Ұлттық аударма бюросының мамандары марапатталды

Ұлттық аударма бюросының мамандары марапатталды

Ұлттық аударма бюросының мамандары марапатталды
ашық дереккөзі
Ұлттық аударма бюросының аудармашылары мен редакторлары 30 қыркүйек – Халықаралық аудармашылар күніне орай ҚР Мемлекеттік хатшысы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің алғыс хаттарымен марапатталды. 2017 жылы БҰҰ-ның 71-сессиясында аударма ісі мамандарының түсіністік пен бейбітшілікті нығайтуға, мәдени қарым-қатынас негізіндегі адамзат дамуына қосатын үлесі туралы арнайы қарар қабылдап, 30 қыркүйек Халықаралық аудармашылар күні деп жарияланды. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры – ауқымды аударма жобаларын жүзеге асырушы, ірі ғылыми және көркем аударма жұмыстарын үйлестіруші қоғамдық ұйым. Бюрода тәжірибелі аудармашылар, тілшілер мен әдебиетшілер ортасынан іріктелген редакторлар, алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, жалпы саны 300-ден аса маман жұмыс істейді. Аудармашы мамандар негізінен ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударма жасайды. Ұлттық аударма бюросы 2017 жылдан бері бірқатар ауқымды аударма жобаларын үйлестіріп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген 77 оқулығы түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылды. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиеті антологиялары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды. 60 қазақстандық автордың шығармалары 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жеткізілді. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушы шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Жоба «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асты. Сонымен қатар, Ұлттық аударма бюросы балалар психологиясына  арналған әлемдік бестселлерлерді қазақшалап, педагог-психолог мамандардың кітапханасын да жаңа кітаптармен толықтырды. Жалпы аударма бюросында 2019 жылдан бүгінге дейін 124 атау кітап аударылып басылды. Бюро осы салаға маманданған ірі халықаралық ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатты.