Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясында Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялады. Белгілі болғандай, дауыс беруге қатысқан ҚХА мүшелерінің жалпы саны 351 адам болды. Мәжіліс депутаты кандидаттарына берілген бюллетеньдер: Сауытбек Абрахманов – 298, Аветик Амирханян – 270, Ильяс Буларов – 274, Наталья Дементьева – 292, Юрий Ли – 282, Вакиль Набиев – 285, Шамиль Осин – 271, Владимир Тохтасунов – 277, Абилфас Хамедов – 290. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады. Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша ҚХА-ның XXVIII сессиясы өтті. Сессияның айрықша құқығы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тоғыз депутатын сайлау. Осы орайда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 93-1-бабына сәйкес сессияда Ассамблеядан сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ҚХА Кеңесі ұсынған үміткерлерге дауыс берілді. Бүгін түске дейін кандидаттарды сайлау аяқталды. Дауыс беруге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХА мүшелері қатысты.
Жүктелуде...