241
Білім беру: депутат ауылдық квотаны 50 пайызға дейін көбейтуді ұсынды
Білім беру: депутат ауылдық квотаны 50 пайызға дейін көбейтуді ұсынды
Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев ауылды жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен балалар мемлекеттік гранттар алуға қауқарсыз екенін айтты.
«Ауылды елдімекендерде 312 білім беру нысаны қажеттілік туындап отыр: 32 мектеп – апатты жағдайда, 86-сы – үш ауысымды. Мұнда 2 240 педагог жетіспейді, бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75 пайызы. Әсіресе, ауыл мектептеріндегі білім беру мәселесі қатты алаңдатады. PISA нәтижелеріне сүйенсек, қала мен ауыл арасындағы білім сапасында 22-ден 37 балға дейінгі алшақтық бар. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша, ауыл мектебінің түлектері қалалық оқушылардан орта есеппен 5-6 баллға артта қалып отыр. Ауылды жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен көптеген дарынды балалар жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантқа ие бола алмайды», – деді депутат Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.
Оның айтуынша, ауылдарда 550 мәдени нысан, спорт залы қажет, 150-ге жуық кітапхана жетіспейді. Ауылдың мәдени-спорттық инфрақұрылымын дамыту көрсеткіштері әкімдерді бағалау критериясына да кірмейді.
«Білім беру гранттарындағы ауылдық квотаны 30 пайыздан кем дегенде 50 пайызға дейін көбейту керек. Сонымен қатар, басқа елдердегідей, агроқұрылымдардың студенттерді университеттерде оқытуға жұмсаған қаражат шығынын субсидиялау өте маңызды», – деді А.Күрішбаев.