Құжатқа «қазақ» деп жазғаннан не өзгереді немесе қазақ болу – ғажап болу ма?

Құжатқа «қазақ» деп жазғаннан не өзгереді немесе қазақ болу – ғажап болу ма?
Қоғамда әртүрлі үдерістер болып жатады. Ондай үдерістерге әсер етуші факторлар да көп. Бірақ бір нәрсе аян: ештеңе де күштеп, зорлықпен қолдан жасалмауы тиіс. Ал үдерістер табиғи түрде жүрсе, оған ешкім де өкпелей алмайды. Осыны ескеру керек.
Тәуелсіздіктен бері қарай Қазақстанның демографиясын көтеру және елдегі диаспоралар ортасындағы ауызбірлікті күшейту үшін біраз жұмыс істелді. Оның арасында жүзеге асқаны бар, орындалмай қалғаны да жетеді. Дегенмен, қалайда Қазақстан тұрғындарын бір тудың астына жинап, бір мақсат жолында тізе қосып жұмыс істеуге шақыру – мемлекетті күшейтуге бағытталған ізгі ойдан туған идея деп түсінуіміз қажет.
Рас, «Қазақстанда қазақ ұлты мемлекетті құраушы ұлт» ретінде мойындалған. Себебі бүгінгі Қазақстанның негізгі халқы − қазақтар есте жоқ ескі замандардан бері осы елдің аймағында ғана тіршілік еткен. Алайда түрлі саяси жағдайларға байланысты қазақ елі өзге елдің боданында болған ғасырларда елімізге сырттан ерікті, еріксіз көшіп келушілер көп болды. Өйткені ол тұста дербестігінен айырылған қазақ елі тарихи, саяси тұрғыдан өз мәселесін өзі шеше алған жоқ. Сондықтан елімізде диаспора ретінде орнығып көбейген орыс, ұйғыр, түрік, кәріс, дүнген секілді ұлттар екі ғасырдан бері осы елді мекендеген соң Қазақстанды Отаным деп таниды. Солай да болса, ХХ ғасырдың соңында КСРО құлап, ұлттық мәселелер жөнінде еркін пікір айту мүмкіндігі берілгеннен бері еліміздегі диаспоралар арасында өздерінің тарихи Отанына деген сезімін ашық айту – тарихи Отанын туып-өскен елінен артық қоюшылық және сол жаққа көшіп кету құбылыстары байқалмай қалмады. Бұл – бізге тиімсіз құбылыс. Өйткені біз үшін мемлекеттің тұтастығы, халықтың идеологиялық тұрғыдан бірлігі маңызды.
Қазақстан Конституциясы бойынша елдегі барлық азаматтың (ұлты, діні, тіліне қарамастан) құқығы тең. Бұл қандай да бір белгілеріне қарап ешкімге ешқандай артықшылық берілмейтінін және ешкімді кемсітуге жол берілмейтінін көрсетеді. Айтайын дегеніміз осы жылдың 11 қарашасында Мемлекет басшысының өкімімен белгілі тележурналист Мая Бекбаева мен бизнесмен Закиржан Кузиев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды. Бірақ оған халық соншалық елең ете қоймаған, алайда осы үнсіздікті бұзғысы келді ме, не басқалай ойы болды ма, көпшілікке өзінің қазақ мәселесі хақындағы ойын (орыс тілінде) бейнежазба арқылы жолдапты. Онда өзінің ҚХА төрағасының орынбасары болып тағайындалғанын, жаңа лауазымымен құттықтап жатқандарға риза екенін, сондықтан бұрынғы қызметінде (үш тілде хабар тарататын жерсеріктік Kazakh tv арнасының директоры) жүріп, бұл қызметін қоғамдық негізде атқара беретінін айта келіп, Ассамблея отырысында өзінің бір ерекше жағдайға назар аударғанын айтады. Айтуынша, Жамбыл облысының тумасы − әкесі дүнген, шешесі ұйғыр қыз мәселе көтеріпті. Яғни, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің арасында төлқұжатына өзінің ұлтын «қазақ» немесе «қазақстандық» (казахстанец) деп жаздырғысы келетіндер бар екен. «Сондықтан елімізде өздерін қазақ сезінетін өзге ұлттарға неге сондай мүмкіндік бермеске? Америка сияқты көптеген ұлт жасайтын алып елдің азаматтары өздерінің төлқұжатына «американдық» деп жаздырады ғой! Бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар?», − деп аяқтапты сөзін журналист. Бірақ өз ойын орысша жеткізіп отырған журналистің бұл пікірі қазақтарға қарата айтылды ма, не өзге ұлт өкілдерінде арналды ма, ол белгісіз. Мүмкін Бекбаева бұл сөзін барша қазақстандыққа арналған деп ақталар, алайда бұл жаңалық пікір емес, бұрын да талай айтылған. Дегенмен осы мәселенің астарында не бар?..
Қазақстан Конституциясының 19-бабының бірінші бөлімінде былай делінген: «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы». Әрине, бұл заң жүзінде берілген құқық, оны ешкімнің теріске шығаруға хақысы жоқ. Бірақ заң адамның құлқын, ниетін, адамгершілігін өзгерте ме? Мәселе сонда.
Белгілі бір тақырып бойынша мәселе көтеру басқа да, оның жүзеге асуы бір басқа. Ұлт, сенім мәселесі – қашанда байыппен қарауды талап ететін өте күрделі мәселе. Сондықтан Мая Бекбаеваның әлгі ойы жұрттың көбіне жағымсыз әсер еткендей. Көбісі ол ұсыныстың орынсыз екенін айтып жатыр. Мәселен, бұл жайында танымал журналист, қазақ тілін өзінің ана тілі деп санайтын Максим Рожин өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына былай деп жазыпты:
«Қандай ұсыныс болсын оның орынды не орынсыз екенін көрсететін бір ғана сипаттама бар. Ол ұсыныстан не өзгереді? (Қарапайым тілмен айтқанда ол ұсыныстан халыққа, елге, азаматқа, өзіңе не пайда?).
Енді соңғы күндері мені тегтеп көп азамат төлқұжатымда ұлтты өзгертсем, қарсы емес екенін, тіпті «сен өзгертсең рұқсат» деп жазып жатыр. Оған қарсы ойлар да айтылып жүр, орынды деп ойлаймын. Барлықтарыңызға рақмет, біріңізге сенім үшін, басқаларға ашық ойлар үшін.
Осы сәтте барлығымыз бір сұраққа жауап іздейікші: ұлтты төлқұжатта өзгертсек, не өзгереді? Нақты тізіп берсеңіздер. Елде, халықта, қазақ даласын мекендеген әрбір азаматта не өзгеріс болады? Егер мен шатассам айтыңыздар.
Ал меніңше өзгеріс болмайды. Қазақ тілін білмейтіндер қазақша сөйлеп кетпейді, жемқорлар жойылып кетпейді, экономика қарқынды дамып кетпейді, теңге бағамы доллармен тең болып кетпейді. Солай ма? Ал олай болса, популизмді ысырып тастап, елге пайдалы ұсыныс жасайық.
Рақмет, орыс болып жүріп туған жерімді құрметтеп жүре берсем рұқсат шығар? Көбіміз Жаратушының берген ұлтымен, патриотизмді шатастырған секілдіміз. Мойнымызға Жаратушының ісін емес, адамның қолынан келетін, елге пайдалы дүниемен айналысайық».
Өте байыпты, парасатпен айтылған пікір. Біреуді ұлтыңды өзгерт деп таңғаннан не шығады? Оған әркім өзінің шын ықылас, тілегімен барсын, егер бара алса!
Осыдан біраз жыл бұрын әлеуметтік желілерде бір неміс жігітінің жазғаны бар еді. Айтуынша, бала кезінен қазақ арасында өскен. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін де көшпей, қазақтардың арасында жасап қалған. Өзі бір ауыз орысша не немісше білмейтін көрінеді. Сол енді қазақ болғым келеді дейді. «Қазақ болу үшін белгілі бір руға жату керек екен, енді не істеймін?» деп көпшіліктен көмек сұрапты. Сонда оған әркім әртүрлі жауап қатыпты. Соның ішінде бір адам «Егер қазақ тілінен өзге тіл білмесең, қазақтың салт-дәстүрін ұстансаң, құжатыңа «қазақ» деп жаздыра бер, руыңды сұрағандарға «руым неміс» деп айтарсың» деген екен...
Расында, қазақтар этникалық тамырына терең мән береді, оның себебі − бізде ұлт деген ұғым көптеген кейбір елдердегідей жан дүниенің сезінуі (душевное состояние) емес, этникалық негізді танытатын құбылыс. Сондықтан қазақ руын, жеті атасын білмегенді қазақ деп танымайды. Тіпті, кейбір руларды «қазаққа кірме» деп санайтыны да бар. Бұл үрдіс қашанға дейін созылатынын болжау қиын, түбінде ұлттық дәрежеде ойлап, тайпалық көзқарастардан арыла алсақ, бәлкім, ұлт туралы түсінігіміз де өзгерер, бірақ жақын арада оған мүмкіндік жоқ-ау.
Бүгінгі қазақтың уайымы көп, өйткені жеріміз үлкен, халқымыз аз. Сондықтан адам саны жүздеген миллионға жетіп, мемлекетіміз мықты елге айналмай тұрғанда халықтың жанды жеріне тиіп, этникалық мәселелерді қозғаудың қажеті жоқ.
Қазақ болудың бүгінде екі жағы бар: этникалық және рухани. Тегің жағынан (әке жағынан) қазақ болып танылу бір міндет болса, жан дүниең (тілің, ұстанатын салт-дәстүрің, пайым-парасатың) жағынан қазақ болу да парызың. Сонда ғана толық қазақ саналасың. Ал енді шыққан тегің жағынан өзге тамырдан тарасаң да қазақ болғың келсе, оны заң бекерлемейді. Бірақ қазақ тілін, салтын, тарихын, мәдениетін толыққанды игермей тұрып қалай қазақпын дей аласың?
Жасыратын несі бар, бізде тегі жағынан қазақ, төлқұжатында солай жазылған, тіпті ата-бабасын ел танитын, бірақ қазақ тілін мүлде білмейтін, ұлтының салт-дәстүрінен мақұрым (ел оны шалақазақ дейді) қазақтар бар. Олар әзірге қазақ санатында. Бірақ болашақта оларды кім дейміз, ол да бір мәселе... Бәлкім, осындайларды көріп, өзге ұлт өкілдері арасында «төлқұжатқа қазақ деп жаздырсақ жеткілікті екен ғой» деушілер бар шығар. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, нағыз қазақ болу үшін екі жағы да тең болуы керек екенін естен шығармау керек. Максим Рожиннің пікірі де соған келеді. Ол басқа ұлт өкілі болып тұрып та қазақ тілін, салтын біліп, құрметтеп, Қазақстанды Отаным деп танысаң жеткілікті дейді. Өте дұрыс пікір! Адам атымен емес, затымен (жан дүниесімен) қазақ болсын! Бір ақын ініміз жазғандай, «Қазақ болу − Алланың берген бағы, Қазақ болу қиын да, қызық та емес».
Жаратқан иеміз бар халықты тең жаратқан, әрқайсысының өз кемшілігі, өз артықшылығы бар. Ендеше, құжат жүзінде қазақ болу ештеңені шешпейді, тек рухани әлеміміз қазақ болып, Қазақстанды сүйіп өмір сүрсек жеткілікті. Ұлт − саудаға салынбайтын ұғым.