«Түркі әлемі» тарихи-мәдени атлас жарық көрді

Халықаралық Түркі академиясы (International Turkic Academy) 8 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «ТҮРКІ ӘЛЕМІ. ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА» атты жиын өткізеді, деп хабарлады Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі жеке парақшасында.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған алқалы жиынға Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Ақынжы, ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов, өзбекстандық сенатор Азамат Зиё, академик Оразақ Смағұлов, сондай-ақ Ресейден, Моңғолиядан, Индиядан, Германиядан, АҚШ-тан белгілі ғалымдар қатысып, сөз сөйлейді.
Онлайн арқылы да көптеген көрнекті ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елшілер, дипломаттар мен депутаттар, белгілі саясаттанушылар, академиялар мен ғылыми институттардың басшылары қатысатын жиын барысында Түркі академиясы әзірлеп, шығарған «ТҮРКІ ӘЛЕМІ. ТАРИХИ-МӘДЕНИ АТЛАС» атты іргелі еңбектің таныстыру-тұсаукесер рәсімі өтеді.
Айта кетерлік жайт, бұл Атласта 200-ден астам тарихи карталар топтастырылған. Сонау сақ-скиф, ғұн дәуірінен бастап кешегі кеңестік кезеңге дейінгі дәуірлерді тұтас қамтитын Атласта түркі әлеміне қатысты әйгілі жиһангездер мен саяхатшылар әзірлеген карталар толықтай енген. Сол жүздеген тарихи картаға тіл бітсе, кімнің кімнен шыққаны соқырға таяқ ұстатқандай айқын болары анық.
Сондықтан Атлас пен аталған іс-шараны соңғы кездері «шегара» туралы сандырақ сөз айтып, сандалып жүрген әлдекімдерге академияның дәйекті, ғылыми жауабы болады деп үміттенеміз.
Зум арқылы өтетін бұл іс-шараға сіз де тыңдарман ретінде қатыса аласыз.
Сілтемесі: Zoom ID: 88476969270
Back to top button