Шетел сарапшысы: Жәнібекті Геннадий секілді дарынды деп айта алмаймын

Шетел сарапшысы: Жәнібекті Геннадий секілді дарынды деп айта алмаймын

Шетел сарапшысы: Жәнібекті Геннадий секілді дарынды деп айта алмаймын
ашық дереккөзі
Кәсіби бокс промоутерлері мен сарапшылардың пікірінше, қазақстандық былғары қолғап шеберлері Садриддин Ахмедов пен Жәнібек Әлімханұлы әлем бойынша болашағынан үміт күттіретін үздік ондыққа кіреді. Алайда көпшілігі бұл пікірмен келіспейді. Британдық сарапшы Тэйлор О’Хиггинс Sports.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатта бұл пікірді неліктен қостамайтынын айтты. Жәнібекті 2013 жылдан бері бақылап келе жатқанын айтқан сарапшы оның кәсіби бокстағы аяқ алысы туралы екіұдай пікірде. – Кәсіби боксқа ауысқанда, көпшілік оны Головкинмен салыстыра бастады. Мен мұнымен мүлде келіспегенмін, себебі екеуі екі түрлі спортшы және Жәнібекті Геннадий секілді дарынды деп айта алмаймын. Меніңше, оны «екінші Головкин» деп алға сүйрелеуі қиындық тудыруы мүмкін, себебі одан көп нәрсе күтетін болады. Ал Головкин – бір ғасырда бір туатын ерекше дарын иесі. Маған Жәнібектің кейбір қабілеті ұнайды. Қолы жылдам қимылдайды, орта қашықтықта жақсы жұмыс істейді және комбинацияны орындай алатын дарынды панчер. Алайда бір байқағаным (көптеген қазақстандық боксшылардан осыны байқадым), ол өте біржақты жұдырықтасады. Мұның өзіндік артықшылығы бар, десек те қарсылас төпелей жөнелгенде бұл қиындық тудыртады. Сонымен қатар, ол «Philly shell»-ді қолданады, бірақ ол солақай болғандықтан, қарсыласы оған қарсы оң қолымен қимылдау арқылы қарсылық көрсете алады. 2021 жыл ол боксшыға өзгеріс әкелетін жыл деп ойлайсыз ба дейсіз бе? Жоқ, себебі коронавирус салдарынан басқа кідірістер болуы мүмкін, оның бәсекелесу деңгейі тұрақты түрде өседі деп күтемін. Бақытына қарай, оған алдағы уақытта орта салмақта жұдырықтасуға жол ашық — «Канело» 168 фунт келіге ауысты. Бірақ, шынымды айтсам, Әлімханұлының алдағы уақытта салмақ дәрежесінен тыс жұлдыз атанатынын көріп тұрмын деп айта алмаймын. Сонымен қатар, британдық маман тағы бір қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов туралы өз ойын ортаға салды. —Садриддин Ахмедов — Asian Boxing rating-тегі достарым жаңа он жылдықтың нөмірі бірінші боксшысы деп атайтын тағы бір қазақстандық боксшы. Мен мұнымен келіспеймін, бірақ оны дарынды деп есептеймін. Ол —мықты. Оның үстіне, ол — өте жас, сол себепті Данияр Елеусінов секілді жасы үлкен спортшыларға қарағанда одан көп нәрсе күтемін. Әсіресе, маған оның джебі ұнайды. Алайда, Ахмедовта қазақстандық боксшылардың жаңа буынына тән бірқатар мәселе бар. Оның көп қимыл жасайтын қолы жақсы жұмыс істейді, алайда қорғанысы әлсіз. Оң қолмен жұдырықтасқанда, формасын жоғалтып алады. Тепе-теңдік ұстай алмайды.