Байланысыңа басқа елдің билігі жүрмеуі керек

Бүгінде әлемді ұялы байланыссыз елестету қиын. Әлемді алақанында ұстап, миллиардтаған адамдарды бір-бірімен қалаған кезінде байланыстырып тұрған ұялы телефон байланысы күн өткен сайын жетіліп бара жатқан ғажап құбылыс. «Айшылық алыс жолдан жылдам хабар алғызған» ақпараттық технологияның бұл жетістігі адам еңбегін жеңілдетуде теңдессіз қажеттілік тудырды.

Өткен ғасырдың соңында, дәлірек айт­сақ 1998 жылы елімізде Қазақ­стан­ның алғашқы ұялы байланыс операторы GSM Қазақстан құрылды. GSM-900 стандарты бойынша жұмыс істейтін бұл компания содан бері ел нарығында Kcell және Actіv сауда белгілерімен жұ­мыс істеп келеді. Сондай-ақ бүгінде Bеelіne, Тele2, Altel секілді ұялы байланыс жүйелері қызмет көрсетеді.

Бұл байланыс жүйелері елімізден тыс­қары жерлерде де роуминг қызметін көр­сетеді, яғни көптеген елге барғанда қа­зақстандық ұялы операторлардың қыз­метін шетелдік байланыс қызметіне қосу арқылы да пайдалана беруге болады. Дегенмен соңғы кезде әлемде бұл ұтқыр байланыс төңірегінде мемлекеттер арасында туып жатқан қолайсыз­дық­тар аз емес. Соның бірі − бір елдің ұя­лы байланысының сигналдары екін­ші бір елдің аумағына тарап, соның се­бебінен жергілікті ұялы байланыстың жұ­мысына кедергі келтіруі.

Мәселен, сіз пойыз не автобуспен са­парға шығып, Алматы облысынан өтіп, Жамбыл облысының Қордай ауданы аумағына кірген кезіңізде ұялы телефоныңызға «Қырғызстанға хош келдіңіз. Роумингке қосылып, сапалы байланыс қызметін пайдаланыңыз» деген смс-хат келеді. Таңғаларлығы, сіз Қазақстан Республикасының жерінде жүрсіз, ал сізге қырғыз жеріне келге­ніңіз­ді ескертіп, сол елдің роуминг бай­ланысына қосылу мүмкіндігіңіз бар екенін хабарлайды.

Несін жасырамыз, Жамбыл облы­сының Қордай секілді Қырғыз Республикасымен шекаралас өзге де ауданда­рында қазақстандық ұялы байланыс қыз­меті әлсіздеу. Соның себебінен те­ле­фоныңыздағы еліміздің байланыс операторлары жоғалып, оның орнын қырғыз елінің «Мегаком» секілді ұялы байланыстары иелеп кетеді. Оны байқамай, ел ішіндегі абонентке қоңырау шалсаңыз немесе ұялы телефоныңызға бірлік салсаңыз ақшаңыз жоқ болып кетеді. Содан зардап шеккен жұрт телефо­нын­дағы байланыс операторын іздеуді «автоматты қосылыстан» ажыратып, «қолмен орнату» қызметіне туралап жүреді. Тіпті, біраз адам «түбінде қырғыздың ұялы байланысы жақсы істеп тұр ғой» деп, телефондарына Қырғызс Республикасы оператор­лары­ның сим-картасын орнатып, сол елдің ұялы байланыстары­ның қызметін пайдаланады. Ал бұл өзге елдің қазынасына ақша құю деген сөз.

Түркістан облысының Сарыағаш қаласы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына таяқ тастам жерде тұр. Содан мұндағы жұрт та өзбекстандық ұялы байланыс желілері сигналынан аз зиян көр­мейді. Мәселен, Сарығаш қаласында қазақстандық Tele2 ұялы байланысын пайдалану қиын. Себебі оған көрші елдің ұялы операторларының сигналдары кедергі келтіреді…

Бұл мәселе көп жылдардан бері ел арасында әңгіме болып жүрсе де, еліміздің Парламентінде шешілуі тиіс мәселе екені кейінгі кезде ғана айтыла бастады. Осыдан біраз бұрын депутаттар бұл мәселені көтеріп, тиісті орындарға депутаттық сауал жолдаған еді. Онда Қазақстанның шекаралас аймақтарында туындайтын ұялы байланыс мәселесін шешу сұралған-ды. Мысалы, онда Шығыс Қазақстан облысының Үржар аймағындағы жағдай айтылып, сол аймаққа барған адамдардың телефондарына «Қытайға қош келдіңіз. Роумингтің қолайлы тарифтерін қолданыңыз» деген хабарлама келетіні көрсетілген болатын. Сондай-ақ мұндай жағдайдың еліміздің Ресеймен және Өзбекстанмен шекаралас аймақтарында да бар екеніне дәлелдер келтірілген.

Бұл мәселеге орай қойылған депутаттық сауалға жауап берген Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның Қытайға, Ресейге және Өзбекстанға шекаралас аудандардағы ұялы байланыстың рұқсат етілген деңгейінен асып кетуіне байланысты қарсылықтарын жолдайтынын мәлімдеді.

«Қазақстан және өзге елдер мүше болып отырған Халықаралық телекоммуникация одағының қолданыстағы актілеріне сәйкес, шетелдік операторлар өздерінің шекаралас аудандарындағы тарату бекеттерінің сигнал тарату қарқындылығын төмендету үшін белгілі бір шаралар қабылдауы керек.

Шетелдік байланыс операторларының радио сигналдарының рұқсат етілген деңгейде таралуын шешу, әсіресе, шекаралас аймақтардағы жиілікті тағайындау кезінде халықаралық жиілікті үйлестіру қажет. Қазақ­стан­ның шекаралас аймақтарындағы радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру бойынша істелетін жұмыс Қазақстанның «Байланыс туралы» заңына және Халықаралық телекоммуникация одағының радио ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Сондықтан Қазақстанның шекаралас облыстарындағы Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, және Өзбекстан
Республика­сының ұялы байланыс, теледидар, радио хабарларын тарату сигналдары­ның рұқсат етілген деңгейлерінен асып кетуіне байланысты жоғарыда көрсетілген қажетті шараларды қабылдау үшін оларға қарсылық білдіріледі», − деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, шетелдік ұялы байланыс операторының сигналы Қазақстан шекарасына дейінгі 3-тен 90 шақырымға дейінгі аралықта өшірілуі тиіс және ол халықаралық келісімдермен реттелуі керек екен.

Қалай дегенде де бір елдің аумағында екінші елдің байланыс құралдарының, радио-телевидениесінің сигналдары емін-
еркін тарап жатуы елдің егемендігіне нұқсан келтіретін жайт.
Одан мемлекет тұрғындары зардап шекпеуі керек.

 

Back to top button