Шетелдіктер 5 маусымға дейін ҚР аумағынан шығып кетуі тиіс – СҚО

Шетелдіктер 5 маусымға дейін ҚР аумағынан шығып кетуі тиіс – СҚО

Шетелдіктер 5 маусымға дейін ҚР аумағынан шығып кетуі тиіс – СҚО
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті шетелдік азаматтардың елімізде жүріп-тұру қағидаларына өзгеріс енгізілгенін хабарлайды. Жол жүру құжаты, тұрақты тұруға ықтияр хаты, ҚР визасы, ҚР уақытша жүріп-тұруға арналған рұқсат қағазының қолданылу мерзімі өткен немесе өтіп бара жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың 2021 жылғы 5 маусымға дейін елден шығуына рұқсат етілді. Олар мемлекеттік шекарадан өткен кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Мұндай өзгеріс Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен енгізілді. Елімізде алдағы уақытта жүріп-тұруға заңды негіз болмаған жағдайда шетелдіктер азаматтығы бар немесе тұрақты тұратын еліне кетуі тиіс. Елде жүріп-тұру мерзімі өтіп кеткенімен, ары қарай қалуға заңды негіз болған жағдайда уақытша тұруға немесе қажетті санаттағы визаға рұқсат ресімдеу үшін көші-қон қызметіне жүгінуі қажет. Бұдан бөлек, отбасымен бірігу мақсатында елде болу құқығын ресімдейтін шетелдіктерге 2021 жылғы 5 маусымға дейін өз елінен соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы ұсыну қажет емес. «ҚР аумағына 1 жылдан астам уақыт бұрын жұмыс істеуге келгендер бастапқы еңбек патентін және елден шықпай уақытша жүріп-тұруға рұқсат ресімдеуі тиіс. Бұл шаралар шетелдіктерге рұқсат ресімдеуді жеңілдетеді және карантиндік шектеулерге байланысты көші-қон заңнамасының талаптарын орындай алмаған шетелдіктерді әкімшілік жауапкершіліктен босатады. ҚР заңнамасын бұзуға жиі жол берген немесе карантиндік шаралар мен төтенше жағдай режимі жарияланбай тұрып, елде болу мерзімін бұзған шетелдіктер жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік материалдар елден шығару мәселесін шешу үшін сотқа жолданатын болады. Былтыр облыс бойынша 40 шетелдік елден шығарылды, 226-сы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы 2020 жылы СҚО-да 8 мыңнан астам шетелдік тіркелді», – дейді СҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.