Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Қазақстанның атынан «Әлем ханымы–2020» байқауына қатысады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады. «Биыл «Әлем Ханымы-2020» – «Миссис Вселенная» байқауында Қазақстанды таныстырамын. Бұл сыртқы сұлулықтың ғана емес, ішкі құндылық пен ақылдың әдемі үйлесім тауып, нәзік әлемді айшықтай түсетін байқау. Басты мақсаты – әлемнің әр түкпіріндегі әйелдерді қолдау», – деді актриса. Пандемияға байланысты биыл байқау онлайн өтеді. Дауыс беру 1-24 желтоқсан аралығында сайт арқылы жүзеге асырылады. Оқырмандарын дауыс беруге шақырған Жұлдыз Әбдікәрімова: «Ел абыройы үшін бәріміз бірігіп жеңіске қадам жасайық. Қазақ қыздары мен әйелдерінің табиғи сұлулығын әлемге мойындатайық. Сондай-ақ мен Қазақстанның ғана емес Орта Азияның намысын қорғаймын. Құрметті менің Қырғызстандағы, Өзбекстандағы, жалпы Орта Азиядағы оқырмандарым маған сіздердің де қолдауларыңыз ауадай қажет», – деп бөлісті. Айта кетсек, былтыр «Әлем ханымы» байқауына тележүргізуші Арай Әлімхан қатысып, «Мінсіз әйел» титулын жеңіп алған болатын. Осылайша 96 нәзік жандының арасында 13 орынды иеленген еді.
Жүктелуде...