258
Ақтөбеде 9 жастағы бала коронавирустық пневмониядан көз жұмды
Ақтөбеде 9 жастағы бала коронавирустық пневмониядан көз жұмды
Ақтөбеде 9 жастағы бала коронавирустық пневмониядан көз жұмды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 11 қараша күні науқастың іші ауырып, мазасы қашқан.
Баланы жедел түрде Хромтау ауданының емдеу мекемесіне жатқызыпты. Жағдайы оңалмаған соң, 16 қарашада облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырған. Дәрігерлер сырқаттанушының өкпесі қабынғанын анықтайды. Бірақ, ПТР сынамасы коронавирустың жоғын көрсеткен, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
"Өкінішке қарай, бізде 9 жасар баланың өлімі тіркелген болатын. Ең басты белгілері мұнда: ішек токсикалық-инфекциямен байланысты болған. Яғни, бала іші ауырып, құсқан", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.
Жалпы республика бойынша пневмонияға шалдыққан балалардың саны бізге белгісіз. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігінен бұған қатысты жауап болмады. Есесіне СOVID-19 жұқтырған оқушылар санының артқаны белгілі. Өткен тәуліктің өзінде 70 жаңа жағдай тіркеліпті. Бүгінде індет анықталған балалар саны - 1544. Оның 428-і офлайн, қалғаны қашықтан білім алған.