АтажұртЖаңалықтар

Өтепберген Әлімгереев: Көші-қон заңы бекімей, мәселе шешілмейді (видео)

Атырау өңірі Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Өңірде 2018 жылғы санақ бойынша 631 841 жан саны тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы – шетелден көшіп келген қандастар. Осыған орай газетіміздің Atajurt жобасы аясында Атырау облысына арнайы іссапармен барып, қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Атырауға жасаған сапарымызда әуелі Дү­ниежүзі қазақтарының қауым­дас­ты­ғының жергілікті өкілі, белгілі қаламгер Өтеп­берген Әлімгереевпен жолықтық. Ол кісі – Атырау өңірінің телерадиосында ұзақ жыл­дар қызмет еткен ардагер журналист,  Ма­хамбет атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құр­мет» орденінің иегері. «Еділ жайлаған қа­зақтар», «Алаш аңсаған азаттық», «Сарай­шық» және «Шетел асқан ағайын» секілді құн­ды еңбектердің авторы. Қазір Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының Атыраудағы бөлім жетекшісі қызметін атқаруда.

– Тағдыр-талайымен, қызмет бабымен, бас­қа да жағдайлармен қиыр қонып, шет жай­лаған қандастарымыз көп. Қазір әлем­нің 46 елінде қазақтар өмір сүріп жатыр. Мы­нау іргелес жатқан Астрахан облысында 250 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Одан ары Қалмақ Республикасында 5 мың­нан астам, Сартауда (Саратов) 80 мыңнан астам қазақ бар. Олардың көбі біздің батыс ай­маққа жақын жатқан жерлер болған­дық­т­ан осында көптеп келеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдасты­ғы­ның Атыраудағы бөлімі 2004 жылдан бас­тап жұмыс істеп келеді. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты – Атырау облысына іргелес жат­қан елдердегі қазақтармен жұмыс істеу және осында көшіп келген ағайындардың жағдайына қарайласу. Осы ретте Атырау облысында Көші-қон қызметі 1994 жылдан бас­тап жұмыс істей бастады. Иран, Түркия, Түр­кіменстан және Өзбекстаннан қан­дас­тар қоныс аударды. Түркіменстандағы ағайын­дар біздің Жылыой деген жермен бұрын­нан жапсарлас жатыр. Одан бөлек, Қарақалпақстаннан ағайындар көптеп келді. Олардың да арғы түбі аштық кезінде кет­кен және шекара бөлгенде шетте қалған осы өңірдің адамдары, – дейді Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының өкілі Өтеп­берген Әлімгереев.

– Іргелес жатқан Астрахандағы қазақ­тар­дың «Жолдастық» деген қоғамдық мә­дени-рухани орталығы табанды, жүйелі жұ­мыс істеп келеді. Ресейдің біраз жерінде бө­лімдері бар. Жыл сайын ұлттық мереке­лер­ді ұлықтап, қазақылықты сақтап қалуға өз үлесін қосуда. Ресейдің басқа өлкелерімен салыстырғанда Астрахандағы қазақтардың қа­зақ тілін білуі, ұлттық болмысты және салт-дәстүрді сақтауы анағұрлым артық. Олардың тек Атырау облысы ғана емес, жал­пы батыс аймақтардағы Орал, Ақтөбе, Маң­ғыстау облыстарымен де рухани-мә­дени байланысы берік, – дейді ол. Атырау – мұнайлы, бай өлке дейміз. Алай­да онда оралған ағайындардың әлеу­мет­тік жағдайы әлі әлсіздеу екені байқалады. Осы­ған қатысты сұрағымызға: – Алғаш келген кезде қандастарды бас­па­намен қамту мүмкіндігі болды. Жұмыс тауып беру мәселесі де қарастырылған еді. Қа­зір оның бәрі сиреді. Сондықтан проблема да көбейді. Жасыратын несі бар, қан­дас­тарды құжаттандыру ісінде де кемшіліктер жетеді. Мысалы, шетелдерден әртүрлі сала­ның қыр-сырын игерген мамандар келеді. Оларды дұрыс пайдалану жағы да жетің­кіре­мей жатыр. Әңгіменің бәрі заңға келіп тіреледі. Заң сол­қылдақ. Оны тиянақтап алмай халыққа қыз­мет көрсету қиын, – деп жауап берді ол.

Сондай-ақ оның айтуына қарағанда, Ре­сейден көбіне өндіріске икемді мамандар келеді. Біздің жағдайда мұнайымыз бар, құ­рылысымыз бар бүгінгі индустрия әр салалы. Соның нағыз мамандары шеттен ке­ле­тін қандастардың арасында көп. Өз­бекстаннан ауылшаруашылық саласының мамандары келеді. Біз ауыл шаруашылығын дамытамыз деп айқайлағанда дауысымыз қатты шығады, ал еңкейіп күрек ұстасақ, беліміз бүгілмейді. Қысқаша айтқанда, қа­лай да шетелден келіп жатқандардың бізге әкелетін өзіндік жаңалығы мол. Біз қанша дегенмен Кеңес үкіметінің құра­мында болдық. Сол санамызға әбден сің­гені сонша, іс-қағаздардың көбін орысша жүр­гізгіміз келіп тұрады. Ал шеттен ке­летіндердің дені орыс тілін білмейді. Дайын мамандар өз саласы бойынша қызмет істей алмайтыны да содан. Шеттен келіп жатқан мамандар бір сөзбен айтқанда өз мүмкін­діктерін пайдалана алмай отыр. Сондықтан біз тәуелсіздікті нығайтамыз де­сек, ана тілге көңіл бөлуіміз қажет. Қазақ тілі салтанат құрса, шетелден келген қазақ­тар­дың бар мүмкіндігін аша алар едік, – деп ағынан жарылған Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының өкілі Өтепберген Әлім­гереевтің бізге берген жауабына қарап, Аты­­раудағы қандастардың әлеуметтік ахуа­лын зерттей түсуіміз қажет деп түйдік. Әлбетте, алдымыздан сол құжат мә­селесі, білім саласы және ауыл шаруашы­лы­ғына қатысты қордаланған түйткілдер кез­десті. Ендеше соларға жеке-жеке тоқта­лып өтейік.

Сұхбаттасқан: Бақытбек ҚАДЫР

Сюжетті жасаған: Нұрған Тұрғымбай

Back to top button