Орталық Азия одағы – қажеттілік

Ресей өзінің шовинистік көзқарасын ашық білдіріп, серіктестеріне  қысым көрсеткен сайын, құрамындағы тәуелсіз елдер үшін Еуразиялық одақтың қажеттілігі төмен­деп, маңызы кеми түсуде. Бірден болмағанмен, біртіндеп бұл одақтан Қазақстан іргесін аулақтата бастауы әбден мүмкін. Оған, әрине Кремль өзі итермелеп отыр. Негізінде одақ ішін­де бәрін билеп-төстеуге, Ресейге ешкім артығымен құқық берген жоқ. Мүше мем­лекеттер тең құқыққа ие. Ресми Мәскеудің дөңай­баты одақты тек ыдыратуға қызмет ет­пек. Мәселеге  пәлсапалық тұрғыдан келсек, бұрынғы отарлаушы мен бұрынғы отар мәң­гілік бір одақта қала алмаса керек. Оның үсті­не ол отарлаушы басқа емес,  Ресей болса.

Соғыстың бетін ары қылсын десек те, Ресей өзіне тегі, тілі тұрғысынан жа­қын Украинаны аямағанда, Қазақстанды есіркей қоймас. Сондықтан қай-қашанда қауіп-қатердің басы ашық болса керек. Де­генмен Ресей өз ішіндегі Алтай, Баш­құрт­стан, Кабардин-Балқар, Қарашай-Черкес, Саха, Татарстан, Тыва, Чуваш, Қырым се­кіл­ді Федерация құрамындағы респуб­ли­калар мен өзге де түркі халықтарының, қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, әзербайжан, түрік диас­пораларының көңіліне, біздегі орыс диас­порасының көңіліне қарағанымыз се­кілді қарауы тиіс. Әйтпесе, Федерация өз іші­нен ыдырауы әбден мүмкін. Қазақстан се­кілді қалың түркінің Атажұртына ша­буыл­дауды сол халықтар қолдамайтыны анық. Яғни, Ресей кімнің жерінде отыр­ға­нын іштей болса да мойындап, тәубасына келуі керек.

Ресей зорлығынан айнымаса, Қа­зақ­стан үшін ең тиімді де сенімді се­рік­тес Орта Азия елдері болмақ. Орта Азия ел­дері – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан. Осы мемлекеттердің ішінде тілі иран тіл­ділер тобына жататын тәжіктерден өзгесі түркі тілділер. Кеңес Одағынан бері бірге ке­ле жатқан тәжік ағайындардың да түр­кі­лерге бәлендей жаттығы жоқ. Түсінісіп жұ­мыс істеуге толық мүмкіндік бар.

Негізінен Тәуелсіздік алған соң туыс­қандығымыз жиі айтыла бас­тағаны болмаса, Кеңес Одағы тұсында түркілердің бірлігін қаламайтын құпия қызметтердің әсе­рінен және өзге де себептерге бай­ла­нысты түріктерді, өзбектерді, ұйғырларды тағы басқа түркі халықтарын қазақ ара­сын­да ұнатпаушылық көзқарас қалып­тасқан. Оның салқыны әлі сезіледі. Бұл әрине дұрыс емес. Кеңес Одағы (Ресей де) әлем тарихында айдарынан жел ескен көп­теген Түркі империяларының жерінде ор­нады. Сондықтан алдымен түркілерден қауіп­тенді. Қазір де солай. Патшалық Ресей де, Кеңес Одағы да түркілерді ыдырату, есе­бін тауып жер бетінен жойып жіберу сая­сатын ұстанды. Яғни, тек ХХ ғасырды ал­сақ, Мұрат Әуезов айтқандай, қазаққа жер емес, керісінше ашаршылық, репрессия сый­лады. Әрине, шовинистер Қазақстан де­геніміз – Алтын Орда, демек керісінше қа­зақ орысқа жер бергенін айтқысы кел­мейді, мойындамайды. Сол ақиқатты мойын­дамау үшін «қорыққан бұрын жұ­дырықтайдының» керін келтіруде.

Мұндайда біз түркілер деген кімдер, олар қайда тұрады деген мәселе­лер­ге жиі тоқталып, түркі бауырларымызды өзі­мізге тартып, қолдап отыруымыз қажет. Түр­кілердің бүкіл Еуразияға бытырап ор­наласуы – Еуразияға иелік еткенімізді көр­сетеді. Америкадағы үндістердің тіліндегі түркілік негіздер – түркілердің өте ежелгі халық екенін айғақтайды. Бұл ретте, мұн­да пайда болған орысың жіп есе алмай қала-ды.

Ғалымдардың пайымдауынша түркі­лер­ді этнодемографиялық тұрғыдан беске бөлу­ге болады:

1.Қарлұқ тобы – қырғыз, саха, тува, ха­қас, алтай, уранхай, шор, долған, опа. 2. Оғыз тобы – түркімен, қашқай, қызылбас, ап­­шар, шақсыбан, қарадағ. 3. Қыпшақ тобы – қазақ, татар, чуваш, башқұрт, қырым, қа­рақ­алпақ, құмық, қарашәй, балқар, ноғай, қарайым, қырымшақ. 4. Шағатай тобы – өзбек, ұйғыр, са­лар, бұқар еврейлері, сарыұйғыр, хотан. 5. Салжұқ тобы – түрік, әзербайжан, месхет, гагауыз, қыпыр, қарапапақ, қаджар.

Осы тізімдегі қарлұқ тобында бірінші тұрған қырғыз бауырларымыз, тіл­дік тұрғыдан қыпшақ тобына жатады, бірақ тіліндегі қос дауыстылар (аа,оо) оларды басқа топқа мегзейді. Сондай-ақ бұл халық­тардың біразының тілі өлі тілге айналып үл­герді. Яғни ғалымдардың бұл бағытта ат­қарар ісі ұшан-теңіз.

Әрине, түркі әлемі біраз зерттелді. Н.Аристовтың айтуынша, қаңлы, қып­шақ, дулат, алшын, арғын, найман, ке­рей, қырғыз, саха, теле, түрк-түкю, қарлұқ се­кіл­ді рулар түркі халықтарының қалып­тасуына үлкен ықпал еткен. Бұдан қазақты да құраған негізгі тайпалардың атын көріп отырмыз.

Жоғарыда көрсетілген бір ғана оғыз тобымен қазақтың жақындығы жө­нінде ғұлама Әлкей Марғұлан былай деп жа­зады: «…ежелгі оғыз тайпаларының ат­тары осы күнге дейін қазақ халқының құрамында сақталып келеді. Мәселен: Ақ-қойлы, Қара-қойлы, Көктен (Көкден), Ошақ­ты (Ошақ елі), Адай (Адақ елі), Кете, Кердері, Абдал (Эфталит)… «Қыпшақ ше­жіресі» деген кітапта айтылған ең алдымен Алаша хан, оның екі баласы болды, біреуі Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісі Жайылхан, одан қыпшақ, кейін қазақ пен қа­рақалпақ, түрікпендер Боз-оқтан тараса, қа­зақтар Үш-оқтан… Қазақтың эпос жы­рын­да оғыз бен қыпшақтың бір қосылған дәуі­рін «Көндігер-Құбаң жұрты» дейді. Құбаң еуропа әдебиетінде айтылатын күн­батыс қыпшақ тайпаларының бір аты (Құбаң, Құман). Құбаң орысша айтылатын «По­ловцы» сөзіне дәл келеді (Сұрғылт, құба). Қазақша «Құба-құл» деген атақты алып болған. Орталық Қазақстанда Ерей­мен тауының солтүстік белесін «Құман тау» деп атаған, ерте кезде Құмандардың көп тұрған жері болу керек.

Қазақтың шежіресі бойынша «Көн­ді­гер» Сырдариядан күнбатысқа не оң­түстікке ауып кеткен тайпаларға беріл­ген ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана оғызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін.

…Мәселен, ежелгі аушар тайпасы қол­дан­ған таңбаға шекті ие болады, егдер таң­ба­сына кете, шәуілдір таңбасына арғын, қайыр таңбасына алшын, салар мен жеме­ней таңбасына найман елі ие болып қалады. Демек, бұл айтылған тайпалар өзінің тари­хи туысымен, тарихи таңбаларымен ежелгі оғыздардан тараған ұрпақ екенін білдіреді». Мінеки, бұдан артық дәлелдеу мүмкін емес шығар. Түркілердің бір-бірімен тым жақын туысқандығын дәлелдейтін мұндай дерек­тер көп. Олардың барлығын түгендеу бір ма­қаланың деңгейінде мүмкін емес. Әрі мұнда ондай мақсат қойып отырған жоқ­пыз.

Енді ілкіде сөз еткен орта азиялық одақ мәселесіне келсек. Орта Азия ел­дері Тәуелсіздіктерін жариялаған бойда одақ құруға талпынып көрді. 1993 жылы «Орталық Азия одағы» құрылғаны жария­лан­ды да. 1998 жылы аты сәл өзгертіліп, «Ор­талық Азия экономикалық қоға­м­дас­тығы» делінді. 2002 жылы «Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы» аталды. Алайда көп нәтиже шықпады. Әр мемлекеттің ішкі жағдайына, экономикасына қатысты болды ма, әйтеуір кедергі көбейгенге ұқсайды. Әл­де одақ сыртынан одақ құрылып, Ресейге бірігіп кетуден қорыққан сыңайлы. 2001 жыл­ға дейін аталған экономикалық қоғам­дастық мүшелері 250-ге жуық үлкенді-кішілі құжаттарға қол қойса, солардың 90 пайызы іске асырылмаған. Қағаз жүзінде қалған.

Ресейге бірігу дейтініміз, Еуразиялық одақ құру идеясы да 1994 жылы кө­терілген. Әрине, Еуразиялық одақта Ре­сей­дің дегені болатынын мемлекет басшылары біл­ді. Тағы да тәуелділіктен сақтанғандары анық. Оған қоса аталған республикалар на­рықты экономиканың толып жатқан қиын­дықтарымен бетпе-бет келді. Қа­зақстанның оңтүстігіне Өзбекстан, Тәжік­стан, Қырғыз Республикасынан келген гас­тербайтерлер қаптап кетті. Ташкенттің «Жібек жолы» кеденінің жасанды кедер­гі­лері шу шығарды. Одақтың Қытай тауарын тұтынушы ғана емес, өздері тауар өндіріп, бәсекелесу деген секілді мақсаттары аяқсыз қалды.

Дегенмен оның барлығы біртіндеп шешілетін мәселелер еді. Орталық Азия одағының сиырқұймышақтанып ке­туі­не мемлекет басшыларының, әсіресе Өз­бекстан президенті Ислам Каримовтің же­ке басының амбициясы әлде мемле­ке­тінің мүддесі көбірек ықпал етті. Ол 2006 жы­лы «Қазақ, өзбек бір болса, бізді ешкім жеңе алмайтын болады» деп мәлімдесе, ара­да екі жыл өткенде «Мен бұл бастаманың бізге, Өзбекстанға қолайлы емес екенін бір­ден мәлімдеймін. Егер Қырғызстанға Қа­зақ­станмен одақтың қажеті болса, олар өздері екеуара шешуі тиіс» депті. Содан кейін-ақ Орта Азиялық одақ қожырады, Еу­разиялық одақ күш ала бастады. Қа­зақстан базарларын, дүкендерін Қытаймен қосамжарланып Ресей тауарлары басып қалды.

Орталық Азия одағын құру бағы­тын­дағы алғашқы талпыныстың сәтсіз аяқталуында өзге де себептері баршылық. Көп жылғы отарлық езгіден кейінгі Азат­тық­­тың қуанышы әрі тым ұзақ уақытқа со­зылған бодандықтан мемлекеттілік тә­жірибесінің үзіліп қалуы – респуб­ли­ка­ларды балалық сырқатына шалдықтыр­ғандай жағдайға түсірді. Қалай болғанда отар­сыздандыру үрдісін қалыптастыру қа­жеттілігі туды. Дүниенің басқа қиырындағы елдермен экономикалық һәм саяси қарым-қа­тынастар орнату міндеті тұрды. Әлемде орыстан да ұлы халықтар, Кеңес Одағынан бәлен ғасыр алға дамып кеткен елдер бар еке­нін көріп, көздері ашылды. Ал күні ке­шеге дейін Кремльдің айтқанын істеп үй­рен­ген басшылар, түркіменстандық сая­сат­танушы Аннадур Хаджиевтің сөзімен айт­қан­да, солтүстіктегі көршіге жалтақтап, Кеңес кезіндегі стереотиптен арыла алма­ды. Сондықтан бірігуге мүмкіндік болмады.

Ал Тәуелсіздік алғандарына отыз жыл толатын қарсаңдағы Орталық Азия елдері басқаша. Республикаларда қай са­лада болмасын құқықтық негіздер қала­нып қойған жоқ, жан-жақты дамытылды. Балалықтан арылып, оң-солын танып, әлем­нің қай елімен қалай қарым-қатынас жасау қажеттілігін үйренді, тәжірибе жи­нады. Керемет, айды аспанға шығармаса да, белгілі дәрежеде дамыды. Дербес саясат жүр­гізіп машықтанды. Көкелерге жалтақ­та­мауды үйренді. Өз елінің мүддесіне жұмыс істеу үрдісін қалыптастырды. Отар­сыздандыру бағытында қомақты іс тын­дырып, отаршылар жазған тарихын түзетіп, өздерін-өздері тани түсті. Ел басшылары өз­герді.

Бірақ Орталық Азия одағын құруды қайта қолға алуға әзірге саяси ерік-жігер жетпей жатқан секілді. Әлде саяси ахуал пісіп жетілмеді ме, деген де ой келеді. Дүниені індет жайлап тұрғанда, бәлкім, асық­пай қимылдау қажет шығар. Дегенмен тек 2020 жылдың өзінде, іргелес Қырғыз Рес­публикасындағы кезекті төңкеріс ке­зін­де де, Тәжікстандағы президент сайлауы тұ­сында да, тіпті Өзбекстандағы су қой­ма­сы жарылып, екі елдің де жерін су басқанда да аталмыш елдер жайлы жарыған ақпарат берілген жоқ. Мемлекетаралық «Мир» телеарнасы Ресей ақпараттарынан аспайды. Орталық Азия елдері туралы жылтыңдатып шағын-шағын мәліметпен шектеледі. Ал барлығын көрсете беретін ақылы бағдар­ламалар, Қазақстан халқына қолжетімді емес. Халық бауырлас елдер жайлы ашық ақпараттарға зәру. Сол мемлекеттерде қазақ диаспорасы, яғни тумалары тұрады немесе сол жақта туған дегендей. Әйтеуір бауырлас елдермен барыс-келісті көбейтіп, ақпарат алмасу қажеттілікке айналды.

Бауырлас Әзербайжан республикасы тоқ­саныншы жылдардағы аласа­пыранда армияндар алып қойған жерін (Карабахты) қайтарып алды. Әрине, қуаныштымыз. Соғыс кезінде берген сұхбаттарынан Иль­хам Әлиев есімді президенттің өрелілігіне, мәдениетіне, отаншылдығына, батылдығы­на сүйсіндік. Қалай болғанда да Гейдардай әкенің тәрбиесін көрген, еуропалық елдің басшысы екені көрініп тұр. Түркіменстан жай­­лы әлемжеліде көбіне Құрбанқұлы Бер­дімұхамедовті қана көреміз. Онда да тек жа­ғымсыз бейнежазбалар. Бізге сол бей­нежазбалар әдейі біреулердің арандатуын­дай көрінеді. Қысқасы, Орталық Азия ел­дері 2008 жылдан кейін бір-бірінен алыс­тап кетті. Тегі, тарихы бір елдердің неліктен бір-бірімен «алыстан сыйласуға» көшкені халыққа түсініксіз. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың да бәрібір болашақта Орта Азиялық одақ құрылатынына сенетінін айтқаны да жадымызда.

Жер өздерінікі болмаған соң да Ресей шовинистерінің байбалам са­ла­тынындай бәлендей Осман империясы құрыла қоймас. Оған түркілердің өздері де жол бермейді. Бірақ түркі елдерінің ын­ты­мақтастығын ешкім тоқтата алмайды. Ал, Орталық Азия одағын құру бүгінгі қажет­тілік дер едік.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

Back to top button