257
Ресейдің барлау қызметі Пхёнчхан Олимпиадасына кибершабуыл жасаған
Ресейдің барлау қызметі Пхёнчхан Олимпиадасына кибершабуыл жасаған
АҚШ пен Ұлыбритания билігі Ресейді Олимпиадаға және Францияның қазіргі президентінің сайлауалды штабына кибершабуыл жасады деп айыптады. Бұл туралы ВВС-дің орыс қызметі хабарлады.
АҚШ-тың әділет министрлігі Ресейдің Бас барлау қызметі 2018 жылы Пхёнчханда өткен қысқы Олимпиада және 2017 жылы Францияда өткен президент сайлауы кезінде хакерлік шабуылдар ұйымдастырды деп есептейді. Оған дәлел ретінде кибершабуыл жасаған 6 адамның есімі мен суреті жарияланды. АҚШ билігінің сөзінше, әскери барлау қызметінің мамандары Not ПЕТЯ деп аталатын зиянды бағдарламалық жасақтаманы қолданған. Ол бүкіл компьютерлік желілерді қиратып, жаһандық масштабта зиян келтірген көрінеді.
Ал Ұлыбритания билігінің айтуынша, Ресей 2020 жылы Токиода өтуі тиіс болған Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына да кибершабуыл жасауды жоспарлаған.
АҚШ пен Ұлыбританияның айыптауларына Ресей билігінен бірінші болып Мемлекеттік Думаның халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий жауап қатты. Оның пікірінше, бұл айыптаулар ешқандай дәлелсіз және Мәскеуді шеттетудің кезекті қадамы.