Елордалықтар қашанғы көмір жағып, газ баллондарын пайдаланады?

Елордалықтар қашанғы көмір жағып, газ баллондарын пайдаланады?

Елордалықтар қашанғы көмір жағып, газ баллондарын пайдаланады?
ашық дереккөзі
Астананы газдандыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Жыл сайын көктемге қарай «Биыл газ келеді екен» деген жылт еткен жаңалық шығады да, күзге салым елеңдеген халықтың көңілі су сепкендей басылады.  Әсіресе қала маңындағы жер үй тұрғындарының күн суымай тұрып көмірге кезекке тұрып, астананың қаһарлы қысына қамданудан басқа амалы қалмай тұр. Астана мен орталықты газбен толық қамту, құбыр жүйелерін салу мәселесі қаншалықты өзекті болса, соншалықты кеш қолға алынды. Бас қала мен орталық Қазақстанды газдандыру мәселесі 2018-2020 жылға арналған үшжылдық бюджеттің жобасынан шет қалуы депуттардың арасында қызу талқыланғаны есімізде. Ол кезеңде атқамінерлер солтүстік пен орталықты көгілдір отынмен толық қамту үшін триллионға жуық теңге қажет деп,  елорданы газдандыруға инвестор іздеп бас қатырған болатын. Бұл шаруаға жауаптылар жайбасарлық танытқан соң өңірге газ кіргізу мәселесі де кейінге қала берді. Ал былтыр Нұр-Сұлтан қаласын толықтай көгілдір отынмен қамтудың үш кезеңнен тұратын жобасы басталды. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев: «Бірінші кезең 2020-21 жыл, екінші кезең 2021-23 жылдар, ал үшінші кезең 2023-25 жылдарды қамтиды. Қаланы газдандыру осы үш кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезекте 9 нысанды газдандыру жоспарланып отыр, соның ішінде 6 су жылыту қазандықтары мен ЖЭО-1 және ЖЭО-2 газға ауыстырылады. Барлығы 16 су жылыту қазандығы бар, соның алтауы биыл газға ауысады. Сонымен қатар қала әкімдігімен әлеуметтік нысандарды газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деген болатын. Бірінші кезең бойынша биыл халықтың 52,23 пайызын газбен қамту жоспарланып отыр. Жоба бойынша 2025 жылға дейін Астананың 23 мың жер үйі мен 200-ге жуық жеке және 48 шағын коммуналдық қазандығы кезең-кезеңмен түгелдей газға ауыстырылады. Министрдің айтқанындай, жобаның бірінші кезеңінде 9 көгілдір отын жіберу кешені салынды. Көктал-1, Көктал-2, Железнодорожный, Өндіріс, Агроқалашық елді мекенінің тұрғындары биылғы қысты алғаш рет газбен қарсы алайын деп отыр. Аталған елді мекен тұрғындары енді қыста бүрсеңдеп пешке көмір жақпайды. Алайда өзге елді мекен тұрғындарына әлі де бірнеше жыл күте тұруына тура келеді. Осы мәселеге қатысты апта басында Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданы газдандыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны туралы есеп берді. «Жеке секторда тұратын тұтынушылар үйіне табиғи газды біртіндеп кіргізіп жатыр. Қазіргі күні 5 мыңнан астам үй газбен жабдықтау жүйесімен қамтылған. Жыл соңына дейін 6 мың тұтынушыға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жеке секторлардағы үйлерге есепке алу құрылғылары тегін қарастырылған», – деді елорда әкімі. Елорда газбен қамтамасыз етілсе, ең алдымен, көмір тасып, ағаш жаққан тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жеңілдер еді. Қыс кезінде қаланы түтін басып, көмірдің иісі шығатынын бәріміз білеміз. Ал көгілдір отынның көмірден басты айырмашылығы – түтін болмайды. Астананы біртіндеп газбен қамтамасыз етудегі басты мақсат та осы – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту. Одан бөлек ең маңыздысы – тұрғындардың қауіпсіздігі. Қаланы газбен толық қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілмейінше, елордадағы өрт жағдайы азаймайтын түрі бар. Былтыр ақпан айында пештің қатты қызуы салдарынан бір отбасының 5 бүлдіршін өртеніп кеткені ел ішін дүр сілкіндірген болатын. Бұл мәселеге келгенде әр тарап өз шындығын алға тартты. Қала әкімдігі дәл осы үйге бірнеше рет ескерту жасалғанын, үй қожайының қолына қателіктерді жою туралы қажетті құжаттың тапсырылғанын айтса, ҚР ІІМ кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған деп қыздардың ата-анасы мен олардың жұмыс берушілерін тексеруге алды. Осы оқиғадан соң мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін Комитет тұрғындар жауапкершілігін күшейтуге назар аудара бастады. Жалпы астанада тұрғын үйлерден бөлек ғимараттарда газ балонының жарылуы жиі кездеседі.  Бас қалада биыл жыл басынан бері 451 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде өрт шарпыған тұрғын үй саны – 237. Мамандар мұржалардың дұрыс тазаланбауы өрттің басты себебі екенін айтады. Ал қыстыкүні қала іргесіндегі саяжайларда орналасқан үйлердің өртке орану қаупі тым жоғары. Газбен улану, адамдардың жарақаттану және қаза болу фактілерін азайту мақсатында ТЖД мамандары тұрғындар арасында  өрт қауіпсіздігі айын өткізеді. Барлығы 17 041 жер үйдің өрт қауіпсіздігі қаралып, 192 үйге улы газды анықтайтын датчик орнатылды. Тексеріс барысында жылыту пештері қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні, тұрғындардың басым бөлігі қауіпсіздік шараларын мүлдем ескермейтіні анықталды. Алайда ТЖД мамандары тұрғындарға ескерту жасағаннан өзге шара қолдана алмайды. Өткен сенбіде астанадағы жергілікті кафелердің бірінен тағы да өрт шықты. Газ баллоны жарылып, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқаратын 1968 жылы туған әйел адам көз жұмды. Өрт салдарынан 35 адам зардап шекті, оның 23-і ауруханада. Үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр, бірінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің де жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Өрт сөндіру барысында құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонын шығарды. Егер өрт кезінде осы 35 баллон бірінен соң бірі жарылса не болар еді? Аталған кафе 15 тамыздан 26 қазанға дейін созылған өрт қауіпсіздігі айы кезінде ТЖД мамандарының көзінен таса қалған ба? Осы жағдайдың алдын алуға болмас па еді деген өзекті сұрақтар әзірге жауапсыз қалып тұр. Өрт салдарынан қаза тапқан адамның отбасына 1 млн теңге көмек көрсетілетінін айтқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталуын тексеруді тапсырды. Сондай-ақ жарылысқа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ендігі жерде кінәлілер анықталып, өртке қатысы барлар жауапқа тартылар, материалдық  және адам шығыны өтелер, бірақ бұл мәселені шешудің жолы емес. Елордадағы тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарға талапты күшейтпейінше, мұндай жарылыстардың қайталана беретіні анық. Сонымен қатар бас қаламыздың тұрғындарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмей отырғаны, қоғамдық орындарда кез келген уақытта жарылыс болуы мүмкін екеніне көзіміз жете бастады. Рас, апатты жағдайдан ешкім сақтандырылмаған, алайда оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары жүйелі жолға қойылса, сондай-ақ тұрғындардың жауапкершілігі артса, жоғарыда аталған жағдайлардың алдын алу ықтималдығы да жоғары болмақ.