1 қыркүйек - 2,5 миллион оқушы мектеп партасына отырды

1 қыркүйек - 2,5 миллион оқушы мектеп партасына отырды

1 қыркүйек - 2,5 миллион оқушы мектеп партасына отырды
ашық дереккөзі
Бүгін – білім күні. Ақ бантик таққан бұрымды қыздар мен ақ жейдесін киген тұлымды ұлдарымыз алтын ұя – мектептеріне, ардақты ұстаздарына қарай асығар күн. Алғашқы қоңырау үнін еститін 2,5 миллион оқушының арасында білім ошағының табалдырығын енді аттағалы отырған 370 мыңнан астам бүлдіршін бар. Жаңа оқу жылына қатысты тың деректерді тамыз айының соңында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сұханбердиева мәлім еткен болатын. «Биыл Қазақстан мектептеріне 2,5 миллионнан астам оқушы барады. Сонымен қатар, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер саны 370 мыңнан асады. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сүйенсек, жаңа оқу жылында жұмыс істейтін мектептер саны 7 126 бірлікті құрайды. Ағымдағы жылы 92 мектепті пайдалануға беру жоспарланса, 1 қыркүйекке дейін 60 нысан тапсырылады, ал 2016 жылдың соңына дейін 32 мектептің құрылысы аяқталады», – деді вице-министр. Э.Сұханбердинаның сөзіне сүйенсек, биыл пайдалануға берілетін 92 нысанның ішінде 31-і үш ауысымды мектептер проблемасын шешуге, 29-ы апатты нысандарды алмастыруға және 14 мектеп оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға негізделген. «Республикамыздың 526 мектебі күрделі жөндеу, 6 600 мектебі ағымдағы жөндеу жүргізуді қажет етеді. Күрделі жөндеу 373 мектепте, ағымдағы жөндеу 5 745 мектепте жүргізілді. Толық қажеттілік бойынша жөндеуді Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, СҚО, ОҚО және Астана қаласы жүргізді. Бірқатар өңірлерде қажеттілік бойынша жөндеуге қаржыландыру толық көлемде қарастырылмаған. Сонымен, Алматы облысында мұндай қажеттілік 48 мектепте бар, жөндеу 26 мектепте жүргізілді. ШҚО-да қажеттілік 68 мектепті құрайды, жөндеу 60-тан астам мектепте жүргізілді», – деп нақтылады министрдің орынбасары. Республика бойынша бүгін мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап отыр. Аймақта 74 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барды. Білім саласы бойынша оң көрсеткіштерімен өзге өңірлерге үлгі болып жүрген облыс жаңа оқу жылын сақадай сай дайындықпен бастап отыр. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу үрдісіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында 10 мыңға жуық мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында өңірде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 мектеп ашылатынын айта кеткен жөн. Олардың бірқатары бүгіннен бастап оқушыларға өз есігін айқара ашса, тағы бірнешеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде облыста 1022 мектеп бар. Апатты және үш ауысыммен оқитын мектептер санын қысқартып, заманауи үлгідегі білім ошақтарын салу, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту бағытындағы жұмыстар Ақтөбе облысында да қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні өңірде 558 мектепке дейінгі ұйым, 418 мектеп пен 41 колледж бар. Жаңа оқу жылында 17 білім беру ұйымы іске қосылады. Оның алтауы – мектеп, біреуі – жеке мектеп, бір отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен 4 балабақша және 5-еуі – жеке балабақша. Облыста 1 тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін «Мектепке жол» акциясы өткізілді. Акция басталған бір аптаның ішінде облыс бойынша 2041 балаға 7 миллион 435 мың теңгеге мектеп формасы және қажетті оқу құралдары сатып алынған. 3 айға созылған демалыстан кейін бірыңғай мектеп формасын киіп, оқу құралдарын түгендеген оқушылар бүгін алтын ұя – мектептерінде қауышып отыр. Ақтөбе облысы бойынша жаңа оқу жылында 130 мыңнан астам оқушы мектепке барады. Оның 16237-сі –1-сыныпқа аяқ басқандар. Ал оңтүстік Астанамызда биыл 29 мыңдай бала мектеп табалдырығын аттап отыр. Қалалық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, шаһар оқушыларының жыл соңына дейін алаңсыз білім алуы үшін бар жағдай жасалған. 2016-2017 оқу жылына жергілікті бюджеттен оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2 млрд 33 млн теңге бөлінген. Қаладағы барлық мемлекеттік орта мектептер оқулықтармен толыққанды қамтамасыз етілетін болады. Мектептерді білікті педагог мамандармен қамту мәселесі де министрлік пен білім басқармаларының назарынан тыс қалған жоқ. Бүгінде еліміздің білім беру жүйесі бойынша мектептерде 325 184 педагог маман жұмыс істейді. Биылғы жыл бойынша біліктілікті арттыру курстарынан 91 391 мұғалім өтетін болса, білім мазмұнын жаңарту негізінде 69 097 педагог өтетін болады.Үштілді білім беруді енгізу бойынша 2016 жылы Назарбаев университеті мен еліміздің 15 университеті кешенінде биология, химия, физика және информатика сабақтарының 675 мұғалімі үшін төрт айлық курс­тарды өткізу жоспарланған. Мұндағы басты мақсат – мұғалімдер арасында ағылшын тілін жетілдіру болып отыр. Оқу бағдарламасына келер болсақ, биыл онда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жаңа оқу жылының ең басты жаңалығы – республикадағы жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныптары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 5 күндік оқу аптасына көшу 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 2017 жылы 2, 5,7,9-сынып оқушылары 5 күндік оқу аптасына ауы­сады. Ал 2018 жылдан бастап барлық басқа сынып оқушылары да аптасына 5 күн білім алып, 2 күн демалатын болады.