Зиялы қауым праймеризге байланысты онлайн-конференция өткізді

Зиялы қауым праймеризге байланысты онлайн-конференция өткізді

Зиялы қауым праймеризге байланысты онлайн-конференция өткізді
ашық дереккөзі

19 тамызда «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев ақын-жазушылармен және өнер майталмандарымен праймеризге байланысты арнайы онлайн-конференция өткізді.

Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Онлайн-кездесуге танымал ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Е. Жүрсін, ҚР жазушылар Одағының төрағасы Ұ. Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қ.Сәрсенбай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Д.Қожамжарова, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Сарыбеков, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры Б.Жәутіков, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы М.Төлепберген, Ақын-айтыскерлер С.Дүйсенғазы, А.Жұмағұлов, М.Ниязов, Б.Шойбеков қатысты.

Модератор Дархан Қыдырәлі «Nur Otan» партиясы көптеген игі істерді атқарып жатқанын, соның бірі осы праймериз екенін тілге тиек етті.

«Халыққа қызмет етем деген азаматтарға мүмкіндік сыйлайтын, мінбер беретін праймериз  басталып кетті. Қызығушылық танытып, құжат тапсырып жатқандар қатары өте көп. Олар жастар да, көпбалалы аналар да, сонымен қатар, елімізге белгілі қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдері. Алдағы дода ең үздіктерді айқындап, болашақта Парламент мінберінде халықтың сөзін сөйлейтін халық қалаулыларын іріктеріне кәміл сенеміз», – деді Дархан Қыдырәлі.

Конференция барысында ел ағалары мен ақын, айтыскерлер партияның праймеризіне қолдау білдіретіндерін және праймеризге кандидат ретінде қатысуға дайын екендіктерін білдірді.

ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет праймеризді ел болып бірлесе ұйымдастырудың артықшылығы көп екенін сөзіне арқау етті. «Партияішілік праймериз арқылы Парламентке депутаттар сайлау, іріктеу Қазақстанда бірінші рет болып жатыр. Сол себепті додаға бәріміз атсалысқанымыз жөн. Әсіресе, депутаттар халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болуы керек деп ойлаймын. Ертеректегі ханның қасында жүретін 40 уәзір осы заманда депутаттар ғой. Халықтың қалаулыларына үлкен үміт пен сенім артамыз. Соны ақтай білсе қуанамыз. Бұл бір жақсы әрі оңды бастама болды. Біз тек қана сәттілік тілейміз», – деді Ұлықбек Есдәулетұлы.

Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман праймеризге озық ойлы, қоғамдағы жағдайларға көзқарасы қалыптасқан, байыпты, азаматтық позициясы берік, елдің тағдырына жаны ашитын азаматтарды іріктеу керек екенін және праймеризді қолдайтынын тілге тиек етті.

«Халықтың үнін жеткізіп жүрген алты-жеті ақынымыз праймеризге қатысуға бел буып отыр. Бұлардың барлығының артында жүздеген, мыңдаған жанашырлары бар, тілектестері бар. Олардың қай-қайсысы болсын, өз ойын ашық айтатын азаматтар. Біздің жігіттер билікке бара қалса, олардың ұстанатын ең басты ұстанымдары ұлттың мүддесі. Тілдің тағдыры, жердің тағдыры, ұлттық дәстүр-салтымызға басымдық беру олардың бойына сіңірген асыл қасиеті. Айтыскерлер де билікте болған аға-әпкелерінің орнын басып, халықтың сөзін сөйлеуге ниетті», – дейді Жүрсін Ерман.

Праймеризге қатысатынын айтқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов доданың  мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Праймериздің басталғанына 2-3 күн болғанның өзінде әлеуметтік желіге қарасақ, бұрын партияға кірмеген адамдардың өзі де өтініш беріп жатқанын байқауға болады. Бұл саяси өмірге белсенді араласайық деген ниеттен туған болса керек. Додада мен де бағымды сынап көруге бел будым. Кез келген сәтте сырттан бақылаушы болу оңай, сын айту мен ақыл айту да оңай. Осыны ескеріп праймеризге қатысуға құжаттарымды тапсырдым. Сайлау кезінде ұлттық құндылықтарды көтеру, қайта қарау қажет ететіні көрініп тұр. Бәріңізді осы науқанға белсенді түрде қатысуға шақырамын», – деді ол.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова да праймеризге қатысатынын атап өтті.

«Мен де белімді бекем буып, жастардың арасынан сайлауға түсіп, солар қолдайды-ау деген үмітпен праймеризге қатысудамын. Уақыттың өзі бізді осындай демократиялық қадамдарға алып келіп отыр. Еліміз үшін, халқымыз үшін бұл доданың саяси бағыты орасан зор. «Білімдінің қолында алтын шырақ» демекші, біліммен сусындап жатқан жастардың арасында да науқанға қатысқысы келетіні мені қуантады. Елдің, халықтың өркендеуіне өз үлесімізді қосуға дайынбыз», – деп түйіндеді сөзін.

Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарбеков осы уақытқа дейін сайлау науқандары кезінде байқаған жайттармен бөлісіп, оны шешудің жолдарын ұсынды.

«Ең бірінші, халықтың көкейінде жүрген проблемаларды дұрыс түсіну, соның шешу жолдарын оларға халық түсінетіндей тілде жеткізу. Праймериз болсын, басқа сайлау болсын, халық сайлаудан кейін айтқан уәделерінің бәрі ұмытылады деп ойлайды. Осы күмәнді жоққа шығара білу керек. Бұдан басқа тағы бір қауіп бар: халық көбіне өзінің мәселелерін айтқанда екі жаққа кетіп қалады. Бірінші жақта – ұсақ-түйек проблемалар, екінші жақта – саясат. Партия осы қауіпті ескере білуі керек. Праймериз тек қана сайлауға түсу емес, партияның халықтың алдындағы имиджін, деңгейін жақсарту әрі халықтың партияға деген сенімін арттыру», деді Махаметғали Сарыбеков.

Сондай-ақ онлайн кездесуде Алматы ақшамы газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай праймериздің әлемдік деңгейде мойындалған тәсіл екенін айтып, көпшілікті аталған науқанға белсенді түрде қатысуға шақырса, журналист, жазушы Мейрамбек Төлепберген облыстағы, аудандағы тұрғындардың партияішілік сайлаудан қалыс қалмауын тілеп, көпбалалы аналардың да праймеризге қатысқанын жақсылыққа балады.

Онлайн кездесуде айтыскер ақындар Серікзат Дүйсенғазы, Айтбай Жұмағұлов, Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов праймеризге қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев праймеризге қатысудың талаптары мен ол талапқа қазір сай келмей отырған, бірақ, қатысуға ниеті зор азаматтар үшін маңызды мәселелерді де атады.

«Жалпы, партиның праймеризін өткізу үшін шетелдік тәжірибенің озығын алдық, қисықтау жерлері болса, Қазақстанның жағдайына ыңғайлап, түзедік. Барлық тәжірибелерді електен өткізгеннен кейін алдарыңызға осы праймериздің жобасы мен жоспары ұсынылды. Ең маңыздысы, праймеризге кез келген адам қатыса алады. Басты талап – партияның мүшесі болу. Бірақ, бұған дейін партия мүшесі болмаған болса, тіпті, кейбір жерде партияға қатысты сын айтса да, ондай адамдардың да қатысуына мүмкіндік жасап отырмыз», деді партия хатшысы.

Конференцияны қорытындылау барысында Арман Қырықбаев праймеризге қатысуға ниет еткен аймақтардағы азаматтар әкімдер мен бюрократиядан қорықпасын дейді.

«Егер жергілікті билік тарапынан бюрократияға тап болса, партияның кез клеген деңгейіндегі филиалдарына хабарлаңыздар. Көп адамнан жергілікті әкімдер праймеризге «өз адамдарын» өткізеді деп естіп жүрмін. Бірақ, бізге осындай журналистер мен атақты ақындар қауымының бақылаушы, жалпы, өздері де праймеризге қатысуы жергілікті билікті праймеризге кедергі жасаудан бұрын, мың рет ойланады деген ойдамын. Сондықтан, праймеризге қатысып, додадан жеңіп, өзі қатыспаса да, өзгелердің қатысуына ықпал етіп, қатысқан адам халық арасындағы проблемаларды көтеріп, шешсе, реформа деген осы», - деген ол проблеманы революциялық емес, эволюциялық реформа арқылы шешу керек екенін атап айтты.

Естеріңізге сала кетейік, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамызда басталды және ол 28 тамызға дейін жалғасады. Үгіт-насихатқа дайындалу үшін кандидаттарға 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн бөлінеді.

7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында көпшілікке жария дебаттар өтеді. Дебаттар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы партияның ресми аккаунттарында көрсетіледі.