасына сәуле түсіреді. Бейтарап сәуле! Ал соңғы уақытта Мұстафа Шоқайдың өміріне жаңаша қарайтын үлкен эссе және Майра Уәлиқызы жайлы кітапша жаздым. Майра апамыз жайында бұрын жеке зерттеу болмаған. Екеуі де «өзіміздің тілде» жазылды. – «Өзіміздің тілде болмағанда, енді қай тілде жазылуы керек? – Жоқ, түсінбедіңіз. «Өзіміздің» тіл деп отырғаным – әлгі «великий и могучий» ғой. Бірақ сыртқы құрылыс материал ол. Мұқым қазақ та, барша орыстілділер де қапысыз түсінетін материал, ал іші, яғни рухы – саф қазақша. Сүйекті ет-майға орап жұтқызып жіберетін қазақша ет асату ғой. Құлағыңды бертаман әкелші, сыбырлап айтайын – Димаш жайлы кітабымды да үшбу «өзіміздің» тілде жаздым. – Қай Димаш? Бізде атағы шыққан төрт Димаш бар ғой... – Әлемге аты кетіп отырған әнші Димаш! Қазақшалағанда, кітаптың аты – «Димаш. Шыған дауысты аңсау». Қазіргі әлем халқы осыншалық шырқау, шыған дауысқа неліктен құмар болып отырғанының сырын ашамын. Бұдан да басқа жанама тақырыптар бар. Яғни, көпмағыналы, көпқабатты зерттеу еңбек. Сосын да көлемі жойқын болып кетті. Төрт жыл жаздым. Екі том. Бұдан қорқатын ештеңе жоқ – әлемде үлкен кітаптарға сұраныс қайта туып жатыр. Тіпті көлемді эпик әдебиетке арнайы жүлделер тағайындалған. Біз болсақ «біздің заман минимализмнің заманы» дейтұғын, бүгінде күпінің жәндігіндей қаптап кеткен «медиа-личностьтер» азанда кофе ішіп отырып жаза салатын алдамшы тезистің шылауынан шыға алмай келеміз. «Димаш» кітабым осы жалқаудың жасырынбағының көбесін сөгуі керек. Алматыдағы бір баспа мәдениет министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне ұсынып қойды. Қазақтың атын, мәдениетін қаршадай басымен айдай әлемге танытып жүрген дүние жүзінің сүйіктісі жайлы кітап ең алдымен үкіметтің қолдауымен шығуы керек деп есептеймін. Оның үстіне осы жасыма дейін әлеуметтік маңызды тізіммен бірде- бір кітабым шығып көрмепті... – Бір кітапқа төрт жыл көптеу емес пе?.. – Эссе – өте қиын жанр. Әдебиеттің сүт кенжесі болғандықтан ба екен, онда журналистиканың, деректі прозаның, тіпті көркем прозаның құрам бөліктері қайшы алысып, мидай араласып жатады. Бір жағынан деректің дәлдігін – документалдықты қадағалау, екінші жағынан қазіргі прозада алға шығып отырған манифестацияны – айнала қоршаған дүниенің шынайылығы мен аутенттілігін де ұмыт қалдырмай шып-пыр болып отырасың. Сонда да эссеистика – әдебиеттің болашағы дер едім. Бұл ХХІ ғасырдағы алдымен адамға, тұлғаға көңіл бөлетін зияткерлік тарихтың жаңа тренді. Және осы бағыт  менің эссеистикадағы отымның алды, суымның тұнығы «Шәңгерей» кітабымда мына ғасыр келмей тұрып нышан тастағанына өзім де қабағат қайран қалам. – Сол кітабыңыз дәмді тілмен өте әсерлі жазылған, бірақ түбі қақырап түсіп, оқуға келмей қалады екен... – Солай. Жалпы менің кітаптарымның жолы ауырлау болып жүр, әсіресе таралуы жағынан. Промоушнмен арнайы айналысуға қол тимейді. Баспалар сол «Шәңгерейді» қайта басуға министрлікке талай рет ұсынды, жолы болмады. Обал. Әйтпесе ешкімге ұқсамайтын, айрықша тұлға болған ғой ол кісі. Оның шығармашылығы да, өмір тақыреті де Абайға ұқсамайды. Мүлде ұқсамайды. Абай бізде реалистік «рух сыны» поэзиясының негізін салса, Шәңгерей әзербайжан әдебиетінен тән алып, поэзияда романтикалық бағыттың негізін қалаған. Абай билікке мықтап араласса, Шәңгерей одан бойын бірден аулақ салған. Абай үш рет үйленсе, Шәңгерей үйленбей, өмірден қаратон өткен. Бүгінде Ресейдің Волгоград облысына қарасты Палласовка ауданында қап кеткен Шыңғыс күтірі (хуторы) дейтін жердегі шартақ-усадьбасында оңаша тірлік кешкен.  Әлихан Бөкейханның бір әрекетіне қарап (Шәңгерейді 1918 жылы Алаш-Орданың рухани көсемі сайлағысы келген, алайда сұлтан күліп, келіспеген) оны қазақтың «тәжсіз тақ иесі» болған шығар деп ойлаушы едім, бірақ соңғы уақытта ақыл зерекке сала келіп, ол ойымнан айныдым. Бұл мәселенің тамыры тереңде сияқты... – Енді қай жақтан орағытып бастадыңыз? – Айтайын. Абай жайынан жаңа гәп қозғадым ғой, сондай-ақ ештеңеге араласпай, оқшау, баянды ғұмыр кешуді Құнанбайлар жас ұлғайғанда, хаж барып келгесін ойға алған. Ал Шәңгерей бұған жалындап тұрған жас кезі болмағанымен отыздың о жақ-бұ жағында-ақ бет бұрады. Әлемдік персоналистикада мұндай факті кездеспейді, бірақ Шәңгерей үлкен өмірге еніп, тоқтаса бастаған кезде әлгіндей өмір тақыретіне үндейтін күшті бір идея пайда болды. Ол – Лев Толстойдың әйгілі «мойынсұну» принципінің темірқазық идеясы. Әрекетсіздік, қарекетсіздік, қатыссыздық идеясы (орысша – «недеяние», ағылшынша – omission). Шәңгерейдің Толстойды оқығанына, оның өмір жолын зерделеп отырғанына күмән болмауы тиіс. Соның ішінде жазушының өзін лағынеттеген дінбасыларға «Надо самому жить, надо самому умирать» деп жауап бергенін білмеуі мүмкін емес. Сол арқылы жазушының ешкімге басыбайлы болмай, еркін өмір сүруді біржола таңдағанын түйсінген. Ол идеяның, яғни «әрекетсіздік» ойының бастауы атақты «Соғыс және әлем» эпопеясында жатыр. Романда әлгі идеяны айқын танытатын үш образ бар, олар – Андрей Болконский, Пьер Безухов және Кутузов. «Өз мүмкіндігінің шегін білген адам уақтылы тоқтай білуі тиіс» дейді жазушы және осыны тағдырға мойынсұнбай, өз ортасына қарсы келіп, ақыры өзін де, етжақындарын да трагедиялық жағдайларға ұрындырған князь Болконский бейнесі арқылы жеткізеді. Пьер Безухов болса сезіммен, сезімшілдікпен ғана өмір кешетін, әрекет атаулыға жоқ былқ-сылқ тип. Кутузов ел, халық тағдыры қылға ілінген сәтте шыдамдылықтың ғажап үлгісін танытады. «Істің сағаты соғуы керек» дей отырып, бірқатар мерзімдік әрекетсіздігімен жағдайды жеңісті сәтке айналдырады. Кутузовтың төзімділігінің халықшылдықпен селбескен осы түп-төркінін батысеуропалық әдеби сын тұрмақ, орыс сыншыларының өздері де қабылдамаған. Мұны «уход Толстого в глубь степей Азии» деп атап, жазушыны кісәпір көрген. Қазір де орыс авторларының бірқатары Толстойдың мойынсұну принципі мен қарекетсіздік идеясын тікелей даосизмге телігісі кеп тұрады. Бірақ «Соғыс және әлем» жазылған 1870-жылдары Толстой Лао Цзыды оқымаған, демек, қытай ойшылының мәшһүр «у-вэй» (әрекетсіздік) қағидатымен таныс болмаған. Себебі, орыс ориенталистері Лаоның әлгіндей еуропашылдыққа жат әрекетсіздік идеяларын мансұқ етіп, еңбектерін орысшаға аудармай қойған ғой. Осы және басқа да фактілерді негізге ала кеп, құдайына қараған толстойтанушылар Толстойды, толстойшылдық қозғалыстың төркінін «Азия далаларынан іздеу керек» деп айтып-жазып жүр. Дала десе, көз алдыңа алдымен қазақ даласы кеп тұра қалады. Тыныштыққа тербеліп, хаққа мүлгіген дала. Қойын құрттап, айранын ұрттап дегендей, бейқам тірлік кешіп жатқан қазақтың ауылы келеді. Бірақ бұл бүгінгілер әуезе ететін «әлеуметтік оқшаулану» яки «социофобия», не батыстық «дауншифтинг», болмаса жапонның «хикикаморийі» емес. Кәдімгі «обломовшылдық». Бұл сөзден үркудің керегі жоқ: Обломов бейнесі адамның тоқырап, күйкі өмірге, күйректікке, тура айтқанда жалқаулыққа салынуын көрсететін теріс мағынаға ие болып кеткенімен, шындығында ол, сонымен бірге өмірі асып-саспайтын, тасып-төгілмейтін шыңылтыр сезімді жомарт кісінің жиынтық образы. Сыншылардың тұжырымды лебізі бойынша обломовшылдықтың бастауы Ресейдегі дәстүрлі крепостнойлық тіршіліктің укладына барып тіреледі екен. Біздің қазақтың да планетадағы қаны бірден-бір таза халық болып отырғаны – ата-бабамыздың ұзақ уақыт дәстүрлі шаруашылықтан ауытқымай, табиғатпен үйлесімді өмір сүріп келгенінен. Ойымша, Шәңгерей Толстой идеяларын оқи отырып, осы жағдайды ағатсыз түсінген. Қазақтың өмірін түсінген, соған сай өмір сүрген. Мына бес күндік жалғаннан байыз тауып, оңашалықтан, оқшаулықтан уаз кешкен. – Сонда баяғыша мал жая тұрайық дейсіз бе? – Несі бар?! Орыс «Балық судың тұнығын, адам жердің шүйгінін іздейді» дейді. Қазірде дүние жүзінде сөздің тура мағынасында көшіп-қонып жүрген, сонысымен кәдімгідей өмір сүріп жатқан халықтар аз емес. Мысалы, Алдыңғы Азия мен Африканың солтүстігін мекендейтін бәдәуилер. Сахара көшпенділері бербер туарегтер. Иран үстіртіндегі қашқай, бақтияр тайпалары. Сол Иранның Ардебил аймағындағы шахсевендер. Моңғол араттарының отыз пайызы көшпелі мал шаруашылығымен күн көреді. Латынамерикан пампастарындағы гаучо малшылар да солай. Иран мен Пәкстан аралығындағы белудждердің балучи дейтін көне сақ қалдығы да осы өмір салтында. Тобырлы (таборлы) сығандар. Тіпті теңіз-мұхиттарда да көшіп-қонып жүретіндер бар. Мәселен, австронезиялық баджао тайпасы. Бұлардың барлығы да шығу тегі классикалық делінетін, яғни отырықшы егінші халықтардан өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз етуімен ерекшеленеді. Не керектің бәрін толықтай тұрып жатқан жерінен табады. Оларға мемлекеттің пәті, жұмыс орны, атақ-мансап, ізет-үрмет, сый-сияпат, ақша дегенің есеп емес, себебі, олар өздеріне өздері игілік. Табиғаттың бергенін төкпей-шашпай пайдаланса ғана болғаны. Жер шарын кекірелеп саяхаттау, жер бетінен шапағатты үлесін іздеп, қай жерде жұмыс болса, сол жерді отаным дейтін сатқын «циркуляция», пайдакүнем саудагерлік... табиғаттың осынау арда перзенттеріне мұның барлығы жат. Айналасынан керегін ғана алатындықтан басқа шаруаға уақыт молынан артылып қалады. Соның ішінде отбасына, бала тәрбиесіне көп уақыт беріледі. Австралияда ғылым «аборигендер» дейтін, яғни алғашқы қауымдық сатыда – терімшілік, аң-құс, балық аулау кәсібінде қалып қойған деп есептелетін тайпалар тұрады. Біздің санасы ағарған түсінігімізде мешеу, қараңғы саналатын солар күніге екі-үш сағат жеміс-жидек, көксөк теріп келеді де, қалған ұзақты күнді отбасында, бала-шағасының ортасында өткізеді, үйдің тірлігімен айналысады, ағайын-туыс, көрші-көлеммен әңгіме соғады, ну, бала жасайды, т.б. Бәдәуилер де солай. Кемі төрт-бес мың жыл ешкі терісімен қаптаған шатырларымен құмда көшіп-қонып жүр. Шахсевендер ағаштан жасалған тахтечапуын, араттар ұрғасын өзгерткен жоқ. Гаучолар да, міне, бес ғасыр бойы мате мен женеверін ұрттап қойып, қарнын сипап жатыр. Үлкен кітапта айтылғандай, «Менің құлдарыма не қорқу, не қайғыру жоқ». Бүгінгі ғылым осы ақиқатты, яғни адам ағзасындағы биоырғақтардың табиғат заңдылығына, қоршаған ортаның дағдылы ритмдеріне сәйкес келуі  адамның еңбек қабілетін арттыратынын, жанын ізгілендіре түсетінін анықтады. Былтырғы коронавирустық эпидемияның шарықтау шегі үйде жиірек болатын, отбасына көбірек көңіл бөлетін адамдардың жаны бұрынғысынан жомарттана түсетінін ыспат етті емес пе? Қорқу, қайғы сезімдері азайып, арқа-басымымыз жазылып, бір демалып қалдық қой. Адамға дүние тіршілігінде көп нәрсенің керегі жоқ екенін сезіндік. Бүгінде базбіреулер орынды-орынсыз ғайбаттай беретін Сталин мен бұрынғы-соңғы топ-менеджерлердің ең мықтысы саналатын Берия 1950-жылдары қоғам дамуының жаңа үлгісін талдап жасаған деседі. Ойларынша, ендігі жерде мемлекеттік пошым мемлекет-компания түрінде қайта пішілуі керек екен. Яғни бүкіл өндіріс, қызмет көрсету саласы жекенің қолына беріледі, бірақ бәрі де суперкомпания – мемлекеттің сырттай бақылауында болады. Күндік жұмыс 4 сағатқа дейін қысқарады. Қалған уақытта адам өзін-өзі рухани һәм тәни дамытады. Бірақ екеуінің бұл модельді жүзеге асыруға ғұмыры жетпеген. Есесіне қазіргі атжалман капиталистер осы үлгіні өздеріне енгізе бастады: бүгінде көптеген ірі компаниялар апталық жұмыс сағатын 12-14 сағатқа дейін азайтты, аутсорсингті енгізді. Бұл үрдіс кви-ден кейін одан әрі өң алып, 12-10 сағат деңгейіне келді, офлайннан толық онлайнға көшу қарқынды жүріп жатыр. Жазушы Мархабат Байғұт ағамыз бірде өзбек пен қазақтың диалогын әдемі келтіріп еді. ...Қазекең түс әлетінде күркешігінің аузына алаша төсеп, кемеліне келтіре кекіріп қойып, қарнын сипап жамбастап жатса, алдынан көк есегін «ықылап» бір өзбек өтіп бара жатады. Өзекке теппесе өз-ағаң бола ма, жай кетпей, есегін ошарып тұрып, қазаққа тіл қатады: «Ие, қозоқ ака, нима қиляпсиз? «Е, жатқан сол». «Екин мойдонига бормайсизми?». «Не істеймін онда?». «Борип мехнат қиласиз». «Сосын?». «Шундан кеййн дан екасиз, кукот екасиз, суғорасиз, бегано утларни йуқотиш керак...». «Сосын?». «Махсулотларни йиғасиз». «Содан кейін?». «Қишка овқот булади, бозорга олиб бориб сотасиз». «Содан соң?». «Пул болади, уйга керакли нарсаларни ва кийимларни оласиз». «Сосын?». «Шундан кейин... етасиз». «Жатқан жоқпыз ба енді?!». Шамамен осылай. Ойлаймын, Сталиндер ілгерідегі үлгіні қазекеңнің осы жонын шуаққа қақтатқан «жамбасизміне» қарап пішті ме екен деп (әлгі тәмсіл қалай десе де қазақ еңбек қылмайды, паразиттік итбалық-өмір сүреді дегенді емес, еңбек – адамның толыққанды өмір сүруінің құралы, яғни күнделікті қажетті өтеу ғана деген өрелі ойды нұсқайды ғой). Заманында дүниежүзін қалтыратқан Әмір Темір өлерінде мойындағанындай, пендеге нанның қыртысы болса жетіп жатыр екен. Басқасының бәрі бекер... – Ой, сіз де айтады екенсіз! Сталин қайда, біз қайда?! – Біздің бұл тақырыбымыз ойжорумен ғана ашылады, бала. Өзге жол жоқ. Қазақтың бұрын қалай жүріп-тұрғанын жөнді білмейміз де. Берияның арғы түбі грузин қыпшағы болуы мүмкін. Негізгі нәмі – Беридзе, яғни «бөрінің тізесінен өрбігендер», әрі ол ілгеріде әзербайжан мүсәуатшыларымен қолдас болған. Сталин өлгесін ұлт республикаларына теңдік беру жобасын жасағаны үшін Политбюроның славян мүшелері сотсыз-үкімсіз иттей қылып атып тастаған. Сонымен бірге қолынан кітабы түспей кеткен Сталиннің өзі де әлгі оймен Әлихан Бөкейханның еңбектері арқылы ауалануы әбден мүмкін. Әлекең Чермак, Щербина экспедициялары құрамында қазақ тұрмысын, көшпелілердің шаруашылық жүргізу тәсілдерін терең барлап зерттей келіп, жартылай көшпелі қазақ қоғамы өз қажетін табиғаттың шырышын бұзбай-ақ толықтай өтеп тұрады деген қорытынды жасаған ғой.  Бұл ойын әдетте 10-15 үйден тұратын қазақ ауылы сақар-сабыннан бастап, киім-кешек, ат және тұрмыс әбзеліне дейінгі нәрсе-қараның барлығын ұйымдасқан натурал шаруашылықтың деңгейінде өздері жасайтынын ғылыми дәлел-дәйекпен тиянақтайды. Сол негізде «Қазақ қоғамын отырықшы өмірге көшіруге әлі ерте» дейтін ұйғарым жасайды. Дала жағдайында ядролық (базалық) отбасынсыз, туысқан, ағайын – сондай бірнеше үйдің біреуінсіз өмір сүру мүмкін емес дейді. Мұны «қазақ экологизмі» дейміз. Әлем тарихындағы осынау ғажайып құбылысты отырықшы елдердің экспанциясы келді де бұзды – бір кезде өзбек көшпелілері отырықшылыққа 30 жыл бойы біртіндеп ауса, қазақ бұрын болмаған ұжымдастыру мен ашаршылықтың өпірем күшімен, миллиондаған құрбан беріп, айналасы екі-үш жылда өздеріне мүлдем бөтен, жат укладқа көшірілді. Уақыт жағынан бұл Иран көшпелілерін отырықшыландыру үдерісімен тұспа-тұс, бірақ ондағы билік қашқай мен бақтиярлар қырылып бара жатқасын әуелгі ойларынан қайтқан. Қазір біз сондай кезеңге, қиранкезік уақытқа тағы да кез келіп тұрмыз. Пандемия, онымен қосанжар дүниенің төрт бұрышында қаулай бастаған әрқилы сипаттағы жанжалдар қазақ қоғамының алмағайыпта жан сақтап қалуының жайын қай кезден де қаттырақ ойлауды керек етеді. Жә, өзің айтшы, мына бөлмеден не көріп отырсың? – Кітап. Қағаз. Қағаз қиқымдары. Шет-шетін тышқан қиқалап кеткен сияқты. Сіздің шығармашылық үдерісіңізде «аты жоқтар» да қатыспай ма осы? – Жоқ, қатыспайды! Ойға келген пікірлерімді жазып, қайшымен қиып алып қойғанмын. Әрқайсысының орны бар. Жүйе бар. Шашылып жатқан сияқты болғанымен іздегенімді оп-оңай тауып алам. Мәдениеті озық елдерде мұны «жүйесіздік тәсілі» дейді. Орыстың консерватив ғалымдары «Бессистемность как метод» деп, дәстүрден таған тартатын саяси-әлеуметтік доктриналар жасап жатыр. «Қазақ экологизмі» теориясы да осы тәсілмен жасалуы мүмкін. Реті келді, айта кетейін, соңғы кезде бізде орынды-орынсыз ақыл айтушылар көбейіп кетті. Әлеужеліні ашып қалсаң, кви-дің ем-домынан бастап, қаршадай басымен сені өмір сүруге үйретіп отырады. Тіпті кейбіреулерінің тәмам қазаққа ақылман, идеолог болғысы бар. – Мысалы? – Мысалы, батыс беттегі шоңғалда жатып сұңқылдайтын бір бұрынғы ақын. Ондайларға Кердері Әубәкіршілеп: «Сопылық деген ауыр жол, ұстап жүрсең тәуір жол. Сопылықты іздесең, оқыған көп ғалым бол. Атқан оққа төзердей, қара тастан қалың бол» дегің келеді екен. Екіншісі – орыстілді кинорежиссер, қашан көрсең де өз халқын – қазағын сыбайды да отырады. Тіпті, қой-ешкімен жыныстық қатынасқа түскен халық деп көрсетуге дейін барады. «Шетелде он екі жыл болып қайтып келсем, баяғы қазақ – сол қазақ» деп күйінеді. Соғанн: «Оу, өйтетін болсаң қала бермедің бе сол жақта? Әрбердесін толып жатқан фильмдеріңді бюджеттің, яғни қазақтың ақшасына түсірдің ғой. Мына сөздеріңнен кейін Бораттар қазақты қалайша сүмірейтпейді?! Жерің – шығатын төрің, кіретін көрің, өзіңді өзің қарақтамағын» дейтін біреу болсайшы. Оны айтасыз, әлгі сөздерді сенсация қылып жариялайтын да қазақтілді БАҚ, мессенджерлермен таратып жүрген де қазақтың өзі. «Осының өзі сырттың әсерімен жасалып жатқан жіткір идеологиялық диверсия, контржоба емес пе?!» деп біреуі ойламайды. Ең қиыны, осындайлардың елдің құлағын көтеріп айтатын әңгімелерінің әсерімен жұрт еңбекті қойып, ереуілшіл болып алды. Бүгінгі қазақ қоғамы сияқты тап-тапқа, жік-жікке бөлініп алып, дай-дай айтысып жатқан басқа халықты көрмедім. Бүгінде әлем бойынша елдер мен элиталар жік-жікке бөлініп кетті, ал біз осы қиын кезге біртұтас ұлт болып келдік деп жатады ғой, өз басым осыған екіұшты сенемін: қазақ қоғамында өткен тарихқа көзқарастан бүгінгі Яналиф-2-ге дейін аралықта қай мәселеде болсын бірауыздылық жоқ. Ұлттық біртектілік жоқ. Ал ұлттың ұлт, халықтың халық болуы біртектіліктен басталады. Әйтпесе 30 жыл тұрмақ 50 жылда да ел болмаймыз. Путиннің де «Орыс халқын сақтап қалатын жалғыз нәрсе – оның біртектілігі (идентичность)» деген сөзді мәселенің мәселесі етіп қайта-қайта айта беретіні бекер емес. Меніңше, Ресейдің біртектілігі оның Мәскеу кінәздігі шеңберіндегі әуелгі матрица-қалыбына, яғни орыстығына оралуымен қалпына келмек. Ал қазақтың біртектілігі, сол арқылы жан сақтау саясаты төл экологизмін жаңғыртуымен байланысты. Бұл, әлбетте, қайтадан көшіп-қонып жүру керек дегенді білдірмейді, десе де аграрлы елдігімізді қалпына келтіріп, алдымызға салып мал жаймасақ, сөйтіп моңғолдар сияқты әлемдік нарыққа мұнаймен емес, таусылмас мал дәулет – ата кәсібімізбен енбесек қиын болады деген сөз. Саяси тұрғыдан бұл – бейтарап, қалыс сыртқы саясат ұстанып, қара топан дүниемен қандай да бір қарым-қатынасты шектеңкіреп,  сол арқылы экономиканы шеттің тұтымына жібермей, ділімізді жат әсерлерден қорғауды білдіреді. Мен мұны «қазақ қоғамын дамытудың динамикалық консерватизмі» деп атаймын. Бізге дәл қазір ерсілі-қарсылы жәреуке, жосықсыз қимыл зиян болмаса, пайда әкелмейді. Ішімізді тұтастыққа келтіру үшін  уақыт ұтып, «ұлу бақалшағына» жасырына тұру жөн. Қазақша қайырғанда, «Әрекет түбі – әреке, әрекетсіздік – береке» деген антитеза. Ғылым бабынан «термодинамиканың екінші заңы» дейміз. Яғни, сырттан бөтен, бөгде қуат әсер етпесе, жабық жүйенің энтропиясы (хаосы) ұдайы өсумен болады. Басқаша айтқанда, жалғыз қуат көзі сіздің дірмәнділігіңіз болса, сырттан төнер қауіп-қатерге (түнекке) төтеп бере алмай қаласыз. Сондықтан әрекет-қимылдан сырттап, үдерісті өз бетімен жібересіз. Бүкіл назарың істің нәтижесінде емес, процесте болады. Сонда ешқандай күш жұмсамай-ақ, өмір ағынын еркінше жіберу арқылы әлгі ағын күштің көмегімен көздеген нәтижеге жетесіз. Даосшылар айтатындай, судың жағасына кеп, тал түбінде ойға шомып отыра берсең, күндердің бір күнінде өзен бетімен ағып бара жатқан жауыңның мүрдесін көресің. Ал сол дұшпаныңды асығып, өлтірем деп өңмеңдесең өзің де, ағайын-аумағың да орны толмас кеселге душар болуы мүмкін. Филиппин қаламгері Хосе Рисаль заманында филиппин халқы тәуелсіздік алуға дайын емес деп есептеп, қарулы қақтығыс, ереуілшіліктен бас тартқан. Айтуынша, бұқара ең алдымен испан отаршылдары сандаған жылдар бойы санаға сартап етіп сіңіріп тастаған құлдық психологиядан құтылып алуы керек, әйтпеген күнде құлдар революция арқылы орнатқан диктатура залымдыққа (тирания) айналып жүре береді де, ақыр аяғында халық отаршылдарға зар болып қалады. Хосе әулие екен, айтқаны аумай келді де қойды... – Не дейміз... Сұхбатымызда жұртқа ой салар сөздер айтылған секілді. Жазып жатқандарыңыз ертерек ел игілігіне айналсын. Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ