219
Президент Ұлттық экономика министрін қабылдады
Президент Ұлттық экономика министрін қабылдады
Президентке экономикалық өсімді қалпына келтіруге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының негізгі қағидаларын жүзеге асыру жайында баяндалды, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы басқаратын құрылымдарды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің механизмдерін жетілдіру, инвестиция тарту шаралары жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салу және тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту мәселелері сөз болды.
Мемлекет басшысы ауылдық жерлерді дамытудың перспективаларына, соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасына ерекше назар аударды. Осы бастаманың аясында бес жыл ішінде 3500 ауылды жаңғырту көзделуде. Президент ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның сапасын қалалық деңгейдегі стандартқа жақындатуды тапсырды.
Кездесу барысында микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий үш жыл ішінде 100 мыңға жуық тексеріс жүргізуді болдырмауға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Бұл бизнесті ретке келтіру ісінің жаңа парағын ашуға оң ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бизнес жүргізу ісін реттеуді және салық салуды жеңілдету жөнінде бірқатар тапсырма берді.