231
“Қайтарымсыз несие алып беремін”: Түркістандық полицейлер алаяқтың әрекетін әшкереледі
“Қайтарымсыз несие алып беремін”: Түркістандық полицейлер алаяқтың әрекетін әшкереледі
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қайтарымсыз несие шығарып беремін деп, алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, отбасымен алаяқтың құрбаны болғандарын айтып шағымданған. Жәбірленушінің айтуынша, оған танысы ағымдағы жылдың шілде айында кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз 500 мың теңге ақша шығарып беремін деп сеніміне кірген. Содан жәбірленуші өзі мен туыстарынан 200 мың теңге жинап берген. Ал, танысы болса ақша алғаннан кейін жасырынып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған.
Аталған жайт Жетісай АПБ-не ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркелді. Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басын анықтап, оны АПБ-ға жеткізді. Ол жұмыссыз, бұрын тонау, алаяқтық бойынша сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған жігіттің жоғарыдағы жәбірленуші отбасы мүшелерінен бөлек, тағы да бір әйелді алдап, одан 50 000 алғанын анықтады. Алаяқ жігіт алдау жолымен алған ақшаларды өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін толығымен мойындады.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшылары алаяқ азаматтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.