233
Ертеңнен бастап Қостанай облысында карантин күшейтіледі
Ертеңнен бастап Қостанай облысында карантин күшейтіледі
Қостанай облысында караниндік шектеулер күшейтіледі. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram парақшасында хабарлады.
Аймақ басшысының айтуынша, өңір пандемияның екінші толқынына дайын болғанына қарамастан, эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантинді күшейту туралы шешім қабылданған.
20 қазан сағат 00:00-ден бастап күшіне енетін жаңа ереже бойынша қоғамдық тамақтану объектілері 23:00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Сондай-ақ, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынады. Ауданы 2000 шаршы метрден астам сауда объектілерінің, азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды қоспағанда, сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарлары, фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтары, моншалар да сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді.
Айта кетейік, өткен тәулікте Қостанай облысында 4 адамнан коронавирус анықталып, өңірде індет жұқтырғандардың жалпы саны 3547-ге жетті. Індеттен 21 адам қайтыс болды.
Ал республика бойынша індет жұқтырудың 102 жаңа жағдайы тіркеліп, коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 109508-ге жетіп отыр. Індеттен 105 мыңнан астам адам емделіп шықты. Дерті асқынған 1768 науқас көз жұмды.
Еске сала кетсек, Коронавирустың таралуын шектеу мақсатында 18 қазаннан бастап Павлодар облысында карантин шаралары күшейтілді. Өңірде ғимарат ішіндегі қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы (ашық ауада қызмет көрсетуді қоспағанда) 22.00-ге дейін шектелді. Фитнес-орталықтары, жаттығу залдары мен спорттық-сауықтыру орталықтары да 30 пайыздық толымдылықпен сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал сауда орталықтарының, сауда үйлері, сауда желілеріне 18.00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат берілді.
16 қазаннан бастап СҚО-да да қосымша шектеу шаралары енгізілді. Өңірдегі сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарды. Сондай-ақ, Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды.
14 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтанда да карантин күшейтілді. Меншік нысанына және жұмыс істейтіндердің штаттық санына қарамастан елордадағы барлық ұйымдар, кәсіпорындар қызметкерлерінің кемінде 60% қашықтықтан жұмыс істеуге көшіруге міндеттелді. Бұдан бөлек, қаладағы бірқатар нысандардың жұмыс уақыты қысқарды.