Зейнет жасын төмендету туралы ақпарат рас па – министрлік жауап берді

Зейнет жасын төмендету туралы ақпарат рас па – министрлік жауап берді

Зейнет жасын төмендету туралы ақпарат рас па – министрлік жауап берді
ашық дереккөзі
Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнет жасының өзгертілуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнет жасы – 63 жас, әйелдер үшін бүгінгі таңда – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады, – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. Ведомство мәліметін сай, бүгінгі күні республикада ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – БЖЗҚ) қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты болып келеді. Ынтымақты зейнетақылар жүйесі біртіндеп жойылып жатқаны белгілі, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі ескеріледі. Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтаушы зейнетақының рөлі артады (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады). Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық азаматқа зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 100%-ына дейінгі мөлшерде беріледі. Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақысының мөлшері соғұрлым жоғары болады. Қартайғанда сәйкес зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін 2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018-2027 жылдар аралығында әйелдер үшін зейнетке шығу жасын жыл сайын 6 айға біртіндеп арттыру көзделген. Бұл ретте қазіргі уақытта зейнетке ерте шығу бойынша жеңілдіктерге құқығы бар әйелдерге зейнет жасын көтерудің қатысы жоқ, олар:
  • 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер – 45 жас.
Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың жас балаларын бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі деген жеңілдік сақталған.