Бүгін – Тәуелсіздік күні

Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанғанына бүгін 29 жыл толып отыр.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Америка Құрама Штаттары мойындаған еді. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындап, таныды. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан өзінің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, мемлекеттігін нығайта түсті.

1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты.

1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады.

1997 жылы қазанның 20-сында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды.

1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді.

1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері халық ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға бет бұрды.

Бүгін Қазақстан экономикасы дамыған, бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы бар мемлекетке айналып отыр.

Back to top button