257
Елорда маңына 3 тоннаға жуық медициналық қалдық тасталған
Елорда маңына 3 тоннаға жуық медициналық қалдық тасталған
Нұр-Сұлтан маңына үш тоннаға жуық медициналық қалдық (қан құйылған сынауықтар мен шприцтер) тасталған, деп хабарлайды zakon.kz.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті медициналық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша қызмет көрсететін барлық кәсіпорынға талдау жасады. Оның нәтижелері бойынша медициналық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша қызметтер көрсетуге экологиялық рұқсаты жоқ кәсіпорындар мен медициналық мекемелер бар екені анықталды.
«Тексеру барысында «Казпереработка» ЖШС кінәлі тұлғасы анықталды. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 344, 351-баптары бойынша әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды», – деп мәлімделген ведомствода.
Естеріңізге сала кетейік, медициналық қалдықтар экологиялық қауіпті қалдықтарға жатады. Вирус жұқтырған немесе жұқтыруы ықтимал қан және басқа да биологиялық сұйықтықтармен ластанған заттар (шприцтер және т.б. медициналық құралдар) төтенше санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына себепші болуы мүмкін.