SpaceX және Tesla басшысы Илон Маск әлемнің ең дәулетті адамдары тізімінің екінші жолағына көтерілді. Бұған Bloomberg агенттігі жасайтын Bloomberg Billionaires Index (BBI) деректері дәлел. Маск Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтсті басып озды. Оның дәулеті бір жыл ішінде 100,3 млрд долларға өсіп, 127,9 млрд долларға жетті. Бұл – рекордтық өсім. Ал Гейтстің дәулеті 127,7 млдр долларға бағаланып отыр. Рейтингтің бірінші орнында – Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос. Оның байлығы 182 млрд доллардың айналасында. Сондай-ақ, әлемдегі ең дәулетті азаматтар бестігіне Louis Vuitton Moët Hennessy президенті Бернар Арно мен Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг енген. Айта кетейік, кеше Tesla компаниясының акциялары сатылым бағасы жөнінен рекорд орнатқан еді. Бір акцияның құны 524,96 долларға дейін көтерілді. Компания акцияларының күрт қымбаттауына Tesla-ның 21 желтоқсанда S&P 500 биржалық индексіне енетіні жайлы жаңалық әсер етті.
Жүктелуде...