Ресей режиссері: Маңызды міндет – Рақымжан Қошқарбаевтың соғыстан кейінгі өмірін көрсету

Режиссер Константин Харалампидис кеңес әскерінің офицері, Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың және қатардағы барлаушы Григорий Булатовтың ерлігінің ауқымын көрсетуге ниет білдіріп отыр.

Өндіріске дайындық үстіндегі «Батыры Великой Отечественной: Рахимжан Кошкарбаев, Григорий Булатов» деректі жобасы 1945 жылы 30 сәуірде берлиндік Рейхстаг қабырғасында орын алған оқиғаны бүге-шүгесіне дейін қалпына келтіріп қана қоймайды. Бұл кино – заманауи ұрпақты батыл жауынгерлерімізге лайықты сый-құрмет көрсетуге және Рақымжан Қошқарбаевқа РФ батыры, ал Григорий Булатовқа Халық қаһарманы атағын беруге үндейтін жоба. Картинаның жоғары міндетін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңес және Ведомствоаралық комиссия бағалады, олардың шешімімен «2-М» киностудиясының жобасы мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

– Константин Леонидович, Рақымжан Қошқарбаев және Григорий Булатов жайында аз айтылған емес. Олардың Ұлы Отан соғысындағы ерлігіне куәгер мұрағат құжаттары бар, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагты қалай шабуылдағаны жайлы да көп жазылды. Бұл картина арқылы қандай тың дүние ұсынасыз?

– Егер суретші әлдебір жаңашылдықпен таңғалдыруды ғана ойлайтын болса, мұнысы тығырыққа апарады. Біздегі мақсат бұл емес. Менің режиссер ретіндегі жеке уәжім – шынайы адамзат тарихына жақсы қызмет ететін жоба жасау. Жалауымыз Рейхстаг үстіне тіккен бұл екі адамға – Қошқарбаев пен Булатовқа қайтыс болғаннан кейін сәйкесінше Ресей Федерациясының батыры және Халық қаһарманы атақтары берілуі тиіс еді, өйткені Ресей Кеңес Одағының мұрагері. Бұл оқиға оларға қатысты әділдік орнату жайында болмақ.

Ұлы Отан соғысы тақырыбына бүгінгі ұрпақ өте формальды түрде қарайды. «Мұндай оқиға болған, бірақ ол өткеннің еншісінде» деген түсінік қалыптасқан. Осы оқиғаны да әлі күнге дейін түрлі ұранмен, акциялармен айшықтайтын адамдар бар. Ал біз киноның көрермен жүрегіне жол тапқанын қалаймыз, батырлардың қан төгіп, өмірін қиып, ерлік жасағанын және соның арқасында болашақ ұрпақ өмірін сақтап қалғанын көрермен сезінуі керек.

– Бұл жобаға Рақымжан Қошқарбаевтың жақындарынан кімдер қатысады?

– Рақымжан Қошқарбаевтың немересі Дәурен осы жұмыста менімен бірге бүкіл зерттеу жолынан өткенін қалар едім. Әрине, Дәурен атасының батыр болғанын, Рақымжан Қошқарбаевпен байланысты оқиғаларды ішінара біледі. Оған анасы, атасының достары көп мәлімет берген, біз де ол кісілерден сұхбаттасатынымыз сөзсіз. Бірақ, кадрда Дәурен жәй ғана «иә, менің атам батыр болған» деп әңгімелеп қана қоймай, барлығы қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап берсе дейміз. Бұл – жас ұрпақ үшін маңызды.

Дәурен – жақсы жігіт, батыр атасының атын жамылмайды, жобаға зерттеу тұрғысынан қарайды. Оның «Мен өз туымды әлі тіккен жоқпын» дегені бар, таң қалдым.

Тағы бір маңызды міндет – Қошқарбаевтың соғыстан кейінгі өмірін көрсету. Өзінің батырлық ерлігін мойындау Қошқарбаевтың өзіне қажет болды ма? Жобаға кірісер алдында айтарлықтай зерттеу жұмысын жүргіздім, батырдың мінез-құлқына қарағанда көзі тірі кезінде оған ескерткіш қажет болмағанына сенімдімін және бұл кез келген батырды ерекшелейтін негізгі қасиет.

– Бұл фильмде көрерменге алғаш рет ұсынылатын тың мұрағат деректері бола ма?

– Біз Мәскеуде сақталған туды түсіреміз, мұражай қызметкерімен сұхбаттасуды жоспарлап отырмыз. Бұл оқиғаны деректі түрде қалпына келтіруге тырысамыз. Рейхстаг маңында не болғаны жайлы нұсқалар да, ту тігушілердің саны да өте көп екенін білесіздер. Бірақ, барлық жерде Қошқарбаевтың есімі аталады. Біздің мақсатымыз құжаттар, көзі тірі куәгерлермен сұхбаттасу арқылы осы оқиғаны барынша қалпына келтіру.

– Бұл картина арқылы батырларға атақ алып беруді көздеп отырғаныңызды айттыңыз. Бұған қалай қол жеткізесіз?

– Біріншіден, бұл картинадағы Василий Семенович Лановойдың рөлі туралы айтайын. Ол тамаша актер және Ресейдің халық артисі ғана емес, ол «Ресейдің мәңгілік полкын» басқаратын адам. Қошқарбаевпен, Булатовпен кім болғанын білетін адам. Ол бұл жобаға қатысатын, осы өтінішімізді құзыретті адамдарға жеткізуге көмектесетін негізгі адамдардың бірі.

Бұдан өзге, қай кабинетке кіру керегін жіті білу керек, бұл сұрақтардың барлығын картина барысында қоятын боламыз, қоңырау шаламыз, барлық әңгімелерді жазып аламыз. Пандемияны есепке алғанда, фильм өндірісінің белгіленген мерзімі жылжуы мүмкін. Оның үстіне, біз тек Қазақстанмен шектеле алмаймыз, Мәскеуде де, Германияда да түсіруіміз қажет. Әзірге тек ниет жайлы айта аламын.

– Рақмет!

Back to top button