ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардан артық есеп талап еткені үшін 50-ден астам білім беру ұйымының басшысы жазаланды. «Бұл бағытта батыл шаралар қолға алынды. Заң қабылданды, норма нақты бекітілді, заңға қосымша нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданды. Қазір барлық процестерді реттеудің нақты тетіктері бар. Қазір педагогтың күн сайын екі құжатты ғана толтыруға міндетті екенін бекіттік, олар – сынып журналы, қазір оны көпшілігі электронды түрде толтырады және сабақ жоспары. Одан басқа құжаттарды мұғалім күнделікті толтыруға міндетті емес. Жылына бір рет күнтізбелік-тақырыптық жоспар дайындалады», – деді А.Аймағамбетов. Сондай-ақ, министр педагогтан артық есеп сұрау бойынша шағымдар келіп түскенін және нақты шаралар қабылданғанын айтты. «Биылғы жылдың өзінде осы норманы бұзу бойынша білім беру ұйымдарының 50-ден астам басшысы жазаланды», – дейді Білім министрі.
Жүктелуде...