БҚО Денсаулық сақтау басқармасы экс-басшысының ісі прокуратураға қайтарылды

Орал қалалық соты прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюпов пен оның көмекшісі Серік Тұралиевке қатысты істі прокуратураға қайтарды.

Мемлекеттік айыптаушы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы қызметкері Айдос Себеповті қылмыстық жауапқа тарту ниеті туралы мәлімдеді, – деп жазды Tengrinews.kz.

2 ақпанда кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушының өтініші бойынша істі қайтару туралы қаулы шығарылды.

«Сотталушы Тұралиев пен жәбірленуші Бөлекованың айғақтары Тұралиев Айдос Себеповтің нұсқауы бойынша әрекет еткенін көрсетеді. Сот прокурордың істі прокуратураға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырды», – деді судья Асқар Ысмайлов.

Процеске қатысушылар бұл істе Айдос Себеповтің рөлі өте зор деп есептейді.

«Сотталушы Болатбек Каюпов бұл адамды бұрыннан білетінін және оны экономика мен қаржы мәселелері жөніндегі маман ретінде жұмысқа шақырғанын айтты. Ал екінші сотталушы Серік Тұралиев Себеповтің Бөлековадан ақша алуға тапсырма бергенін атап өтті. Бұл жағдайда Каюпов пен Тұралиев бір-бірімен таныс емес. Айдос Себепов туралы бұрыннан белгілі. Істе оны ұстау туралы хаттама бар. Бірақ содан кейін ол қылмыстық қудалаудан құтыла алды. Оған қатысты жеке қылмыстық істі неге қозғамасқа?» – деді адвокат Тамара Сәрсенова.

Айта кетейік, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны және жеке фирмадан жабдықтар қабылдағаны үшін 7,8 миллион теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген болатын. Шарт 78 миллион теңге сомасына бағаланған.

Сот барысында Каюпов Себеповтен туған күніне сыйлық ретінде 340 мың теңге салынған конверт алғанын мойындады.

 

Back to top button