239
Тараздық дәрігерлер өңешіне тиын тұрып қалған 9 жасар баланы аман алып қалды
Тараздық дәрігерлер өңешіне тиын тұрып қалған 9 жасар баланы аман алып қалды
Дәрігерлер өңешіне тиын тұрып қалған 9 жасар баланың өмірін құтқарды.
Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ойнап отырған 9 жасар бала байқамай тиын жұтып қойған. Бір сағаттан соң тыныс алуы қиындап, жағдайы нашарлаған. Ол облыстық Көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
«Өкпе жасушаларын түсірген рентгенография қорытындысы өңештің жоғарғы жағында бөгде заттың тұрғандығын анықтады. Шұғыл түрде оны алу үшін бүгінгі күні осындай жағдайда қолданылып жүрген Фолея (Испания) катетері (резеңке түтік) қолданылады. 2-3 см үрленетін 2 қуысты силиконды түтікті дене қуысындағы заттарды босату, дәрілік заттарды енгізу, шаю немесе оларды өткізу мақсатында сыртқы ортамен байланыстыратын резеңке түтікпен балаға жалпы наркоз салынады. Жалпы бұл әдіс оқыстан болған шұғыл жағдайда тиімді болып саналады. Себебі, уақыт өтіп кетсе, денеге бейімделіп кеткен затты алу қиынға соғады. Дәрігерлер жоғарыда аталған әдісті қолдана отырып, уақытылы көмек көрсеткеннің арқасында баланың жағдайы жақсарып, бала медициналық ем-шарадан кейін үйіне қайтарылды», - делінген хабарламада.
Баланың өміріне қауіп төндірген оқыс жағдайда жедел шешім қабылдаған тәжірибелі хирургтар Нұртуған Әлқуатов пен Әлімжан Әлкенов мұндай оқиға жиі болмаса да, ұшырасып тұратынын айтады.
Дәрігерлер ата-аналардан барынша сақ болып, балаларын қараусыз қалдырмай, оларға көбірек уақыт бөлуді және ұсақ заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қою керектігін ескертеді.