Қырғыз тарихындағы екі рекорд

Қырғыз тарихындағы екі рекорд

Қырғыз тарихындағы екі рекорд
ашық дереккөзі
Соңғы апта ішінде қырғыз елі әлемдік деңгейде екі рекордты жаңартты. Біріншісі – өлкедегі бел­гілі манас­шылардың бірі Дөөлөт Сыдықов 12 қарашада 14 сағат 27 минут тоқтамастан «Манас» дастанын жырлаудан әлемдік рекорд жасады.  width=

Дөөлөт Сыдықов

Дөөлөт Сыдықов Бішкек қаласының орталық Ала­тау алаңында таңер­теңгі сағат 9-дан 43 минут өткенде «Манас» жы­рын айтуды бастап, түн ауғанда, 13 қара­ша­да сағат 00.17-де ай­туын тоқтатты. Ол тоқ­тамай тағы да ай­та бермек, бірақ қа­сын­­д­а жүрген жанашырлары және іс-шараны ұйымдастырушылар денсаулығына зиян келіп қалмасын деп оны тоқтатты. Манасшы аталған уақыт аралығында, тіпті су да ішкен жоқ.  Дөөлөт Сыдықов «Гиннестің әлемдік рекордтар кі­табына» кіру үшін «Манасты» 12 сағат бойы айта аламын деп мә­лімдеген болатын. «Манас» көлемі жағынан әлемде теңдесі жоқ эпикалық шығарма еке­ні белгілі. Соңғы зерттеулерге қарағанда, оның көлемі миллион жол­дан кем емес. «Манасты» бірінші рет қағазға ХІХ ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов түсірген. Сөйтіп, эпос Ресейге және одан әрі Еуропаға белгілі болған. 1952 жылы 6-10 шілдеде «Манастың» басына қара күн туған. Эпосты әдебиет айдынынан аластатуға арнайы шақырылған Фрунзедегі (қазіргі Бішкек) конференцияда академик Мұхтар Әуезовтің «Манастың» халықтық жыр екенін дәлелдеген баяндамасы эпосты аман алып қалған. Манасшылық – бірегей құбы­лыс. Манасшылық, негізінен, қырғыздарға тән өнер. Қырғыз елінде манасшылар жүздеп саналады. Ең танымалдары Сағымбай Орозбақов және Саяқбай Қаралаев. Бұл екі жыршының «Манасы» классикалық үлгі болып есептеледі. Сондай-ақ Қытайда өмір сүрген манасшы Жүсіп Мамайдың да еңбегі зор. Жүзге жақындап, осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен қытайлық қырғыз манасшысын тарихи Отаны бағалап, «Қырғыз Республикасының батыры» дәрежесімен марапаттап, кеудесіне «Ак шумкар» («Ақ сұңқар») алтын медалін қоса таққан. Қырғыз манас­шы­ларының ең үздігі ХІХ ғасырда өмір сүрген Келдібек манасшы. Ыстықкөлдік бұл манасшы қыс түсіп, жұрттың жұмыстан қолы босаған қараша айында, кешкі тамақтан кейін, ауыл адамдары жиналған үйде «Манасты» жарым түнге дейін айтатын болған және бір айтқанын қай­таламай көктем шыққанша күн сайын 4-5 ай бойы жырлап, «Манасты»  толық аяқтай алмайды екен. Келесі жылдары басқа ауылдарға не шақырған жерлерге барып «Манас» айтатын болған.  width=

Арыстан Алай

Манасшылық өнерде екі ерекше тылсым бар. Біріншісі, барлық манасшыға Манас батыр немесе дастандағы басты кейіпкерлер түсінде не ұйқылы-ояу кезінде аян берген. Қырғыздардың халықаралық «Саяқбай манасшы» медаліне ие болған қазақстандық Баянғали Әлімжанов та журналистерге берген сұхбатында аян алғанын айтқан болатын. Биыл 37 жасқа келген ыстықкөлдік Дөөлөт Сыдыков 7-сыныпта оқып жүргенде атақты манасшы Саяқбай Қаралаевтың «Манас» айтып жатқанын, жырдағы кейіпкерлерді көріп, содан бастап «Манас» айта бастаған. Екінші тылсым, манасшылардың басым көпшілігі, шамамен тоқсан пайыздан көбірегі – ыстықкөлдіктер. «Манасшылар Манастың атамекені делінетін Талас облысынан көп шығуы керек емес пе?» деп қырғыздардың өздері де бұл құбылысқа таңғалады. Қырғыз елінің екінші рекорды – келесі жылдың 10 қаңтарында өтетін президент сайлауына кандидаттардың саны 65-ке жеткені болып тұр. Екеуі қазірдің өзінде бас тартты. 63-тің ішінде кімдер бар десеңіз: парламенттің бұрынғы депутаттары, экс-министрлер, генералдар, облыс, аудан әкімдері, пар­тия лидерлері, әр­тіс­тер, мұғалімдер, зей­­неткерлер, жұмыс­сыздар т.т. Кейбіреулер атын шығару үшін тір­келіп, ақырғы сәттерде кандидатты­ғынан бас тартатыны бар. Ең қызықтысы – Арыс­тан Алай деген кісінің кандидатурасы. «Мен өзімді «жаңа Құдаймын» деп атаймын. Неге? Себебі мен әлемдегі билеушілерге шарт қоямын... Билеушілер менен жаңа эрада қалай өмір сүру керегін сұрауы керек», – деді Арыстан Алай 17 қарашада өткен баспасөз жиынында. Осындай кандидаттарға байланысты қырғыз қоғамында прези­денттікке кандидаттар психиатриялық тексеруден өтетін болсын деген ұсыныстар айтылып жатыр.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)