BMW-ның «миын» құрастырған қазақ

BMW-ның «миын» құрастырған қазақ

BMW-ның «миын» құрастырған қазақ
ашық дереккөзі
50866

Соңғы жылдары физика мен матема­тикаға әуес болған қазақ балалары­ның Google, Apple, Booking.com, SpaceX, Amazon секілді алпауыт компанияларға жұмысқа қабылданып, күллі әлем қол­данатын жаңа технологияларды жетілдіру ісіне жиі араласып жүргенін байқап жүрміз. Әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие ма­ман­дардың қатарында сонау 1981 жылы тұң­ғыш рет дербес компьютерді құрас­ты­рып шығарған IBM корпорация­сында және әлем бойынша үздік автомобиль маркасы са­налатын  BMW көлік шығарушы ком­па­ния­сында жұмыс істеген отандасы­мыз Ержан Байымбетов те бар. Бүгінде Герма­ния­ның Мюнхен қала­сын­да тұратын Ержан­мен арнайы хабар­ласып, әңгімеге тартқан едік.

 width=

– Ержан, физика және математика пән­дерін тереңдетіп оқытатын мектеп тү­лектерінің көп жағдайда ІТ-ға бет бұ­ратыны белгілі. Қазіргі күні қарыш­тап дамып келе жатқан ақпараттық тех­нология саласына сіз де солай кел­діңіз бе?

– Иә, Алматыдағы №93 орта мектепте 8-сы­ныпқа дейін оқып, кейін О.Жәутіков атын­дағы дарынды балаларға арналған фи­зика-математика орта мектеп-интер­на­тында білім алдым. Онда республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, білімімді ұштап, бәсекелесу қабілетімді арт­тырып, нәтижесінде мектепті «Алтын бел­гіге» бітірдім. Сосын 2005 жылы Қазақ-Бри­тан техникалық университетіне ақпарат­тық жүйелер мамандығы бойынша оқуға түстім, кейін онда өз мамандығым бойын­ша магистратура бөлімінде оқыдым. Мұны бітірген соң, өзім оқыған мектепте екі жыл­дай математика пәнінен сабақ бердім. Сосын достарыммен бірге мектептерді whiteboard, яғни «ақылды» тақтамен қамта­масыз етуге бағытталған Almaboard атты стартап жоба бастап, өзіміз құрған жеке компанияда жұмыс істедім, сосын ҚБТУ-да бір жылдай сабақ бердім.

– Кезінде  Almaboard жобасы тура­лы көп естігенмен, қазіргі кезде бұл өнім жайлы көп адам біле бермейді. Сонда бұл бастамаларыңыз іске аспай қалды ма?

– Иә, өкінішке қарай, бұл істі әрі қарай жүр­гізе алмадық. Десек те, Almaboard мен үшін үлкен тәжірибе болды. Негізі, мұны жү­зеге асыру үшін бізге ҚБТУ әкімшілігі, «Сам­ұрық-Қазына» АҚ үлкен қолдау біл­діріп, қаржылай көмек көрсетті. Байқап қара­сақ, Қытайда жасалып, бізге әкелінетін тақ­тамен салыстырғанда біздің құрастыр­ғанымыз әжептәуір арзанға түседі екен. Алай­да барлығы біз ойлағандай болмай шық­ты.

– ҚБТУ-да жұмыс істей жүріп, әлем­ге дербес компьютер сыйлаған IBM се­кіл­ді әйгілі компанияның қызмет­кер­лер құрамына қалайша қосылға­ныңыз бізге қызық...

– Сол уақытта IBM компаниясының бағ­дарламалық жасақтау бойынша жыл сайын ұйымдастыратын Great Mind Challenge атты сайысына қатысып, онда бірінші орынды иелендім. Сосын жарыс ұйымдас­тырушылары мені IBM-ның Швейцарияда орналасқан ғылыми орталығына Edison  атты жоба аясында практикадан өтуге ша­қырды. Онда Балтық теңізінде орналас­қан Да­ния Корольдігіне тиесілі арал тұрғын­да­рын жаңартылған энергиямен қамтамасыз ететін жобаға эксперимент жасадық. Аны­ғы­рақ айтсам, осы жобаның бағдарламасын жаз­дым. Бұл да мен үшін таптырмас мүм­кіндік болды. Практика біткен соң, Қа­зақстанға оралып, ҚБТУ-дағы оқытушылық қыз­метімді жалғастырдым. Сосын ма­гистра­турада алған білімді аздық етіп, ақы­рында Австрияның Линц қаласында ор­на­ласқан Иоганн Кеплер атындағы универ­си­тетке (Johannes Kepler University Linz) док­­торантураға оқуға түстім. Онда мобиль­ді телефон арқылы адам эмоциясын анық­тау тақырыбы бойынша зерттеу жүргіздім.

 width=

– Линцтағы оқуыңызды аяқтаған соң, көлік жасау индустриясындағы же­текші компания – BMW-ның Мюн­хен қаласында орналасқан штаб-кеңсе­сіне жұмысқа қабылдандыңыз ба?

– Иә, оқу бітірер алдында таныстарым­нан BMW компаниясының ІТ-маман іздеп жат­қанын естіп, онда құжаттарымды тап­сырған едім. Ақырында компанияның кадр бөліміндегілер мені Мюнхен қаласына сұх­баттасуға шақырып, жұмысқа қабыл­дады. Қазіргі таңда әлемдік тренд бойынша «ақылды» көлік, яғни өздігінен жүретін кө­лік құрастыру үдерісі белең алып жат­қанын білетін боларсыз. BMW компаниясы да көштен қалмай, мұндай жобаны әзірлеу үстінде. Мұндай ірі жобаның артында кө­лік­ті құрастыратын механиктермен қатар, ІТ маманының орасан еңбегі тағы бар. Кө­лікті пилотсыз жүрумен қамтамасыз ететін көп­теген сенсор бар, мен сол сенсорларға ар­нал­ған бағдарлама жаздым. Қазақшалап айтқанда, BMW-ның «миын» жаздым. Бұл өте қызықты тәжірибе болды, өйткені бұ­рын-соңды көліктерге арналған бағдарлама құрастырып көрмегенмін әрі мұның қалай іске асырылатынын да білмейтінмін. Кейін­нен мені fintech саласы бойынша Герма­ния­дағы ең үлкен компания CHECK24 жұмысқа шақырды. Жалпы, Германияда алты жүздей банк бар, несие алуға мәжбүр тұрғындар банк­ке бармай-ақ, біз құрастырған бір жүйе­ге кіріп, несие алады. Мен сол жүйенің жұ­мысына жауапты болдым. Ал қазіргі таңда Мюнхен қаласында орналасқан, жыл­дық айналымы 25 миллиард евроны құ­райтын Еуропадағы ең ірі ритейлер ком­пания – Saturn Mediamarkt-ке жұмысқа ор­наласудамын. Жұмысымды неге жиі ауыс­тыратынымды сұрасаңыз, өз басым тех­нологияға қызығатын маман қырық жас­қа дейін үйрену керек, әртүрлі тех­ноа­лаң­дарды көру қажет деп есептеймін. Бізге, яғни – ІТ мамандарына бір жерге бірнеше жылға тұрақтау тиімсіз, себебі жаңа тех­но­логияны меңгеріп алған соң, мұны көп уақыт бойы қайталай бермей, өзге тың нәрсені үйренген абзал.

– Әңгімеміздің басында сіз секілді әлем­нің өзге ірі компанияларында ІТ ма­­маны ретінде жұмыс істейтін қа­зақ­тарды тізіп шыққанымда, «Сіз білесіз бе, мұның барлығының жауабы бір – біздің мектептерде Кеңес заманынан қалған математика пәнін оқытудың мықты жүйесі бар» дедіңіз...

– Иә, біздің елде Кеңес заманынан қал­ған, математиканы тереңдетіп оқытатын мық­ты білім беру жүйесі бар. Осы оқыту дәс­түрін үйреніп алған мұғалімдер отыз жыл бұрынғы кітаптар арқылы балаларды ма­тематикаға баулиды. Математикалық ба­засы мықты оқушы ІТ саласында оңай жұ­мыс істей алады. Өзіңіз білетіндей, шетте жұмыс істеп жүргендердің ІТ мамандардың көп­шілігі мектепте математика мен физи­каны жақсы оқыған. Өкініштісі сол, ІТ са­ла­сында өсіп-өнгісі келетін балаға Қазақ­стан­да ойындағысын дамытуға мүмкіндік жоқ. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен «Алматы – ІТ қала» деген жоба қолға алынып, осылайша Алма­тыны Ор­талық Азияның Кремний алқабына ай­налдыру көзделген еді, десек те, бұл іске жауап­ты мамандар бұдан оң нәтиже шы­ғара алмады. Ал дәл осындай жоба Беларусь пен Украинада басталып, ақырында ол жақтағылар Кеңес өкіметі кезінде білім алған мықты математиктердің көмегімен ІТ саласының қарқынын үдетіп, тиімділігін арттырып, өз істерін дөңгелетіп алды. Беларусь елі бір ғана ІТ саласынан жылына 1,4 миллиард АҚШ долларын табады. Бізде де мұндай ақша өндіріп алуға болады, бізде де олардағыдай мамандар, ресурстар баршылық. Тек жоғарыда мен айтқандай жөнді басқарылмаудың, «рельске» дұрыс қойылмаудың себебінен олардан кеш қа­лып отырмыз. Дегенмен Қазақстан әлеуеті бар халық әрі шетелдіктерден «Қазақтар – талантты халық» дегенді жиі естимін. Болашақта сіз болып, біз болып, кенжелеп қал­ған салаларды насихаттау, жетілдіру ісі­не үлес қосамыз деген үміттемін.

– Қазақстанда көптеген шетелдік авто­концерндердің көлігі құрас­тыры­латыны белгілі. Алдағы уақытта көлік­ті тек құрастырып қана қоймай, сіз се­кіл­ді ІТ мамандардың көмегімен же­ке көлік брендін жасап шығаруға да мүм­кіндігіміз бар ғой, демек?

– Әлбетте! Мен сізге мынаны айтайын, Германия автоиндустриясында маман тап­шылығы бар. Сол себепті олар өз жо­баларын Шығыс Еуропа елдеріне аутсор­сингке шығарып, өзге елдегі мықты маман­дардың көмегіне жүгінеді. Ал бұл мамандар мұның қыр-сырын үйреніп алған соң, өз ай­мағындағы автокөлік өндірісінің дамуы­на атсалысады. Бұдан бөлек, басқа елдерде BMW-ға көлік бөлшектерін құрастыратын серіктес компаниялар жетерлік. Ал Қазақ­станда біз жоғарыда айтқан «ми» күші жет­кілікті. Егер Қазақстанда техника құрас­тыру­ға әуес маман Еуропаның ірі кон­церндері­мен байланыс орнатса, біздің де өз жеке брендімізді шығарудың ауылы алыс емес. Менің пайымдауымша, бізге әлі де бол­са сапалы білім беретін университеттер салу қажет. Қазіргі кездегі әлемдік дең­гейдегі рейтингі жоғары университеттердің барлығының жанынан ғылыми орталықтар ашылған немесе кампустарына жақын жерде компаниялар өз филиалдарын ашып қойған. Егер Қазақстанда теория мен прак­тиканы үйлестіруге үйрететін мықты университет ашылса, бірінші күні мен жо­ғарыда айтқандай кадр іздеп жүрген BMW компаниясы келіп ғылыми орталық ашса, екінші күні Google өкілдері байланысқа шы­ға­ды, үшінші күні ІВМ компаниясы ке­зінде бізді іріктеп алғандай тағы да маман­дар легін іздеп, сол жерден өз орталығын ашуы мүмкін. Алматыда технологияның қыр-сырын білетін, бірақ өз үйінде отырып жұмыс істегісі келетін ең кемі мың адам шықса, алпауыт корпорациялардың өкіл­дері ертесі-ақ келіп, өз кеңселерін аша­ты­нына сенімім мол. Осылайша, біздің тілмен айтқанда технологиялық трансфер, яғни алмасу орнайтын еді. Алайда дәл қазіргі таң­да бұл келелі іс тоқтап тұр. Қазақстан аумағы ұлан-ғайыр болғанымен, жаңа өнім жасап шығару жағынан әлемдік нарықтағы орны шектеулі.

 

– Орыстілді бір сайтқа бер­ген сұх­батыңызда «Қазақстан – менің Ота­ным. Елімнен біржолата көшіп ке­туді жос­парлаған жоқпын. Мен – Қазақстан азаматымын және ме­нің мақсатым – қызықты жоба­лар­ды тауып, тәжірибе жинақтау» депсіз. Қазақстанға әкелгіңіз келе­тін қызықты жобалардың қандай болатынын жоспарлап қойдыңыз ба?

– Мен сізге мынаны айтайын: Қа­зақ­станға келу қажет болса, мен әзірмін. ІТ маманы болғандықтан, үлкен нарыққа қараймын. Дегенмен үлкен нарықтың соңына түсіп, Отаным Қазақстан екенін еш ұмытып кеткенім жоқ. Қазақстанға тың жобаларды әкелу туралы жиі ойлаймын. Өткенде достарым елге келіп, ІТ-ға қызығып жүрген студенттерге презентация жасауымды өтінді. Сол кездесуде көзі жанып тұрған, білімге құмар жастарды байқап, көңілім марқайып қалды. Барлығының қоятыны бір сауал – өзің жасаған ерекше өнімді үлкен нарыққа қалай шығару. ІТ әлемінде жетістіктің  кілті аутсорсингте, кішігірім компанияларға бағдарлама жасап беру мүмкіндігін иеленген маман өзге стартап жобаларды іске асырып, нәтижесінде өзінің кішігірім алаңын ІТ орталыққа айналдыра алады. Қазақстанға барып келген бір еуропалық досым «Отаныңдағы жастар өте қағілез екен, әрі жұмыс жасауға қолайлы орта бар екен. Қазақстанда неге аутсорсинг аш­пас­қа?» деп таңғалып жатыр. Алдағы уақытта ел үкіметі ІТ саласына Украина немесе Бе­ла­русь секілді көңіл бөлсе, өз арамыздан Билл Гейтс те, Илон Маск та шығады. Қазақ­стан бізді тәрбиелеп шығару үшін қыруар қар­жы жұмсады, ал мұның рахатын қазір  Ба­тыс елдері көріп жатыр. Адамға құйылған инвестиция мұнайдан да қымбат зат.  Мойындауымыз керек, Қазақстанның сонша уақыт мәпелеп, бағып-қағып әзірлеген кадр күші сыртқа кетіп жатыр. Ал Еу­ропада мұндай кадрды әзірлеу үшін кемінде 150 000 АҚШ доллары жұмсалады. Ал біздегідей қолайлы ортада, әлгіндей мықты математиктердің қолында оқып-тоқыған жас маман енді жұмыс істеп келе жатқанда пісіп- жетілу үшін шетелге кетіп қалады. Дейтұрғанмен, олар да мен секілді біржолата кеткісі келмейді. Сыртта тәжіри­бені жинақтап алып, Қазақстанда да қазіргі жұмысындағыдай жағдай болған кезде қайтып оралғысы келеді. Жалғыз ІТ емес, химия, робототехника, биология салалары бойынша небір мықтыларымыз өзге елдің бәсі биік компанияларында еңбектеніп жүр. Десек те, Қазақстан тарапынан олар­мен еш байланыс орнатылмаған. Қазақстан үшін жұмыс істегің келмейді емес, бар біл­геніңді туған еліңнің дамуы үшін сарп еткің келеді. Дегенмен бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Қазақстанда дәл қазір қалып қой­сақ, дамымай қаламыз, өспей қаламыз. Даму үрдісі кеш жететін еліміздің мүддесі үшін күн санап емес, тіпті минут сайын да­мып жатқан өзге елдерде тәжірибе жи­нақтап, кейін елге оралғанымыз жақсы емес пе? Сыртта жүрген соң, Қазақстанды кем­шін санап, ал өзге елдерді жоғары қоюды әдетке айналдырып алған. Мысалы, неміс халқында шақырған жерге 2-3 са­ғатқа кешігіп бару деген атымен жоқ дей­міз, ал біздің елде кешігу синдромынан арыла алмай келеді дегенді көп естимін. Мен мұнымен келіспеймін, себебі немістер де кезінде көп кешігетін болған. Сосын не­містердің отбасылары кішкентай, тиісінше туыстары аз. Ал қазақтарда бір әулеттегі ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттың саны жүз­­ге жетіп жығылады. Отбасы мүшелері­мізбен арадағы қатынасымыз мықты, ал немістерде олай емес. Сондықтан шетте жүр­сем де, өз халқымның өзгелерден ар­тық­шы­лығын ескеріп, марқайып жүремін.

                                         Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары