483
Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?
Мемсыйлықтың міні неге көрінгіш?
Екі жыл сайын қазақ қоғамы бір дүрлігіп басылады. Әрбір дүмпуді тудыратын бір күш бар десек, мемсыйлыққа қатысты әңгімені қоздатып отырған сол баяғы Мемлекеттік сыйлық берудегі әділетсіздіктің әсері секілді көрінеді. Бір қызығы, ол мәселеде додаға түскен үміткерлерден гөрі, сыйлыққа қатысы жоқ жұрттың даусы қаттырақ шығып жатады...
Өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиет пен өнер саласында Абай атындағы республикалық сыйлық белгіленіп, ол негізінен, сол саладағы көркемдік деңгейі жоғары шығармалар жазған қаламгерлерге беріліп келгені мәлім. Әрине, олардың арасында социалистік реализм әдісімен жазылған шығармалардың айдарынан жел есіп, марапаттың көбі соларға бұйырды, дегенмен, ол құрметке ие болған қаламгерлердің дені әдеби ортада да, халық арасында да мойындалған ақын-жазушылар еді. Ал тәуелсіздік кезеңінде қаламгерлерге Мемлекеттік сыйлық берілген сайын кезекті лауреаттарға көңіл толмаушылық ашық көрініп, «лайықсыз адамдар алды» деген әңгіме айтылмай қалған кезі аз...
Мемлекеттік сыйлық беру – қалайда бір елдің әдебиеті мен өнерінің, ғылымы мен техникасының жетістіктерін танып, оны жасағандарға лайықты сый-сияпат көрсетіп, мадақтап отыру үшін жасалған шара. Оның негізін салған КСРО дегенімізбен, соншалықты жаман үрдіс деуге келмейді. Бұрын ондай марапат мемлекеттің саясатын насихаттап, сол жолда тер төккендерді үлгі ету мақсатында берілсе, бүгінгі тәуелсіз елімізде мемсыйлық иелері өз шығармаларымен ел саясатын мадақтауы шарт емес, тек көркемдік тұрғыдан озық, жаңашыл, толымды туындылар жасауы керек деген талап бар.
Қазақстанда 2008-2018 жылдар аралығында әдебиет пен өнер саласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілсе, 2020 жылдан бастап ол сыйлық − «Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы» ретінде иелеріне жетпек. Ал әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық 2015 жылдан бастап беріліп келеді.
Абай атындағы мемсыйлықтың додасына кімдер түседі?
Өткен аптада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен онлайн форматта 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Отырыста әдебиет, кино, театр, музыка, сәулет және бейнелеу өнері салалары бойынша аталған еліміздің жоғары дәрежелі сыйлығына ұсынылған 39 автордың жұмысы қаралды. Соның 24-і ақын-жазушылардың туындылары. Анықтап айтсақ, мына қаламгерлердің шығармалары мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген:
- Асқар Алтай, «Туажат» роман және хикаят;
- Баянғали Әлімжанов, «Сказ столетнего Степняка» романы;
- Бибігүл Имангазина, «Тауқымет» романы;
- Байбота Қошым-Ноғай, «Достық жоралғы» балаларға арналған аударма өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ертегілер жинағы;
- Бақытжан Қанапиянов, «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») өлеңдер жинағы;
- Ғарифолла Есім, «Ғұлама-наме» трилогиясы;
- Жолтай Әлмашұлы, «Ащы да тәтті өмір» романдар жинағы;
- Жүрсін Ерман, «Ұларың қайда, Ұлытау?» өлеңдер жинағы;
- Исраил Сапарбай, «Ойтұмар» афоризмдер жинағы;
- Қуаныш Жиенбай, «Жер үстінде де жұмақ бар» роман, әңгімелер жинағы;
- Қайыржан Төрежанов, «Сыртқы барлау» тарихи әдебиет;
- Қазыбек Иса, «Сырымды айттым далаға» жыр жинағы;
- Марал Ысқақбай, «Тұлғалар туралы толғаныс» сыни мақалалар, әдеби толғамдар.
- Мырзатай Жолдасбеков, «Ұлы Дала әдебиеті» жинағы;
- Несіпбек Дәутайұлы, «Кісі иесі» повестер мен әңгімелер жинағы;
- Оразалы Сәбден, «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» ой-толғамдар жинағы;
- Роза Мұқанова, «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы;
- Софы Сматаев, «Өлеңім-өзегім, Мәңгі жырым – өз елім» өлеңдер жинағы;
- Серік Ақсұңқар, «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы;
- Сауытбек Абдрахманов, «Абыз Әбіш» толғаныстар;
- Тынымбай Нұрмағанбетұлы, «Періштелердің өлімі» роман, әңгімелер жинағы;
- Уәлихан Қалижан, «Қасиет пен қасірет» деректі тарихи романы;
- Ханбибі Есенқарақызы, «Мен-дағы табиғаттың бөпесімін» өлеңдер жинағы;
- Шөмішбай Сариев, «Сәлем, саған туған ел» өлеңдер жинағы;
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ