Қарулы жасаққа жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрған қазақ

Қарулы жасаққа жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрған қазақ

Қарулы жасаққа жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрған қазақ
ашық дереккөзі
2008 жылы Грузияның Гори қаласының маңын­дағы блокпостта грузин­дердің әскери колоннасын жал­ғыз өзі тоқтатқан ресейлік пуле­метшінің суреті ғаламторды шар­лап кетті. Бұдан бөлек, «Үш жүз емес, бір-ақ солдат жеткі­лік­ті» деген атпен сол пулеметші жай­лы түсірілген видео мил­лион­даған көрілім жинады. Ең қызығы, көпшілік былтырға дейін сол пулеметшіні аталған блокпост маңында ерлікпен қаза тапқан бурят Бато Дашидоржиев деп таныған еді. Тоғыз жыл бойы Бато туралы мәлімет іздестірген Ресей Мемлекеттік Думасының де­путаты Алдар Дамдинов был­тыр әлгі пулеметшінің ешқандай да бурят емес, қазақ азаматы Тас­болат Ибрашев екенін жариялап, көпшілікке таныстырды. Тасболат Шешенстанда әскери қызметте жүрген жерінен Гори қаласына шақыртылған. Атырау облысы Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында туған, кейіннен Астраханға қоныс аударған Тасболатпен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Тасболат, осыдан он екі жыл бұрын ға­ламторды шарлап кеткен суреттің та­рихын сөз етпес бұрын, кіндік қаныңыз там­ған жер –Аққыстау ауылынан Аст­раханға неліктен көшкеніңізді сұра­ғым ке­ліп отыр. Қай жылы көштіңіздер? – Атыраудың Аққыстауынан Астраханға 1986 жылы көштік. Ол уақытта екі жасар ба­ламын. Сол себепті отбасымызбен елден кеткен сәтіміз есімде жоқ. Анам Сафура Астра­хан өлкесінің тумасы, ал әкем Абат Аты­рау облысында дүниеге келген. Кезінде екеуі көңіл жарастырып, көп ұзамай шаңырақ көтерген, анам сол үшін Қазақ­станға көшіп келген. Алайда әкеммен дәм-тұзы жараспай ажырасып, нәтижесінде екі әп­кем Әлия мен Әселді және мені өзімен бір­ге Астрахан облысы Красноярск ауданы Қа­раөзек ауылына алып кеткен. Әкем бүгінде Атырауда, ал анам кезінде біз тұрақтаған сол Қараөзекте тұрады. Әпкелерім де сол өңірде тұрып жатыр. Екеуі де үйлі-баранды, бүгінде үлкен әпкем немере сүйіп отыр. – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда Атырауда түскен суреттеріңізді көріп, сол көшкеннен елге былтыр ғана келген бо­лар десем, 10 және 11-сыныпты Аты­рау облысындағы Құрманғазы ауда­ны­на қарасты Ганюшкин ауылында оқып­сыз. Мектепті елде аяқтауыңызға әкеңіз­дің ықпалы болды ма? – Жоқ. Әкеммен байланыс жоқ. Ал Ганюш­кинге «Сонда барып оқы» деп анам жіберді. Анамның екі әпкесі кезінде Қа­зақстанға көшіп кеткен, кішісі қайтыс бол­ды, үлкені сонда тұрады. Мен елде сол кі­сілердің қамқорлығында болдым. Ганюш­кин­дегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мек­тепте оқыдым. Сосын мектеп бітірген соң, Қа­раөзекке оралып, кейіннен әскерге кеттім. Вла­дикавказда екі жыл әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, ауылда біраз жүріп, со­сын келісімшарт бойынша әскери қыз­мет­ке орналасып, Шешенстанға жұмысқа кеттім.  width= – 2008 жылы сол әскери қызметте жүргеніңізде шетелдік журналистер түсірген, колоннаның алдында жалғыз өзіңіз тұрған суретті сөз етсек. 2019 жылға дейін күллі жұрт бұл суретте пулемет ұстап тұрған әскери адам сіз емес, бурят Бато Дашидоржиев деп келді. Мұнымен қоса, Батоны сол сурет түсірілген бір күннен кейін сол маңда ерлікпен қаза тапты деп есептеп, ал Бурятия халқы оны ерекше ұлықтап, тіпті Ресей президенті Владимир Путинге оған «Ресей батыры» атағын ұсыну қажет екені туралы хат жазған деседі. Ал өзіңіз бұл фотоны қайдан және қашан көрдіңіз? – 2010 жылы келісімшарт мерзімі аяқ­талып, үйге оралған соң, «Однок­лассники» әлеуметтік желісіне «Үш жүз емес, бір-ақ солдат жеткілікті» деген жазумен жүктелген видеоны көріп қалдым. Алғашында YouТube платформасына жүктелген видеоны біреу осы желіге орналастырса керек. Сол видеоның астындағы пікірлерді оқысам, қолданушылар «Мәңгілік жадымызда!» деп Бато есімді адамның ерлігі туралы жарыса жазып, пікірлер қалдырып жатыр екен. Әлгі видеодан өзімді көрген мен сасқалақтап бірден әйеліме «Мына видеода бурят емес, мен ғой?» деппін. Әйелім «Қалайша сен?» деп аң-таң болып тұр. Әйеліме «Міне, мен 2008 жылы сонда әскери қызметте болғанмын. Анау видеода коллоннаның алдында тұрған мен, қайдағы Бато?» деп әскери билетімді көрсеттім. Келіншегім бірден әлгі ви­деоның астына мен екенімді жазып, пі­кір қалдыруды ұсынды. Мен «Жазып не керек? Олар тіпті Бато деген адам­ды жерлеп тастаған. Қазір айтсаң сен­бейді» деп, қалың бұқараға мұны дә­лелдеудің құр бекершілік еке­нін айттым. Десек те, әйелім мені көндіріп, ақырында сол ви­деодағы әскери адам бурят Бато емес, мен екенімді жаз­дым, бірақ халық сенбей қойды. «Бөтен біреудің батырлығын өз атыңа иемденіп алуға қалайша дәтің барады?», «Бұл қазақ емес, ра­сымен де бурят! Сеңбеңіздер! Бурят­тың әпкесі Олимпиада чем­пионы екен, ол Путинге Батоны марапаттасын деп хат жазыпты» деген пікірлерді оқыдым. Ана жерде у-шу болып, барлығы бір ауыздан Бато дегенді жақтады. Жалпы, сенімді секілді көрінетін бір дереккөз елдің ауызына не салып берсе, олар соны қайталайды ғой. Ал шын мәнісінде не болғаны, қол­да бар факті оларды қызықтыр­майды. Шет­елдік журналистер «Бұл – Бато Да­­шидоржиев деген азамат. Ол осы видео түсірілгеннің ертесі ерлікпен қаза тап­ты» деп айтты ма, бітті, халық со­ған сеніп жүре берген. Сөйтіп, көп­шілік 2019 жылға дейін сол жалған мә­ліметке сеніп келген (күліп). – Сонда сіз халық айтып жүрген жал­ған ақпаратқа қолды бір сілтеп, тоғыз жыл бойы әлгі видео мен су­реттегі адам өзіңіз екеніңізді дәлел­деуге тырыспадыңыз ба? – Иә, тырыспадым. Дәлелдеп әуреленіп не керек? Жалғыздың үні шыға ма? Қалай дә­лелдеймін? Ол уақытта менде рота коман­дирінің телефон нөмірі болмады. Мені кім қолдайды? Десек те Шешенстанда бірге қыз­мет еткен жігіттер «Бұл  Бато емес, Тасболат Ибрашев!» деп жазды, халық сонда да сенбеді. «Жә, жарайды. Сенбесе, сенбей-ақ қойсын» деп, бұл мәселені жабулы қазан күйінде қоя салдым.  width= – Ал Бато Дашидоржиевті бірнеше жыл бойы іздеген Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, ұлты бурят саяси қай­раткер Алдар Дамдиновқа әлгі ви­део­дағы сіз екеніңізді қалай дәлел­де­діңіз? – 2019 жылғы қарашада тағы сол «Од­нок­лассники» желісіндегі парақшама Буря­тияда тұратын бір жаттықтырушы «Анау видеодағы нақты сенсің бе?» деп жазады. Мен екенімді жазғанымда «Депутат Алдар Дам­динов сені іздеп жүр, телефон нөміріңді бер­сем бола ма?» дейді. Сосын Алдар Дам­динов маған хабарласып «Мәскеуге келе аласың ба?» деп сұрады. Сол уақытта өзім де Мәскеуге барғалы жатқанмын. Сөйтіп, екеуіміз Мәскеуде кездесіп, ұзақ әңгімелестік. Кездесу барысында ол әскери билетімді ақтарып шықты. Онда менің 2008 жылғы 8-28 тамыз күндері Грузия мемлекеті мен Оңтүстік Осетия аумағындағы әскери іс-қи­мылдарға қатысқаным жазулы тұр. Дам­диновтан бөлек, Батоны Екінші дүниежүзі соғысының ардагері, ұлты бурят бір қарт кісі де іздепті. Ол кісі көзі тірісінде видеода бурят деп жүрген азаматты көп іздеген, алайда ол мен табылғанға дейін қайтыс болып кетті. Сосын Дамдинов әлеуметтік желідегі жеке парақшасына әлгі видеодағы жігіт ешқандай да Бато емес, мен екенімді жазды. Сол сәттен бастап, жан-жаққа шақыртылып, сұхбаттан сұхбат беріп, марапаттан марапатқа ұсы­нылдым. Сол жылы 15-желтоқсанда Оңтүстік Осетия басшылығы арнайы шақырып, марапаттады. Сосын Астрахан өлкесінің басшылығы да «Жауынгерлік айбын» медалін кеудеме тақты. Туған жерім Атыраудағы азаматтар да шақырып, ерекше күтті. Десек те, мен марапат алуға тырысқан да емеспін, тырыспаймын да. – Ал сіз қызмет еткен әскери ротада Бато Дашидоржиев деген бурят азаматы болып па еді? Журналистер бұл есімді қайдан алған? – Жоқ, ондай азамат жоқ. Тіпті, Буря­тия Республикасында аты-жөні Бато Дашидоржиев деген адам жоқ болып шықты. Шетелдік жур­налистер менің ұлтымның кім екенін анық­тамай, ойша жазып жібер­ген. Олар Ресейде азиаттық­тардан бурят халқынан бас­қа қазақтар тұратынын білмеген сияқты. Шетел­діктер қазақтар тек Қа­зақ­станда тұрады деп ойласа керек. Оның үс­ті­не көз қиығымыз бір­дей болған соң, бурят деп жаза салған ғой (күліп). Негізі, сол күні менен 15 метр қа­шық­тықта журналис­тер тұрғанын көрдім. Өзіңіз білесіз, шетелдік жур­налистерге әс­кери қақтығыс орнаған қауіпті аймақтардан хабар тарату міндет­теледі. Дегенмен, олар өздері танымайтын аймақта жұмыс істеген­де, кейіпкерлеріне қандай есім қойғысы келсе де, өздері білетін секілді.  width= – Артқа шегініс жасап, Ше­шенстан­ның Шали елді мекеніндегі атқыштар дивизиясында қызмет етіп жүрген сіздің взводыңызбен бірге Грузияның Гори қаласына жақын жердегі блок­постқа келген күніңізді еске алсақ. Ро­таңызда жалғыз пулеметші болдыңыз ба? Неліктен сізді жолдың ортасына жалғыз өзіңізді тұрғызып қойды? – 2008 жылғы 8 тамыз күні рота коман­дирі грузин әскерлерінің жинақталып жат­қанын айтып, бізді Гори қаласына жақын жердегі блокпостқа орналастырды. Ол уақытта Ресей мен Грузияның арасында текетірес болғанын білетін боларсыз. Сөйтіп, командир Александр Дыч­ковский бастаған, отыз адамнан құрал­ған взводпен бірге сол жерге барып, сол блокпосттың қасында тұр­ғанбыз. Сосын дивизия басты­ғының орынбасары, подполковник Штанденко, нақты есімі есімде жоқ, біздің командирге келіп: «Маған пулеметші қажет, сосын пулеметшінің көмекшісі және атқыш керек», – деді. Сөйтіп, біздің командир ротадан ме­німен қоса екі адамды таңдап алып, ол кісімен бірге блокпостқа қа­рай жіберді. Блокпостқа жа­қындай бергенде подполковник «Осында тұрыңдар!» деп бізге бұй­рық берді. Жолға қарасам, грузиндік әскерилер мінген колонна бізге қарай беттеп келе жатыр екен. Штан­денко колоннаны өткізбеу мақ­сатында мені тура жолдың ортасына тұрғызып қойды, ал әлгі екі жігітке жолдың бір жақ шетіне барып, менің артымнан қарауылдап тұруды бұйырды. Маған қарай келе жатқан колоннаны көрген мен подполковниктен «Не істеуім ке­рек?» деп сұрасам, «Осында тұр, еш­кімді өткізбе!», – деді. Сөйтіп, ол грузиндердің әскери қолбасшысымен ке­ліссөздер жүргізу үшін сол жаққа қарай беттеді. Ал колоннадағылар «Мұнда неғып тұр­сың? Жолдан былай тұр!» деп алыстан айқайлай бастады. «Бұл – бұйрық. Сол үшін тұрмын» десем де, олар «Қанеки, кет мына жер­ден! Жол бер!» деп дауласып тұрып алды. «Кетпеймін, ана жерде басшылық бар, солар шешсін!» деп иығыма іліп алған Калашников пулеметін оларға қарай көздеп, мен де жолдың ортасында  қасқайып тұрып алдым. Сөйтіп, сол жерде қырық минуттай тұрдым. Екі жақтың қолбасшылары келіссөз жүргізе алмай, ұзақ уақыт әңгімелесіп тұрды. Сосын Штанденко «Жерге жат, ұрысқа кіріс!» деп бұйрық берді, дереу асфальтке жата қалдым. Алайд­а бірнеше минуттан кейін «Болды, ұрыс­ты тоқтат!» деді. Ал біз жолын бөгеген ко­лонна кері бұрылып кетіп қалды. Бағы­мызға қарай, оқ атылмай, бейбіт тарасты. Сосын тамыздың аяғына таман Грузиядан Шешенстанға оралып, жұмысымды жал­ғас­тыра бердім. Бертін келе жоғарыда айтып өт­ке­німдей, үш жылдық келісімшарт аяқ­талған соң, ауылға қайттым. – Сол видеода сіздің артыңызда тұр­ған екі әскери қызметкердің бірі қазақ дейді. Сол рас па? – Иә, рас. Алайда онымен байланысты жо­ғалтып алдым. Екінші әріптесім, ұлты армян Давид есімде қалып қойыпты. Қазір ол Мәскеуде тұрады. Араласып тұрамын. Рота командирі Дычковскийге де хабарластым. Ол екеуін қалай тауып алдыңыз деп сұрағыңыз келсе, депутат Дамдинов егжей-тегжей тек­серіс жүргізгісі келетінін айтқанда, оған рота командирі, сосын артымда қарауылдап тұр­ған сол екі жігіттің аты-жөнін айтқан едім. Сөйтіп, ол іздеп жүріп, командирді де, армян жігітті де тауып алыпты. – Сонда депутат сіз бар шындықты баяндап бергеннен кейін де тексеріс жүргізген бе? – Иә, расымен мен екеніме толықтай көз жеткізу үшін қосымша дереккөздер мен куәгерлерді іздестірді. Бәлкім, мен өтірік айтып тұрған шығармын. Мүмкін, мен соған ұқсас басқа сарбаз болармын. Кім болса да, күдіктенеді ғой. Бір қарағанда, сырт көзге бұл шоу секілді көрінуі мүмкін, ал шындап келгенде бұл кәдімгі әскери іс-қимыл болған орта. Мұнда әр деталь маңызды. Сол себепті депутат барлығын жіті тексеріп, менің фейк адам емес екеніме көз жеткізгісі келді. Десек те, менің өтірік айтып нем бар? Жалпы, осы видеодағы мен екенім белгілі болған соң, маған хабарласқан адамдардың санында шек болмады. Тіпті, Ганюшкиндегі сыныптас­тарым хабарласып, құттықтады. Олармен қазір WhatsApp желісінде құрылған топта жиі араласып тұрамыз. Ал осындағы жақын достарым «Сен бір өліп, бір тірілген адамсың ғой» деп әлі күнге дейін қалжыңдайды (күліп). Десек те, олар «екінің бірі иығына ауыр пулеметті іліп, сен секілді бүкіл колоннаға қарсы тұра алмайды» деп басымыз қосылғанда айтып жүреді.  width= – Жаңа бір сөзіңізде былтыр барлы­ғы белгілі болған соң, сізді жан-жаққа шақырта бастағанын айтып қалдыңыз. Атырауға кімнің шақыртуымен кел­діңіз? – Атыраудан Арман Тоғаев есімді жігіт бірінші хабарласып, «Сен біз үшін батырсың! Елге кел!» деп шақырып, сый-құрмет көрсетті. Ат мінгізіп, иығыма шапан жапты. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің үлкен залына тұрғындар мен Ауған соғысының ардагерлерін шақы­рып, мені халыққа таныстырды. Арманның жасы менен кіші, сол себепті інілік ілтипат көр­сетіп, асты-үстіме түсіп, жүгіріп жүрген оған алғысым зор. Сосын Атырауға белгілі сый­лы жан Сымбат апа үйіне шақырды. Со­нымен қатар Нұр-Сұлтанда Айбатыр Өтеғұлов деген азамат қарсы алып, қонақ­жайлық танытты. Оралда да жігіттер күтіп алды. Жалпы, елде аяқ-қолымды жерге тигіз­бей алып жүрді. – Қазір қандай қызметтесіз? – Мәскеуде қауіпсіздік қызметінде жұмыс іс­теймін. Бірақ отбасым Астраханда тұрады. Келіншегімнің есімі – Динара, Астрахан­ның қазағы. Екі қызым бар, үлкенім Милананың жасы он бесте, ал кіші қызым Милена төрт жаста. – Ал әскери қызметке қайта оралу туралы ойланған жоқсыз ба? – Ара-тұра ойланамын. Әскери салаға ара­ласқан адам болған соң, мұндай ойдың ма­залайтыны рас. Негізі, маған әскери қыз­метке қайта орналасуға әлі де кеш емес. Жа­сым келіп тұр. Бізде 45 жасқа дейін жұмыс іс­теуге болады. Алдағы уақытта көре жатар­мын.  width= – Атырауға келгеніңізде, егер отба­сыңыз қарсы болмаса, алдағы уақытта Қазақстанға көшіп келу туралы жос­парыңызбен бөлісіпсіз. Алдағы уақытта елге көшіп келуіңіз мүмкін бе? – Бұл мәселе әлі шешіл­меді. Оның үстіне пандемия басталып кетті де, аталған сұрақ сол күйі шешілмей қалды. Дегенмен, кейде осындағы туыс­тарым­ды қалайша тастап кетемін деп ойла­намын. Бүкіл өмірім Қараөзекте өтті. Жалпы, Қараөзекті жақын тартамын, мен үшін ең ыстық өлке. Қараөзек Ресей территориясында орналасқанымен, онда бірде-бір орысты тап­пайсыз. Тек қазақтар тұрады. Қазақы дәс­түр сақталады, қазақ тілінде сөйлейді, қазақша оқи­ды. Барлығы елдегі ауыл­дардағыдай өмір сүреді. Айтарлықтай айырмашы­лығы жоқ.  width= – Өзіңіз мақтанғанды, мақтау сөз ес­ті­генді ұнатпайтын секілдісіз. Сұхбат алу үшін хабарласқанымда «Мен ауыл­дың қарапайым баласымын. Өзімді жұл­дыз я батыр деп санамаймын. Мені қай­тесіздер? Тыныш жүре берейінші. Ин­тернетте барлығы тұр, содан алып құрас­тыра салсаңыз болмай ма?» деп әдеп­кіде сөйлесуден бас тарттыңыз. Сіз­дің неліктен тоғыз жыл бойы үндемей жүре бергеніңізді енді түсінгендеймін. Көзге түскенді, назарға іліккенді еш ұнат­пайтын секілдісіз, солай ма? – Иә, ұнатпаймын. Мен бұл әрекетімді мақ­таныш көрмеймін, колоннаны тоқтату әскери міндет болды. Өз-өзімді мақтамай­мын, бірақ мен қарапайым адаммын. Жалғыз өзім колоннаны қайтарып жібердім деп мақтанбаймын, марқаймаймын. Көрген адам танып, ризашылығын білдіріп жатады. Маған сол да жеткілікті. Былтыр депутат барлығын жайып салған соң, көптеген ресейлік те­леар­на өкілдері хабарласып, Оңтүстік Осетияға барғанда тіпті тікелей эфир ұйымдастырды. Сондай кезде арнайы мамандар қасыңа келіп, грим жасайды, бет-әлпетіңді әрлейді. Со­сын «Қане, микрофонды былай тағыңыз. Он­да салмаңыз. Киіміңізді жөндеңіз» деп әб­ден мазамды қашырды. Мен отыз бес жыл мұның ешқайсысын көрген жоқпын, мені олай ешкім түрпектеп, бұлайша мазамды алмаған. Осы уақытқа дейін өмірім тыныш өтсінші деп келдім. Ал былтыр бір-ақ күннің ішінде танымал болып шыға келдім. Бұл маған қажет емес. Биікке көтерілу қиын, бі­рақ сол биіктіктен құлау екі есе қиын. Жет­кен биігіңді ұстап тұруың үшін еңбектенуің керек. Мен өйтіп жүргім келмейді. Сосын есіңе алғың келмейтін жайтты қайта қо­пар­ғаннан не шығады? Әсіресе, соғысқа қатысты оқиғаларды еске алу қиын. Журналистер көп жағдайда бір нәрсені қайталап сұрай береді. Барлығын тізбектеп, қайталап айтқанды ұната бермеймін. Бұл «ал айтыңыз» деп оңай сұ­рай салатындай дүние емес. Мен Грузияға ба­рып, футбол ойнаған жоқпын ғой. Осы­лайша,  кейде журналистердің ниетін байқап қал­ғанда сұхбат беруден қашқақтаймын. Десек те, сіздер елден шығатын қазақ тілді басылым болған соң келісіп отырмын, бірақ сіз мен сұхбат берген соңғы журналист бо­ларсыз деп сенемін.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ