«Махаббат сусыны» көпшіліктің көңілінен шықты

«Махаббат сусыны» көпшіліктің көңілінен шықты

«Махаббат сусыны» көпшіліктің көңілінен шықты
ашық дереккөзі
«Астана Опера» көрермендері өткен жылдың соңында ең жарқын сәттерге куә болды: театр қатарынан ғаламат үш премьераны өткізді, қызу қарқынмен жұмыс істеп, көпшілік қауым үшін асқақ өнермен қауышу бақытын сыйлады. 2021 жылы театрсүйер жандарды не күтіп тұрғаны жайында «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров баяндап берді. - Биылғы жылға «Астана Опера» театрының қандай жоспарлары бар? - Осы жыл жемісті әрі мазмұнды, мәнді болады деп үміттенеміз. Бірқатар премьераларды жоспарладық, олардың қатарында Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына атақты хореограф Иржи Килианның қойылымындағы «Алты би» эксклюзивті балеті, Тибор Кочактың музыкасына Дьюла Харангозоның «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеттік спектаклі, Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» операсы бар. Өздеріңіз білетіндей, желтоқсан айында «Дала үні» ұлттық балетінің премьерасын ұсындық, ал енді ұжым Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық батырлық операсының дайындық жұмыстарына кірісті. Жақын арада көрермен қауым біздің тұрақты репертуарымыздың керемет спектакльдерін, атап айтқанда, Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетін, Джакомо Пуччинидің «Тоска», Жорж Бизенің «Кармен» операларын тамашалай алады. Биыл «Астана Опера» театры Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге атсалысады. Бұдан бөлек, ұжым гастрольдік қызметін де жалғастырады: қыркүйекте Ресей Үлкен театрының тарихи сахнасында өнер көрсетуіміз жоспарланған. - Қазіргі таңда труппа бар күш-жігерімен толыққанды жұмыс істеп жатыр ма? - Иә, әлбетте. Әзірге көрермендер саны шектеулі болғанына қарамастан, бұл театр афишасындағы спектакльдердің сан алуандығына кері әсерін тигізген жоқ. Әртістер күн сайын дайындалуда, жаңа материалдарды жаттауда. Балет труппасы туралы айтар болсақ, мереке күндері оларға едәуір жүктеме артылды – бұл желтоқсан айының соңы мен жаңа жыл түнінде, сондай-ақ қаңтарда да жалғасын тапқан «Щелкунчик» балеттік спектакльдері. Әртістеріміз өте кәсіпқой, сондықтан бір стильден екіншісіне – классикадан бастап неоклассикадан заманауи хореографияға дейін жылдам ауысады. Опера солистері, оркестр музыканттары, хор да өз деңгейін сақтап келеді, олардың барлығы Жаңа жыл қарсаңында зор табыспен өткен «Махаббат сусыны» операсының қойылымы үшін музыкалық сыншылардың жоғары пікірлеріне ие болды. – «Махаббат сусыны» туралы айтар болсақ, қазіргі уақытта театрда комедиялық және драмалық спектакльдердің арасында тепе-теңдік бар ма? - Комедиялық жанр өте күрделі болып табылады. Біз «Махаббат сусыны» операсына «Жібек саты», «Дон Паскуале» сияқты опералар арқылы келдік, яғни комедиялық опералардың стилін, сондай-ақ Г.Доницеттиге тән партияларды шеберлікпен орындауды зерделедік. Жалпы алғанда, репертуар саясатын классика оның іргетасы болатындай етіп құрдық, алайда жаңа, эксперименталды түрлерге жол жоқ демейміз, себебі мұнсыз театр өмірі толыққанды  болмайды. - Сіз үшін театр шынымен де екінші үйіңіз бе? - Белгілі бір деңгейде біз мұнда өмір сүреміз, ғажайып дүниелер орын алатын осынау өнер ордасына қуанышпен асыға келеміз де, өте кеш кетеміз, себебі мақсатымыз – көрермендердің көңілінде әсемдікке, жарқындыққа, жақсылық пен мәңгілікке деген сенім мен үміт отын жандыру. - Сіз үшін жақсы спектакль деген не? - Бұл – көрермен залындағы аншлаг, спектакльден кейінгі ыстық қошемет пен ықылас, жұртшылықтың жарқын эмоциялары, осы үш компонент болса, шығармашылықпен бетпе-бет жүздесу болды деген сөз, демек зор еңбектің бекер болмағаны!