24 Қыркүйек, 18:53 879 0 Руханият Túrkistan Gazeti

Қазақ хандығы тарихын жүйелеген ғалым

Атақты Әз-Жәнібек хан бір жолы өзінің уәзірлеріне: «Дүниеде не өлмейді?», – деп сауал қойса керек. Ханның сұрағына уәзірлері бірауыздан «Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді, Аспанда ай мен күн өлмейді, Әлемде қара жер өлмейді»  деп жауап беріпті. Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығып: «Ағын судың өлгені, алты ай қыста қатқаны, Асқар таудың өлгені, басын  бұлттың жапқаны, Ай мен күннің өлгені, еңкейіп барып батқаны, Қара жердің өлгені, қар астында жатқаны.  Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны, Дүниеде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – деген екен. Міне, осындай атқа лайықты тұлғамыз,  Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор – Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев.

Ғылыммен айналысып, тарихи деректер мен архив құжаттарымен жұмыс істеу және студенттерге дәріс беріп, ғылым мен білімді ұштастыра білу оңай шаруа емес. Ал ғалым аға­мыз осы екі саланы қатар алып жүрген бүгін­гі күндегі бірегей тұлғалардың бірі деп баға берсек, артық айтқандық емес.

Қызылорда қаласындағы политех­ни­кумда білімін жалғастырады. Оны тә­мам­даған­нан кейін, 1983-1985 жылдары Кеңес әс­кері қатарында қызмет атқарады. Кеңес әс­кері қатарында қызмет атқарып жүрген кезі­нің өзінде де КСРО тарихы мен саясатын өте жақсы, әрі тарихи тұрғыдан талдай біл­гендігін мынадай оқиғадан байқауға болады. Бір­де Ленин бөлмесіне шамамен 80-ге жуық жауынгерлерге дәріс өтіп жатқан капитан сабағына бірнеше әскери шенді адамдар кі­р­іп келеді. Олардың ішінде сол уақытта Одақ­қа белгілі генерал да бар еді. Генерал: «Со­вет үкіметі басшысының 1983 жылғы соң­ғы мәлімдемесін кім айтады?» деп сұрақ қойып, бәрінің назарын өзіне аударады. Ге­нерал сұрақты екінші рет қайталап қояды. Бі­рақ та Ленин бөлмесіне жиналған офи­цер­лер мен отырған бірде-бір жауынгер жауап бермеді. Үшінші рет сұрағанда қатар­да­ғы жауынгер Берекет Бақытжанұлы орны­нан тұрып, алдымен өзін таныстырып, соң­ғы қабылдаған Қаулының төрт пунктін ай­тып береді. Жауынгердің жауабына риза бол­ған генерал Берекет Бақытжанұлына әскери алғыс жариялайды.

1985 жылы әскер қатарында болып, жауынгерлік борышын өтеп келген болашақ ғалым ағамыз С.М.Киров атындағы Қазақ Мем­лекеттік университетінің тарих фа­куль­тетіне төрт пәннен емтихан тапсырып, 1-ші курс студенті атанды. Жас студенттің та­рихшы-ғалым болып қалыптасуына уни­верситет қабырғасында дәріс берген про­фессор-оқытушы ғалымдардың септігі мол бол­ды. Сол бір студенттік шақта тарих пә­ні­нен кіріспе дәріс өткен Ә.Хасеновке «Ағай сіз дәріс барысында көп айтқан «қазақ» сөзі қандай мағына береді?, Ол сөз қашан пайда болған? және Қазақ хандығы қашан құрылған?», – деген бірнеше сұрақ қояды. Сол кезде ұстазы: «Бұл мәселелер әлі күнге дейін тарих ғылымында толық зерттеліп нақ­тыланбаған, сондықтан болашақ тарих­шы, ғалым болатын сендерсіңдер, оны зерт­теу сендердің үлестерінде», – деп жауап беріп­ті. Болашақ ғалым осы сәттен бастап Қазақ хандығының тарихын зерттеуді ал­ды­на масат етіп қояды. Студент кезінде ғы­­­­лыми ізденістер мен тарихи дерек­көз­дері­­мен жұмыс істеуі, студенттер арасында өте­тін ғылыми конференцияларда баян­дама жасап, алдыңғы орындарды иеленуі бо­лашақ ғалымның ғылыми көзқарасы мен зерттеу әдісін қалыптастырды.

1990 жылы «тарих және қоғамтану пән­дері­нің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік дипломмен университетті аяқтайды. Болашағынан үміт күткен факультеттің про­фессор-оқытушылары оны жас маман ре­тінде тарих факультетінің Қазақ КСР та­рихы кафедрасына ассистент қызметіне алады. Сол кезден күні бүгінге дейін Берекет Бақытжанұлы аталмыш кафедрада оқыту­шылық қызмет атқарып келеді. Ол ассис­тент, аға оқытушы, доцент, профессор сын­ды қызметтік сатылардан өтті. 2016 жыл­дан бері университеттегі Қазақстан та­рихы кафедрасының меңгерушісі қыз­метін атқарып келеді.

Кафедрадағы алғашқы қызмет жыл­дарын­да оған ұстаздары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысудың, диссертация та­қырыбын таңдаудың қажет екенін ескер­теді. Марқұм профессор Н.Масанов: «Егер ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихының мәселелерімен айналысатын болсаң, онда сол кезеңдердің жазба дерек­те­рін жүйелі түрде жетік білуің керек», – деп кеңес береді. Ұстазының ақылынан соң, 2–3 жыл бойына ғылыми айналымдарға түсірілген Қазақстан тарихының барлық деректерін жинап, танысады. Ғалымның ең ал­ғашқы мақаласы «XV ғ. соңы – XVI ғ. ба­сындағы Орта Азиядағы оқиғаларға бай­ла­ныс­ты Қазақ хандығының жүргізген сырт­қы саясаты» атты тақырыппен 1993 жылы университет қабырғасында жаңадан ғана тарих сериясымен шыға бастаған «Ха­бар­шы» журналының №1 санында жарық көреді. Осы сәттен бастап ғалым ағамыздың ғылыми мақалалары мерзімді басылымдарда жиі жариялана бастайды. Ол 1996 жылы ҰҒА академигі, профессор Б.Көмековтің ғы­лыми жетекшілігімен «XV ғ. соңы – XVI ғ. І ши­регіндегі Қазақ хандығының Мауерен­нахр мемлекеттерімен саяси қарым-қа­ты­насы» атты тақырыпта кандидаттық дис­сер­тациясын сәтті қорғады. 1999 жылы доцент атағына ие болады. Ал 2010 жылы  ҰҒА академигі Б.Көмековтің ғылыми кеңес­шілігімен «Қазақ хандығының құрылу та­рихы» атты тақырыпта докторлық дис­сер­тациясын қорғап, 2011 жылы профессор атағын алады.

Б.Кәрібаев жалпы саны 600-ден астам ғы­лыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның ішінде жеке монографиялық кітап­тың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазыл­ған кітаптардың, 4 тарихи анимациялық фильм­нің сценарийінің авторы.

Ғалым ағамыз өзінің докторлық диссертациясын жазуда алдына негізгі бес принципті қойды. Біріншіден, қазақ хандығының құрылу тарихы Қазақстанда жазылуы керек, екіншіден Қазақстан аза­маты жазу керек, үшіншіден қазақ тілінде жа­зылу керек, төртіншіден Ұлттық уни­вер­ситеттің ғылыми кеңесінде қорғалып, бе­сіншіден ұлттық сипаты бар белгілі бас­падан кітап болып жарыққа шығару керек де­ген принциптерді орындады. Кезінде тарихшылар Қазақ хандығының құрылған мер­зіміне қатысты түрлі болжамдар жа­са­ғаны тарихтан белгілі. Сондықтан ға­лым ағамыз зерттеушілер келтірген бол­жамдардың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, оларды «неге ғылыми орта қабылдамады?» деген сұраққа жауап іздеді, зерттеді және тал­дау жасады. Алайда осы деректердің бәрі­нің нүктесін қойып, өзінің нұсқасын дәлел­деген ағамыздың ұстазы Клавдия Пищулина болатын. Ол барлық болжам­дар­ды зерттей келе М.Х.Дулати жазып қал­дыр­ған деректерді негіз етіп алды. Ал М.Х.Дулати «қазақ сұлтандарының билік ете бастауы Һижраның 870 жылдары басталады» деп жазады. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша 1465–1466 жылдарға сәйкес келеді. Міне, «ұс­тазы мықтының, ұстамы мықты» деген­дей, ғалым ағамыз ұстазының пікірі және көптеген ізденістің нәтижесінде жинаған де­ректері бойынша дәлелдеп шықты. Елба­сы, Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев осы дерекке сүйене отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы шешімге келді.

Берекет Бақытжанұлы 1998 жылы «Еге­мен Қазақстан» газетінің тапсырысымен Қа­зақ тарихындағы Керей хан, Жәнібек хан, Бұ­рындық хан, Қасым хан және т.б.жеке та­рихи тұлғаларға байланысты сериялы жа­рияланымдар жариялады. Сөйтіп, 1998 жыл­дың аяғында «Егемен Қазақстан» газе­тінің тарихшылар арасында тұңғыш лау­реа­ты атанды. 2015 жылы «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» алтын ме­далімен және «2015 жылғы ЖОО үздік оқы­тушысы» медалімен марапатталды. 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен бірге «Жалаңтөс батыр», «Бұхарбай батыр» және тағы басқа он шақты медал­дары­ның иегері. Б.Б.Кәрібаев 2015 жылы Қа­зақ хандығының 550 жылдығының мере­кесін дайындау және өткізу жөнінде құрыл­ған үкіметаралық комиссияның құ­ра­мында жұ­мыс істеді. 2017–2019 әл-Фа­раби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы «та­рих», «ар­хео­логия және этнология» және «түр­коло­гия» ма­мандықтары бойынша философия док­торы (PhD) ғылыми дәрежесін беретін ғы­лыми кеңестің төрағасы, ал 2018–2020 жыл­дары Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі бо­лып істеді. Б.Кәрібаев 50-ге жуық халық­аралық және республикалық ғылыми кон­ференцияларға қатысып, онда XIII–XVIII ға­сырдағы Қазақстан тарихының этника­лық, саяси, мемлекеттілік тарихы мәселе­лері, қазақ тарихындағы тұлғалар тарихы жө­нін­де баяндамалар жасады.

Ғалым ағамыз тек Қазақ хандығының құ­рылу тарихын зерттеумен шектеліп қал­ған жоқ, оның зерттеу диапазоны ауқымды. Ол ХІІІ ғасырдан – ХVIII ғасырлар аралығын қамтитын, зерттеуді қажет ететін өзекті мә­селелермен айналысуда, атап айтсақ Ал­тын Орда дәуіріндегі саяси, этникалық, жеке тұлғалар тарихы, XIV–XV ғғ. Қазақстан ау­мағындағы мемлекеттік құрылымдар тари­хы, Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі тарихы, XV–XVIII ғғ. қазақ тари­хының мәселелері, Қазақ этногенезі мен «қазақ» этнонимінің мәселелері, Қазақ тари­хындағы тұлғалар та­ри­хы, Қазақстан аума­ғындағы мем­ле­кеттілік тарихы. Берекет Бақытжанұлының зерттеуінен туындаған еңбектің көлемі мол, мазмұны терең әрі өзекті. Оның зерттеулері нәтижесінде дү­ниеге келген ғылыми мұрасы саналатын ең­бектері қазақ тарихындағы құнды еңбек­тер.

Елуді еңсерген ел ағасы 2020 жылдың та­мыз айында Ұлттық Ғылым Академия­сы­ның академигі атанды.

 

Гүлнәр Қозғанбаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар