30 Қыркүйек, 19:51 759 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Мұнайлы өлкеде де ағайын мұңсыз емес (+видеорепортаж)

Атырау өңірі Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Өңірде 2018 жылғы санақ бойынша 631 841 жан саны тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы – шетелден көшіп келген қандастар. Осыған орай газетіміздің Atajurt жобасы аясында Атырау облысына арнайы іссапармен барып, қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Атырауға жасаған сапарымызда әуелі Дү­ниежүзі қазақтарының қауым­дас­ты­ғының жергілікті өкілі, белгілі қаламгер Өтеп­берген Әлімгереевпен жолықтық. Ол кісі – Атырау өңірінің телерадиосында ұзақ жыл­дар қызмет еткен ардагер журналист,  Ма­хамбет атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құр­мет» орденінің иегері. «Еділ жайлаған қа­зақтар», «Алаш аңсаған азаттық», «Сарай­шық» және «Шетел асқан ағайын» секілді құн­ды еңбектердің авторы. Қазір Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының Атыраудағы бөлім жетекшісі қызметін атқаруда.

– Тағдыр-талайымен, қызмет бабымен, бас­қа да жағдайлармен қиыр қонып, шет жай­лаған қандастарымыз көп. Қазір әлем­нің 46 елінде қазақтар өмір сүріп жатыр. Мы­нау іргелес жатқан Астрахан облысында 250 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Одан ары Қалмақ Республикасында 5 мың­нан астам, Сартауда (Саратов) 80 мыңнан астам қазақ бар. Олардың көбі біздің батыс ай­маққа жақын жатқан жерлер болған­дық­т­ан осында көптеп келеді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдасты­ғы­ның Атыраудағы бөлімі 2004 жылдан бас­тап жұмыс істеп келеді. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты – Атырау облысына іргелес жат­қан елдердегі қазақтармен жұмыс істеу және осында көшіп келген ағайындардың жағдайына қарайласу. Осы ретте Атырау облысында Көші-қон қызметі 1994 жылдан бас­тап жұмыс істей бастады. Иран, Түркия, Түр­кіменстан және Өзбекстаннан қан­дас­тар қоныс аударды. Түркіменстандағы ағайын­дар біздің Жылыой деген жермен бұрын­нан жапсарлас жатыр. Одан бөлек, Қарақалпақстаннан ағайындар көптеп келді. Олардың да арғы түбі аштық кезінде кет­кен және шекара бөлгенде шетте қалған осы өңірдің адамдары, – дейді Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының өкілі Өтеп­берген Әлімгереев.

– Іргелес жатқан Астрахандағы қазақ­тар­дың «Жолдастық» деген қоғамдық мә­дени-рухани орталығы табанды, жүйелі жұ­мыс істеп келеді. Ресейдің біраз жерінде бө­лімдері бар. Жыл сайын ұлттық мереке­лер­ді ұлықтап, қазақылықты сақтап қалуға өз үлесін қосуда. Ресейдің басқа өлкелерімен салыстырғанда Астрахандағы қазақтардың қа­зақ тілін білуі, ұлттық болмысты және салт-дәстүрді сақтауы анағұрлым артық. Олардың тек Атырау облысы ғана емес, жал­пы батыс аймақтардағы Орал, Ақтөбе, Маң­ғыстау облыстарымен де рухани-мә­дени байланысы берік, – дейді ол.

Атырау – мұнайлы, бай өлке дейміз. Алай­да онда оралған ағайындардың әлеу­мет­тік жағдайы әлі әлсіздеу екені байқалады. Осы­ған қатысты сұрағымызға:

– Алғаш келген кезде қандастарды бас­па­намен қамту мүмкіндігі болды. Жұмыс тауып беру мәселесі де қарастырылған еді. Қа­зір оның бәрі сиреді. Сондықтан проблема да көбейді. Жасыратын несі бар, қан­дас­тарды құжаттандыру ісінде де кемшіліктер жетеді. Мысалы, шетелдерден әртүрлі сала­ның қыр-сырын игерген мамандар келеді. Оларды дұрыс пайдалану жағы да жетің­кіре­мей жатыр.

Әңгіменің бәрі заңға келіп тіреледі. Заң сол­қылдақ. Оны тиянақтап алмай халыққа қыз­мет көрсету қиын, – деп жауап берді ол.

Сондай-ақ оның айтуына қарағанда, Ре­сейден көбіне өндіріске икемді мамандар келеді. Біздің жағдайда мұнайымыз бар, құ­рылысымыз бар бүгінгі индустрия әр салалы. Соның нағыз мамандары шеттен ке­ле­тін қандастардың арасында көп. Өз­бекстаннан ауылшаруашылық саласының мамандары келеді. Біз ауыл шаруашылығын дамытамыз деп айқайлағанда дауысымыз қатты шығады, ал еңкейіп күрек ұстасақ, беліміз бүгілмейді. Қысқаша айтқанда, қа­лай да шетелден келіп жатқандардың бізге әкелетін өзіндік жаңалығы мол.

Біз қанша дегенмен Кеңес үкіметінің құра­мында болдық. Сол санамызға әбден сің­гені сонша, іс-қағаздардың көбін орысша жүр­гізгіміз келіп тұрады. Ал шеттен ке­летіндердің дені орыс тілін білмейді. Дайын мамандар өз саласы бойынша қызмет істей алмайтыны да содан. Шеттен келіп жатқан мамандар бір сөзбен айтқанда өз мүмкін­діктерін пайдалана алмай отыр.

Сондықтан біз тәуелсіздікті нығайтамыз де­сек, ана тілге көңіл бөлуіміз қажет. Қазақ тілі салтанат құрса, шетелден келген қазақ­тар­дың бар мүмкіндігін аша алар едік, – деп ағынан жарылған Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының өкілі Өтепберген Әлім­гереевтің бізге берген жауабына қарап, Аты­­раудағы қандастардың әлеуметтік ахуа­лын зерттей түсуіміз қажет деп түйдік.

Әлбетте, алдымыздан сол құжат мә­селесі, білім саласы және ауыл шаруашы­лы­ғына қатысты қордаланған түйткілдер кез­десті. Ендеше соларға жеке-жеке тоқта­лып өтейік.

Қандастар неге неке куәлігін ала алмай жүр?

Атырау қаласындағы мейрамхана­лар­дың бірінде жұмыс істейтін Қазақстан аза­маты Қуаныш Жұмабек және Қали Қаб­дыуақи өмірлік серігін тауып, үйлен­геніне бір жылдай уақыт болса да, неке куәлігін ала алмай жүргенін айтады.

– Мен Түркі­стан облысында туып-өс­кен­мін. Қа­зақстан азаматымын. Жарым Гүл­жанар Өркенбаева Қарақалпақ­стан­нан кө­шіп келген. Ша­риғат бойынша некеміз қиыл­ды. Бірақ заң­ды неке куәлігін ала алмай жүрміз. Әйеліме Қазақ­стан азаматтығын да бермей отыр. Ол құ­жаттарды алу үшін Қа­рақалпақстанға барып, анықтамалар алып келуі қажет екен. Қа­зір шекаралар жа­­бық. Ал ол анық­та­маларды әкелмесек де­­пор­тациялайтынын айтады, – дейді Қуа­ныш Жұмабек. Ал қан­дасымыз Қали Қаб­дыуақи:

– Мен 2017 жылы кыркүйекте Қытай­дың Тарбағатай об­лысынан Қазақ­станның Атырау об­лысына көшіп кел­дім. 2018 жылы мамырда Қазақстан азаматтығын алдым. Шариғат бойын­ша некеміз қиыл­ды. Ал жұ­байым Қарақал­пақ­­стан­­нан келген. Биыл ақ­пан айынан бері Қазақ­стан­­­да жүріп-тұру мер­­­­зімін 3 ай сайын ұзар­тып отыр­­­­мыз. Кө­ші-қон қызметі әйелі­ме «енді мерзімін со­зып бермейміз, Қа­рақал­пақ­­станға қайт» деп отыр, – дейді.

Бұл туралы заңгер мамандар Қазақстан азаматы шетел азаматына үйленген жағдай­да неке куәлігі берілуі заңды екенін айтады. Тек шетел азаматы келген елінен бұрын не­кеде болмаған деген анықтамасы болса жет­кілікті. Ал азаматтық алуына мүлде ке­дергі болмауы керек дейді.

;feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly

ҰБТ-дан шектік балл жинай алмай қалған қандастар не істейді?

2019 жылғы қарашада Қытай елінің Іле об­лысынан Атырау қаласына көшіп келген қандасымыз Серік Айпанұлы балаларының оқу үлгеріміне көңілі күпті. Әсіресе, он жыл қы­тай тілінде білім алған қызы биыл он бірін­ші сыныпты онлайн оқып жатыр. Осы­ған орай енді қызы жоғары оқу орнына түс­пей қала ма деп алаңдайды.

– Бұл кісілер ұрпақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін сақтау және Қазақстанда өз ана тілінде білім алуы үшін көшіп келген. Балаларының барлығы қытай тілінде білім алған. Осы жақтың жазуын дұрыс білмейді. Қазіргі коронавирус жағдайына байланыс­ты онлайн оқып жатыр. Оқу үлгерімдері мәз емес. Сол үшін әке-шешесі балаларын оқы­тамыз деп келгенде ертең оқуға түсе алмай қала ма деп алаңдап отыр. Ондай жағдайда қандай жеңілдік болады?

Қазір бұл жан­дар­дың басында бас­панасы жоқ. Жұмыс­сыз. Менің үйім­де тұрады. Жал­­пы 13 адам бір үйде тұрып жатырмыз. Мем­лекет тарапынан ешқандай көмек бол­ған жоқ. Атырау облысында ондай қол­дау­лар болмай отыр, – дейді інісі Ержан Ай­панұлы.

– Меніңше, қан­дасымыз Серік Ай­пан­ұлының қы­зы оқуға түсіп кетуі қиын. Өйт­кені он жыл бойы қытай тілінде білім алған. Тіп­тен осында бір жыл бойы даярлық оқып жат­қандар­дың көбі биыл грантқа түсе алмады. Шектік балл ала алмай қал­ғандар көп. Олар түгілі он бір жыл Қа­зақстанда оқыған жер­гілікті балалар оқуға түсе алмай жатады. Мұн­дай шетелден келіп оқуға түсе алмай қал­ған талапкерлер көп, – дейді «Жібек жо­лы бауырластар» қоғам­дық бірлестігінің же­текшісі Әлия Тазабекова.

Бұл туралы «Отандастар қорының» КеАҚ Білім бағытының жауапты қызметкері, БҒМ Республикалық білім гранттарын беру жөніндегі конкурстық комиссиясының мү­шесі Нұрымжан Жұмағазиев былай деп жауап берді:

«Шетелден көшіп келетін қандастарға қа­тысты білім саласы бойынша қарасты­рыл­ған жеңілдік аймақтарға бөлінбейді. Елі­міздің 24 ЖОО-да даярлық оқуға болады. «Мы­нау Өзбекстаннан келген, мынау Қы­тайдан келген» деп бөлінбейді. Барлық қан­дас талапкерге бірдей жыл сайын 4 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ста­тис­тикаға сүйенсек, орта есеппен алғанда Қы­тай елінен келген қандастардан жыл сайын 500 студент білім грантына ие болады екен. Сондықтан ата-аналар әлден жеңіл­дік іздеп оқушының психологиясын бұз­бай, керісінше талап қойып, жігерлендіріп, жақсылап дайындауы қажет».

;feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly

Мал дәрігері қандастың түйесін неге сойдырды?

Атырау облысының даңқы мұнайымен ғана емес, түйе шаруашылығымен де шық­қаны белгілі. Өткен ғасырдың орта тұсында еліміздегі түйелердің 45 пайыздан астамы осы өңірде өсіріліп, тонналап ет, шұбат, жүн өткізіп, түйе малының пайдасы мол екенін дәлелдеген болатын.

Қазақстанның 180 миллион жайы­лым­дық жерінің 80 миллион гектары – шөл, 36 миллион гектары – шөлейтті алқап. Демек, айлап су ішпесе де, шөлге төзімді Ойсылқара тұқымын өсіремін деушілерге өріс жетеді. Өріс жетеді, бірақ пиғыл жетпей жатқандай. Олай дейтініміз 2004 жылы Қарақал­пақ­стан­нан Атырау облысына көшіп келген қан­­дасымыз түйеші Сандыбай Құлмышов қария түйе шаруашылығын дамытуға кедергілер барын айтады.

– Қарақалпақстан бұрын Қазақстанның жері болатын. 1936 жылдары Өзбекстан мақ­та егеміз деп Мәскеуден уақытша сұрап ал­ған еді. Мен сол жерде өмірге келдім. Қа­рақалпақстанның 55 пайызы – қазақтар. Олар ғасырлардан бері жалғасқан хал­қы­мыздың қалпын бұзбай сақтаған жер. Өкі­нішке қарай, ол жер шекараның сыртын­да қалып қойды. Ел тәуелсіздік алған соң атажұртқа көшуді мақұл көріп, 2004 жылы елге келдік, – дейді қандасымыз.

– 2012 жылы өзіміз бұрыннан білетін түйе шаруашылығымен айналыса бастадым. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойын­­ша несие алып, Маңғыстау облысынан 13 түйе әкеліп өсірдім. Бұл бір өркешті аруана тұқымды түйелер, – дейді шаруашы­лық иесі.

Сандыбай Құлмышов қарияның айтуына қарағанда, түйе шаруашылығын дамыту он­ша қиын да емес тәрізді. Себебі бұл түйе ма­лы басқа түліктерге қарағанда көнбістеу келе­ді. Қандасымыз өсіріп отырған түйе­лер­дің ерекшелігі – сүті мол, ыстық пен шөл­ге төзімді. Бірақ қазір мал өсіруде кедер­гілер көп. Соның біріне тоқталып өтейін. Ке­дергіні табиғаттан да емес пенделерден кө­ріп отырмыз. Ол – мал дәрігерлері. Ха­лық­тың сау малын ауруға шығарып, арзан ба­ғамен етке тапсыру белең алды. Бұл жа­ғ­дай еліміздің барлық жерінде бар жайт.

– 2017 жылы менің түйелерімнен қан алып, ішіндегі ең семіз үлегімді (аталық не­месе бурасы) бруцеллез ауруы бар деген же­леумен «етке тапсырасың» дегенді шы­ғарды мал дәрігерлері. Мен дәрігерлердің ше­шіміне сенгем жоқ. Қорадағы ең күйлі түйе болатын. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» де­ген, тағы да бір анализ алып көріңіздер де­ген сөзімді ветеринарлар тыңдамай, таныс судьясына хабарласып «ауру малын сой­­дырмай сақтап отыр» деген шешім шы­ғар­тып алды. Сол шешім шыққан соң, айып­пұл да салдырды. Төледім. Қысқасы, 2018 жыл мамырда соттың шешімімен (сот орын­даушысын жалдап) түйемді ет алатын жер­ге тапсыртты. Одан мен бір тиын алған жоқпын. Дәрігерлер малды жылына бір рет тек­сереміз дейді. 2017 жылы ауру деген түйе бір жылға таяу жүрді. Қорада басқа мал ауыр­ған жоқ. 2018 жылы әлгі түйені тексерген жоқ. Сонымен, күні бүгінге дейін ма­лым­­ды өсіріп отырған үлегімнің мәселесі ше­­шілмей келеді, – дейді түйеші қанда­сы­мыз.

«Мал ашуы – жан ашуы» деп қария бұл іс­ке әділдік сұрап, біраз есіктің табалдыры­ғын тоздырған көрінеді. Тіптен, сот пен про­куратурадан да үмітім үзілді дейді.

;feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly

Қандас әжелер ұлттық қолөнерді тегін үйретеді

Қарақалпақстаннан Атырау қаласының маңындағы Тасқала ауылына көшіп келген бір топ ақ жаулықты әжелер «Хиуаз» қоғам­дық бірлестігіне шоғырланған. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп онда он саусағынан өнер тамған қазыналы әжелер қазақтың ұлт­тық қолөнерін қайта жандандырып, ұр­пақтарға жеткізуді мақсат тұтып отыр.

– Дүниежүзі қа­­зақ­тарының құ­рыл­­тайын­да Елбасы шеттегі қазаққа үндеу жол­дады, «ел­ге келіңдер» деп. Содан 2007 жы­лы ата­жұртқа көшіп кел­дік. Мемлекеттен жер алып, үй сал­дық. 2013 жылы «Хиуаз» қоғамдық бірлестігі заңды түрде тір­келді. Атырау өңірінде ұлттық қо­л­өнердің сая­быр­лап қалғанын байқадық. Сол себепті де Қарақалпақстаннан келген әже­лердің ба­сын қосып, осы істі қолға алдық. Бірлес­тік­те 16 шебер әже бар. Оның дені көп құр­сақ көтерген батыр апалар, – дейді «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шаһарман Әбілқасымқызы.

Мұндағы әжелердің бірі тоқыма тоқыса, бірі ұршық иіреді. Бірі құрақ құраса, енді бірі ою ояды, әрқайсысының өз ерекшелікте­рі бар.

– Мен тоқымашымын. Тоқыма өнері ІХ-Х ғасырдан бастау алған ғой. Ағыл­шын­дар­да әуелі ер адамдар тоқыған. Олардан әйел­дер қулықпен үйреніп алып тоқитын бол­ған. Бес жасымнан бастап тоқыма тоқи­мын. Қазір 72 жастамын, сонда 50 жылға жуық тоқып келе жатқан дүнием. Өмір бойы жинаған тәжірибемді жастарға үйре­тудемін, – дейді «Хиуаз» қоғамдық бірлесті­гі­нің мүшесі Гүлжан Асылбекқызы.

– Бауырсақ құрақ, қабырға құрақ, ши құ­рақ және сегізкөз, ботакөз деген құрақ бөс­тектердің түрлері болады. Әрқайсысы өзін­дік ғұрыптық ерекшеліктерге ие. Жаңа көтерген отауға құрақ бөстек төсеудің өз мәні бар. «Құралып кетсін» деген ырыммен тө­селеді. Осындай қазақтың ұлттық қолө­не­рін сақтайық, насихаттайық деп осы іске бел­сене кірісіп кеттік, – дейді «Хиуаз» қо­ғам­­дық бірлестігінің мүшесі Айым Сейіт­қызы.

Қазақта «шебердің қолы ортақ» деген сөз бар. «Хиуаз» қоғамдық бірлестігіндегі ақ жау­лықты әжелер тек тапсырыстарды ғана орын­дап қоймай, ұлттық қолөнер бұйым­дарын жасалу тәсілдерін кейінгі жастарға тегін үйретеді.

;feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly

P.S.

Кезінде Атырау өңірі қандастарды қабылдауға арналған (Үкіметтен арнайы белгіленген) облыстардың бірі болды. Қазір ол мүмкіндіктер жоқ. Қандастар мәселесімен табанды айналысып жатқан қоғамдық ұйымдардың бірі – «Отандастар қорының» да бұл өңірде фронт-офисі жоқ болып шықты.  Атырау өңіріне Өзбекстан, Түркіменстан, Ресейдің Астрахан қаласы және Қалмақ Респубикасынан қандастар көптеп көшіп келеді. Себебі жақын орналасқан әрі ауа райы, өмір сүру салты ұқсас. Алайда Атырау облысында қандастарға деген қамқорлықтың әлі де кемшін түсіп жатқаны қынжылтады.

Бақытбек ҚАДЫР

Фото+видео Нұржан Тұрғынбай

Нұр-Сұлтан - Атырау 

 

Соңғы жаңалықтар