Момышұлының ерлігі жайлы кітап курсанттарға тарту етілді

Естеріңізде болса, Александр Бектің Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Волоколамск тас жолы» кітабының алғы сөзін жазған әскери ғалым, отставкадағы полковник Ким Серікбайұлы былай деген екен:

«Мынау соғыс жылдарының қезінде Волоколамск тас жолының батырлары туралы алғашқы әңгімелер «Знамя» журналында жариялағандығы белгілі. Журналдар майданда да, тылда да әбден тозығы шыққанша оқылды. Қолдан-қолға өтіп, талқыланды және зерттелді. Әскери ірі қолбасшылардың бірі тездетіп кітап қып шығаруды өтінді, оны қолбасшыларға да, жауынгерлерге де тарату мақсатын қойды.

Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы тек қана соғыс жылдарында танымал болған жоқ. Ағылшын, араб, грек, испан, итальян, қытай, неміс, португал және жапон тілдеріне аударылды. Аудармалар таралымы екі миллион данадан асты.

Көптеген елдерде бұл кітап әскери оқу орындарының студенттеріне міндетті түрде оқытылады. Ал Орталық барлау басқармасында (ЦРУ-да) А.Бектің кітабы бойынша олар кеңестік қолбасшылар мен жауынгерлердің психологиясын  «жұмбақ орыс жанын зерттеді». Оны қазір де оқып, дәйексөз келтіруде, ал Кубада, Израильде және басқа да елдерде әскери оқу орындарының түлектері бұл кітапты дипломмен бірге алады», – деп жазғаны бар.

Өзге мемлекеттер әскери оқу орнын бітірген курсанттарына қазақтан шыққан даңқты батырымыз туралы кітапты ардақтап ұсынып жатқанда біздер де құры қол қарап отырмай осы бір игілікті істі іліп әкетіп, әскери бөлімнің құрылғанына 89 жыл толуына орай 26-желтоқсанда шекарашы курсанттарға салтанатты түрде тапсыруды жөн көрдік.

Ғасырға жуық тарихы бар ҚР ҰҚК Шекара академиясының алдында майор Қанат Бердіқұлов жетекшілік ететін 4-оқу дивизионының 200-ден астам курсанты салтанатты түрде сап түзеді.

Академия бастығына енді санаулы айлардан соң шекарашы офицер атанатын 4-курс курсанттарының сап түзегенін баяндаған полковник Е.Кайппаев оқу дивизионының бірнеше белсенді курсантына академия бастығының сержант шенін беру туралы бұйрығын оқыды.

Полковник П.Поливановтың қолынан курсант кезінде жүріп-ақ сержант әскери шенін алған курсанттардың қуанышында шек жоқ. Жүздері бал-бұл жайнап, бойларын қуаныш оты кернейді.

Осылайша әр курсантқа бір-бір данадан үлестірілген кітаптың алғашқы бетінде академия бастығының шағын ғана жазған естелігі бар кітаптар нағыз оқырманын енді ғана тапқандай.

Иә, айтса айтқандай «волоколамск тас жолы» кітабы әлемдік әдебиетте өзінің лайықты орнын алды. Бұл әрқашан деректі-көркем және зияткерлік құндылық болып қала береді. Бұл заңды нәрсе, өйткені ақиқат пен әділдік әрқашан тарихпен және болашақпен бірге жүреді.

Жанат Жабырбеков

Back to top button