324
Алматыда журналистер аллеясы ашылды
Алматыда журналистер аллеясы ашылды

Алматыда Абай даңғылының бойында журналистер аллеясы пайда болды.
Жароков пен Гагарин көшелерінің арасында орналасқан саябақтың ашылу салтанатына 11 БАҚ өкілі қатысты. Журналистер 175 үйеңкі ағашын отырғызды. Іс-шара карантиннің барлық талаптары сақтала отырып, қалалық Жасыл экономика басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
«Қазір – ағаш отырғызу маусымы. Биыл бір маусымда 250 мың ағаш отырғызамыз. Бұл соңғы 20 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Былтыр және алдыңғы жылдары бір маусымда ең көп дегенде 40 мың ағаш отырғызған едік», – деді басқарма басшысы Наталья Левинская.
Оның айтуынша, көшет егу бір бөлек, оны күтіп баптау – өзінше бөлек мәселе.
«Біз тек отырғызып қана қоймай, оны күтіп баптауға көшіп жатырмыз. Бұрын ағаш отырғызылса, ол туралы ұмытылып кететін. Ең бірінші жыл – жауапты кезең. Себебі, дәл сол кезде өсімдік жақсы күтімді талап етеді. Ағаш та адам баласы сияқты, отырғызған соң оны үнемі баптап отыру керек», – деді басқарма басшысы.