316
Қазақстанда сатылған ең қымбат және ең арзан көліктер рейтингі жарияланды
Қазақстанда сатылған ең қымбат және ең арзан көліктер рейтингі жарияланды
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы биылғы 9 айда автокөлік нарығының бағасына қатысты есепті жариялады.
«Есепті кезеңде қазақстандықтар 555,2 млрд теңге 61 336 жаңа жеңіл және жеңіл коммерциялық автомобиль сатып алды. Осы жеңіл көліктердің орташа құны 10,5 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17 пайызға өсті. Бұл тұрғыда қазақстандық өндірушілердің ұсынып отырған өнімі нарықта ең қолжетімді болып тұр. Отандық өндіріс көлігінің орташа бағасы 7,6 млн теңге шамасында. Импорттық автокөліктің сегментінде тиісті көрсеткіш 13,8 млн теңге деңгейінде байқалды», - делінген хабарламада.
2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша сатып алушылардың төрттен бірінен астамы (31,1%) 5 млн теңгеден қымбат емес көлікті таңдады. Бір жыл бұрын осы сегментке нарықтың 27,7 пайызы тиесілі болды. 5-7 млн теңге тұратын 21,9 пайыз техника (13 409 көлік) өткізілді.
Сонымен қатар жаңа көлік алғандардың 15,4 пайызы 7-10 млн теңгенің автомобильдеріне назар аударды. Бизнес (10-15 млн теңге) әрі премиум санаттағы (15 млн теңгеден астам) сегменттер сәйкесінше 20,6 пайыз (12 604 көлік) және 11,1 пайызды (6 779 көлік) қамтыды. Жалпы, 10 млн теңгеден қымбат техниканың үлесі 6,4 пайыздық пунктіге төмендеді.
Ең қолжетімді жеңіл көліктердің ондығында негізгі позициялар қазақстандық кәсіпорындарға тиесілі болды. Бағасы арзан көліктердің арасында Lada Granta көш бастады, оның құны 3 млн теңгеден басталады. Сонымен қатар, осы ТОР-10 құрамына Chevrolet Nexia (3,2 млн теңге), Ravon R2 (3,8 млн теңге), Ravon R4 (3,8 млн теңге), Chevrolet Cobalt (4,2 млн теңге), Lada 4x4 (4,3 млн теңге), Lada Vesta (4,6 млн теңге), Lada XRAY (5 млн теңге), JAC S3 (5 млн теңге) және Lada Largus (5,3 млн теңге) енді.
Ал ең қымбат көліктердің рейтингісінде Mercedes-Benz G-класс (110 млн теңге), Porsche 911 Turbo (82,7 млн теңге), Audi A7/А8 (79 млн теңге), Mercedes-Benz GLC-класс (56 млн теңге), Porsche Cayenne (53,7 млн теңге), Audi e-tron (50 млн теңге), Lexus LX (49,2 млн теңге), Mercedes GLE-класс (49 млн теңге), Land Rover Range Rover (44,9 млн теңге) және BMW 8 серия (42,9 млн теңге) тіркелді.