Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жаңа жобалармен қарсы аламыз – Президент

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы маңызды датасын нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Бұл туралы Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, – деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті. Мұндай тағдыршешті сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдырысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді.

«Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы келесі жылдың басында жарияланатын жаңа реформалар топтамасы туралы айтты. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділет және тең мүмкіндіктер қағидаттарын бекітуге бағытталған Қазақстандағы демократиялық түрленуге тың серпін береді. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу келесі жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлау жоғары азаматтық белсенділік танытып, қоғамның саяси сауатты екенін көрсететініне сенім білдірді. Сайлау науқаны қазақ мемлекеттігінің институционалдық тұрақтылығын дәлелдейді.

Back to top button