СҚО-да «локдаун» режимі қашан алынады – әкім жауап берді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов коронавирус бойынша өңірдегі ахуалды баяндады.

«Сіздер жаңалық қарағанда аймақтағы жағдай күрделі деген пікір қалыптасуы мүмкін. Іс жүзінде олай емес. Жағдай толық бақылауда. Аймақта қатаң шектеу шаралары бір айдан бері қолданылып келеді. Шекара бекеттерінде карантин стационарлары орналастырылды. ПЦР-тест болмаса, елге кіруге тыйым салынған», – деп атап өтті әкім.

Облыс орталығында карантин енгізілді. Демалыс күндері «локдаун» режимі орнаған. Пойыздардың саны қысқарып, өңірдегі автобус маршруттары тоқтатылды.

«Бұл шаралардың барлығы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданған. Күн сайын вирус жұқтыру мен ауруханаға жату оқиғалары азайып келеді. Жалпы ауырғандардың 94% жазылып шықты. Денсаулық сақтау жүйесіне де айтарлықтай жүктеме түскен жоқ. Стационардағы төсек-орын қорының 36 пайызында науқастар жатыр. Жоспарлы ауруханаға жатқызу жұмысы тоқтаған жоқ. Сондықтан, қазіргі эпидемиялық жағдайға сүйене отырып, желтоқсан айының ортасына қарай демалыс және мереке күндеріндегі локдаунды алуды, облыс орталығында шектеу шараларын айтарлықтай жеңілдетуді жоспарлап отырмыз», – деді Қ.Ақсақалов.

Сонымен бірге, аймақта жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, жасанды тыныс алу аппараттары сатып алынды. Жедел жәрдем көліктерін жабдықтау 76 пайыздан 100 пайызға жеткізілген.

Back to top button