12 Қазан, 16:21 610 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Алтын құйма сатып алудан көшбасшы өңірлер анықталды

2020 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейінгі кезеңде жалпы ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерден және айырбастау пунктілерінен жалпы салмағы 566,3 кг болатын 13 208 өлшеуіш құйманы сатып алды. Қыркүйек айында жалпы салмағы 65,2 кг болатын 1 480 өлшеуіш құйма сатылды.

Ұлттық банктің мәліметінше, алтын құйма бес түрде ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында салмағы 10 г құйма ең көп сатып алынады. Сатудың жалпы көлемінен оның үлесі 25% – 8 701 дана. Одан кейін 100 грамдық – 7 648 дана (22%), 5 грамдық – 6 414 дана (19%), 20 грамдық – 7 649 дана (22%), 50 грамдық – 4 276 дана (12%) тұр.

Құйма сатып алу бойынша өңірлер арасында көшбасшы – Алматы қаласы (сатылған құймалардың жалпы санынан 55%), одан кейін Атырау (14%), Нұр-Сұлтан (10%) және басқа өңірлер (21%) болды.

Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап жалпы салмағы 3,2 кг 119 өлшеуіш құйма кері сатып алуға қабылданды. Бұл алтын құймалардың инвестициялаудың және жинақты жинақтаудың ұзақ мерзімді құралы болып табылатындығына байланысты.

Алтын құйма – инвестициялаудың сенімді құралы. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалары нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт) және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және орауы ашылғанын немесе ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орауда шығарылады. Қорғаныш орауы да құйма сапасының сертификаты болып табылады. Сондықтан құйманы ұқыпты сақтау және орауды ашпау ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі халық үшін тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу Бағдарламасын 2017 жылы іске қосты. Барлығы 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,25 т құрайтын 34 688 өлшеуіш құйма сатылды. Қазіргі кезде алтын құймаларын Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға болады.

 

Соңғы жаңалықтар