Ел таңдауы – тұрақтылық

Ел таңдауы – тұрақтылық

Ел таңдауы – тұрақтылық
ашық дереккөзі
222
Өткен жексенбіде елімізде Парламент Мәжілісі мен мә­сли­хаттар депутаттарының сайлауы өтті. Қазақ­стан­дықтар алдағы бес жыл­да елдің даму бағытын айқындап, мем­лекеттің келешегі үшін келелі ше­шім қабыл­дайтын саяси партияларға таңдау жасады. Тәуелсіздігіміздің ме­рей­лі белесімен тұспа-тұс келген бұл тар­тысты дода ел тұрғындарының Қа­зақстанның болашағына бейжай қара­майтынын, нақты іс пен нәтиже көр­сеткендерді ғана қолдайтынын дә­лелдеді.

Саяси партияларға 7,2 млн дауыс берілді

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлауға ел ішіндегі  электораттың 63,1 пайызы қатысқан. Дауыс берушілері ең белсенді өңір ретінде Солтүстік Қазақстан облысы алға шықты. Аймақта сайлаушылардың 75,5 пайызы сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасаған. Ал алматылық сайлаушылардың белсенділігі төмен болды. Дауыс беруге қала электоратының 30,3 пайызы ғана қатысыпты. Есесіне, Алматы облысының тұрғындары азаматтық борышын орындауға үлкен жауапкершілікпен қарап, сайлау учаскелері жабылғанша дауыс берумен болды. ОСК мәліметінше, өңір электоратының 73,5 пайызы сайлауға қатысқан. Шетелдегі отандастарымыз да елдегі маңызды оқиға­дан шет қалмады. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жалпы шет мемлекеттерде жүрген 6 402 қа­зақстандық өз таңдауын жасаған. Соңғы болып АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы елшілікте ашылған №249 сайлау учаскесі, содан соң 11 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақыты бойын­ша таңғы сағат жетіде Ка­на­да­дағы Қазақстан елшілігіндегі №279 сайлау учаскесі жабылған. От­тавадағы сайлау учаскесіне ба­рып, дауыс бергендердің дені сту­денттер мен дипломаттарымыздың отбасы мүшелері екен. Елшіліктің мәліметі бойынша өзінің саяси құқығы мен азаматтық белсенділігін танытқан отандастарымыздың қара­сы көп болған. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлаудың рес­ми қорытындысына сүйенсек, саяси партияларға барлығы 7 241 562 дауыс берілген. Соның ішінде Қа­зақ­стан Халық партиясы –  659 019 (9,10 пайыз), «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 (71,09%), «Ауыл» халық­тық-демократиялық патриоттық пар­тиясы 383 023 (5,29 пайыз), Қа­зақ­станның «Ақ жол» демокра­тия­лық партиясы – 792 828 (10,95 пайыз), ADAL саяси партиясы 258 618 (3,57 пайыз) дауыс жинады. Сайлаудың ресми нәтижесі жарияланбай тұрып жұрт на­зарына ұсынылған Еxit poll нә­тижесі де жоғарыдағы көрсет­кіш­тер­мен шамалас болған еді. «Қо­ғам­дық пікір» ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты жүргізген сауалнамаға елдің түкпір-түкпіріндегі 600 сайлау учаскесінде 24 мың сайлаушы қа­тысқан. Респонденттерге бір ғана сұ­рақ берілген: «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенттік сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз?». Әлеу­меттік сауалнама нәтижесіне сүйен­сек, респонденттердің 5,75 пайызы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, 71,97 пайызы «Nur Otan» партиясына, 3,07 пайы­зы ADAL саяси партиясына, 10,18 пайызы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына, 9,03 пайызы «Қазақстанның Халық партиясына» дауыс бергенін жет­кіз­ген. Сайлау қорытындысы бойын­ша 7 пайыздық межені ең­сер­ген үш партияға  «Сайлау туралы» заң аясында Мәжілістегі мандаттар та­ратылды:    «Nur Otan» партиясына – 76 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» де­мократиялық партиясына – 12 мандат, Қазақстан Халық партиясына 10 мандат бұйырды. Төменгі пала­та­ның өзге 9 депутаты Қазақстан хал­қы Ассамблеясы атынан сай­ланды.

Халықаралық байқаушылар не дейді?

Сайлаудың әділ әрі талаптарға сай өтуін отандық байқау­шы­­­лардан бөлек, халықаралық бай­қаушылар да арнайы келіп ба­қы­лады. Олар дауыс беру сәті бас­талғаннан дауысты санауға дейінгі про­цесті толық қадағалады. Бай­қау­шылар сайлау аяқталғаннан кейін партиялар аламанының өту барысы жайлы пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы бас хатшы­сы­ның орынбасары, миссия бас­шысы Чжан Хайчжоудың сөзін­ше, мис­сия мүшелері сайлау күні қар­­саңында және сайлау күні бар­лығы 118 сайлау учаскесінде болып, он­дағы процесті бақылаған. «Жалпы сайлау процесі жә­не сай­лау комиссиясының жұ­мысы ашық әрі әділетті түрде өт­ті. Байқау­шы­лардың сұрақ­тары мен өтініш­теріне сайлау учаскелерінде уақы­ты­лы жауап беріліп отырды. Тағы бір ерек­ше айтып өтетін сәт, сай­лауал­ды жұмыстар және сайлаудың өту барысы БАҚ беттерінде кеңінен насихатталды. Қазақ­стан демокра­тия­лық даму жо­лында тағы бір нық қа­дам жа­сады», – деді Чжан Хайч­жоу. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ас­самблеясының (ҰҚШҰ ПА) мис­сиясы да елімізде өткен Парламент сайлауынан ешқандай заңбұзу­шы­лық тіркемепті. Бұл туралы Ресей Мемлекеттік Думасы ТМД істері, еура­зиялық интеграция және отан­дастармен байланыс комитеті төра­ғасының орынбасары Умахан Ума­ханов мәлімдеді. «ҰҚШҰ байқаушылар мис­сиясы Парламенттік Ассамблея төрағасы Вячеслав Володиннің бұйрығы негізінде міндетімізді атқардық. Бұл миссияға барлық ҰҚШҰ елдері кіре­ді. Сайлау күні 49 сайлау учаскесінде болдық, бір­де-бір заңбұзушылық тіркел­ген жоқ», – деді У.Умаханов. Оның сөзінше, сайлау елор­да­да да, аймақтарда да жо­ғары деңгейде ұйымдастырылған. «Тіпті, пандемияға байла­ныс­ты бірқатар жаңашыл­дық­тар болды – қа­зақстандық тарап қорғаныс құ­рал­дарын ұйымдас­тыр­ды. Атап айтқанда, қолғап­тар мен маскалар таратты. Қауіп­сіздік шарасына қа­тыс­ты бар­лық жағдайлар жасалды. Ме­нің ойымша, қиын-қыстау ке­­зеңде сайлаудың қалай ұйым­дас­­тырылғанын көрген миссия­ның барлық мүшелері Қазақ­стан­да көр­гендерін өз елдерінде қолданады», – деп атап өтті Ума­ханов. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ба­қы­лау миссиясының жетекшісі Крис­тиан Вигенин Қазақстандағы сай­лауды бақылау барысында өзі бақылаған бірқатар кемшілікті ортаға салды. «Халықаралық байқаушы­лар­дың барлық сайлау учаскесін то­лықтай аралап шығуға уақыты жет­педі. Қазақстандағы сайлау жал­пы тыныш өтті. Дегенмен сай­лау науқанының саяси жағын әлі де жетілдіру керек. Партиялар арасын­да бәсекелестік болуы тиіс. Үгіт-насихат кезінде бәсекелестік болған жоқ. Сайлауға қатысу, сайлаушылар­ды тіркеу, нәтижені жариялауға қатысты бұған дейін де айтылған ұсынымдарды орындауы қажет. ЕҚЫҰ азаматтық қоғамның өркен­дегенін қолдайды», – деді Кристиан Вигенин. 2 айдан соң халықаралық ұйым Қа­зақ­стандағы сайлау туралы қоры­тынды есебін дайындап, еліміздегі сайлау процесін оңтайландыруға қатысты ұсыныстарын айтпақ. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның бақылау мис­сиясы сайлау күні Қазақстанның 17 өңірінің 13-інде 90-нан астам сайлау учаскесін аралады. Қазақ­стан­да өткен сайлауға 20 елден келген 48 халықаралық байқау­ш­ы­ның 41-і – ЕҚЫҰ өкілі.

Заңбұзушылықтардың дені – техникалық сипаттағы қателіктер

Сайлаудың әділ өткенін бай­қау­шылардың бәрі бірауыз­дан растағанымен, дауыс беру ба­рысында заңбұзушылықтар да тір­келгенін айтпай кетуге болмас. Мәселен, Қазақстанның 25 қала­сындағы 3 138 сайлау учаскесіне 5 мыңға жуық байқаушы жіберген Taza sailau тәуелсіз байқаушылар қозғалысы бүкіл ел бойынша 500 бұзушылықты анықтады. Олардың арасында Алматы, Нұр-Сұлтан, Шым­кент қалалары көш бастап тұр. Журналист Ерқанат Көп­жа­сар 500 бұзушылықтың 16 пайызы сайлау учаскелерінде анық­тал­ған және алдын алынған бұр­ма­лау екенін атап өтті. Ал Сайлауды бейпартиялық бай­қау орталығының басшысы Бану Нұрғазиеваның сөзінше, ор­та­лық байқаушылары тіркеген заң­бұзу­шылықтардың басым бөлігі таза техникалық сипатта болған жә­не оның барлығын жергілікті жер­лердегі сайлау комиссиялары­ның мүшелері жедел жойып отыр­ған. Сайлауға Қазақстан Кәсіп­одақ­тар федерациясы тара­пы­нан да 7 мыңнан астам байқаушы қатысты. Федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов дауыс беру күні тіркелген бұзушылық­тар­дың көбі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таралуына қа­тысты болғанын атап өтті. «Әлеуметтік желілерде жүздеген жалған ақпарат тарады. Олардың қай­дан, қалай, не үшін шыққаны ту­ралы талдау жасап жатырмыз. Жал­ған ақпараттардың тарауына аза­маттардың өз құқықтарын біл­меуі себеп болуы мүмін. Мысалы, бұрын болған немесе біздің елде болмаған әртүрлі оқиғаларды дәл сол күні және біздің елде болып жатқандай етіп шығарған. Сонымен қатар, буллинг те орын алды. Яғни, сайлау учаскесіндегі кейбір байқау­шыға кедергі жасап, орынсыз сұрақ қойып, бейнежазбаға түсіріп, олар­дың рұқсатынсыз әлеуметтік желіге салған жағдайлар кездесті. Бұл солай әрекет жасаған азаматтардың құқықтық мәдениеті төмен екенін дәлелдейді. Біздің тарапымыздан өрескел бұзушылықтар байқалған жоқ. Бұзушылықтардың 99%-ы сайлау процесіне кері әсерін тигіз­бейтін, тез арада шешімін табуға болатын қателіктер болды. Мысалы, бір отбасы дауыс беретін кабинкаға бірге кіріп кеткен. Бұл да бұзушы­лыққа жатады, бірақ ол дауыс беру нәтижесіне айтарлықтай әсер еткен жоқ», – дейді Н. Өтешов. P.S. Мәжілістің қазіргі шақырылымының өкілеттігі 2021 жылғы 24 наурызда аяқталады. Яғни, төменгі палатаның жаңа құрамы сол уақытта қызметіне кіріседі. «Халық қалаулылары» деген мәртебелі атты иемденетін азаматтардың алдағы бес жылдағы жұмысы кешегі сайлауда қазақстандықтар жасаған таңдаудың дұрыс не бұрыстығын көрсетпек.

Серіктес жаңалықтары