201
«Nur Otan»: Құқықтық кеңестің жылдық жұмысы қорытындыланды
«Nur Otan»: Құқықтық кеңестің жылдық жұмысы қорытындыланды
«Nur Otan» партияcының Орталық аппаратында партия жанындағы Құқықтық кеңестің 2020 жылда атқарған жұмысының қорытындысы талқыланып, келесі жылдың жоспары қарастырылды.
Кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің жетекшісі Қанат Мусин 10 жыл ішінде Заң кеңесі заңнамалық нормаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылау мен әзірлеу үшін тиімді алаң болғанын айтты.
Кеңес төрағасы 2020 жылы атқарылған істерді қорытындылай келе, 8 отырыс барысында Әкімшілік іс жүргізу кодексі жобасының қолданыстағы ережелері, Қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру мәселелері, экологиялық заңнаманың жаңашылдығы, шағын және орта бизнесті заңнамалық қолдау мәселелері талқыланды деп атап өтті.
Атап айтқанда, қазан айында Экологиялық кодекс жобасын талқылау қорытындысы бойынша Құқықтық кеңес 13 ұсыным әзірлеп, Үкіметке жолдаған, оның 4-уі заң жобасында ескерілді.
Құқықтық кеңестің биылғы кеңейтілген қорытынды жиыны пандемия мен экономикалық жағдайдың нашарлауы жағдайында шағын және орта бизнесті заңнамалық қолдау мәселелері бойынша өтті. Талқылаудан кейін заңнамаға инвестицияларды тарту және қолдау, инвестициялар туралы стратегиялық келісімді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер ұсынылды. Нәтижесінде Үкіметке 12 ұсыныс жіберілді.
2021 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау кезінде Құқықтық кеңес мүшелері елдің жоғары оқу орындарында құқықтық білім деңгейін көтеруге, бітімгершілік рәсімдері мен медиацияны жетілдіруге назар аудару қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Кеңес қызметінің 10 жылдығына орай өткен жиын барысында оның белсенді мүшелері азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге қосқан зор үлесі үшін құрмет грамоталарымен марапатталды.
Олардың қатарында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров, Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова, «Астана» Халықаралық ғылыми кешенінің қылмыстық әділет орталығының жетекшісі, профессор Исидор Борчашвили, М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-дың қылмыстық сот төрелігі және ғылыми-құқықтық сараптама бойынша ғылыми жобалардың жетекшісі, профессор Марат Қоғамов, Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі Балгүл Раисова, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев және тағы басқалар бар.