238
ЖОО оқытушыларының еңбекақасы 27 пайызға өсті – Ерлан Қарин
ЖОО оқытушыларының еңбекақасы 27 пайызға өсті – Ерлан Қарин
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біразы жүзеге асты. Бұл туралы кеңестің төртінші отырысында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин мәлімдеді.
«Көлік иелеріне жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарастыратын жол жүру нормалары бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылды. Бұдан бөлек, Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі жүзеге асып отыр. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсуші үміткерлер үшін іріктеу талаптары күшейтілді. Осы бағытта білім алатын бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 60 пайызға, ал докторанттардың шәкіртақысы 46 пайызға ұлғайды. Жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өсті», - деді Мемлекет басшысының көмекшісі.
Сондай-ақ, Ерлан Қарин Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданғанын, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, елімізде «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы дайындалды. Мұның бәрі Ұлттық кеңестің үшінші отырысында жарияланған бастамалар болатын.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтіп жатыр. Отырыс Президенттің баспасөз қызметінің Фейсбуктегі AkordaPress парақшасында көрсетілуде.