314
Қарағанды облысындағы ауылдардың бірі карантинге жабылды
Қарағанды облысындағы ауылдардың бірі карантинге жабылды
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Центральный ауылы карантинге жабылды. Ауылдың шыға берісіне блок-бекеттер қойылып, кіріп-шығуға тыйым салынды.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, ауылға Омбыдан келген қонақтан коронавирус анықталған. Науқаспен байланыста болғандар індет жұқтырған.
Бұқар жырау ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, ауыл тұрғындары тек жұмысқа, жақын маңдағы дүкен немесе дәріханаға бара алады. Инфекция жұқтырған науқастардың барлығы жазылғанша шектеу шаралары алынбайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарында шектеу шаралары күшейтілген болатын.
Пандемия басталғалы елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 109 766-ға жетті. Індеттен 105 мыңнан астам емделіп шықты. Дерті асқынған 1796 адам көз жұмды.
Індеттің таралуын шектеу мақсатында Қазақстан 26 қазаннан бастап халықаралық әуе рейстерінің санын қысқартпақ.
Қазақстан аумағына келгендердің барлығы (соның ішінде ҚР азаматтары), соның ішінде екіжақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілер міндетті ПТР-тестілеуден өтеді. Шетелден келушілерге, оның ішінде ҚР азаматтары үшін коронавирусқа ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтаманың жарамдылық мерзімі 3 күнге дейін белгіленді.